Дипломатияның мәні – қоршаған әлеммен үйлесімді өмір сүру

/uploads/thumbnail/20170708201713495_small.jpg

Ерлан ЫДЫРЫСОВ:
Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет күні – Мемлекет басшысының 2009 жылғы Жарлығымен белгіленген, 2 шілде күні атап өтілетін кәсіби мереке. 1992 жыл дәл осы күні «Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі туралы», «ҚР Елшілігі туралы» және «ҚР Төтенше және өкілетті елшісінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» ережелерді Президент бекітті.  Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен кездесіп едік.
– Ерлан Әбілфайызұлы, 2 маусымның сіз үшін қандай маңызы бар? Бұл күнді қандай көңіл күймен қарсы аласыз?
– Бұл күні біз бұрыннан келе жатқан дәстүр бойынша өткен кезеңге қоры­тынды жасаймыз, Отанымыздың игілігі үшін алдымызға жоғары, қарышты жаңа міндеттер қоямыз. Бұл күндердегі сана­мызға ұялаған маңызды ойлар – Пре­зидент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың таңдаған және нық жүргізіп отырған көпвекторлық сыртқы саясат бағытына деген стратегиялық беріктік шығар. Соңғы жылдардағы әлемдік саясаттағы әртүрлі жағдайлар біздің ел үшін осындай бағыттың дұрыс екендігін дәлелдеп отыр, сондай-ақ көпвекторлық принциптер 2020 жылға дейінгі ҚР сыртқы саясат концепциясының негіз болуы бекер емес. Сондай-ақ олардың күшейтілуі ұлттық мүддені нық сақтай отырып және өзара тиімді негізде тек қана прагматикалық сыртқы саясатты жүргізу үшін қажет болғаны да кездейсоқ емес. 
Концепция – бұл, біздің принцип­теріміз бен басымдылығымызды нақты анықтайтын және қазақстандық дип­ломатияны «Қазақстан – 2050»  стра­тегиясын жүзеге асыру және біздің еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін қолайлы сыртқы жағдайлар жасауға бағыттайтын маңызды құжат. Қазіргі кезде мемлекеттік сая­саттың маңызды бағыты бес инсти­туттық реформаны және «100 нақты қадам» – Ұлт жос­парын жүзеге асыру болып табылады. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Рес­публикасы Премьер-министрінің төраға­лығымен модерни­зациялау жөнін­дегі комиссия құрылды. Біздің министр­ліктің негізгі міндеті – елімізді модер­низациялау үшін қажетті шетелдік тә­жірибені зерттеу, оны сараптау және тиісті органдарға жеткізу. 
Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, қазіргі кезде әлемдегі жағдай шиеленісті, әлемдік нарықтағы энерго­ресурстар мен металл бағасының құлауы экономикалық тәуекелді күрт өсірді, барлық мемлекеттер дерлік геосаясат пен экономикалық қиындықтарды бастан кешіп отыр. Қазақстанның оған жауабы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат болды. 
Осыған байланысты біз өзіміздің басты міндеттерімізді мемлекетіміздің алдында тұрған стратегиялық бағдарлама мен мақсаттарды жүзеге асыру үшін барынша қолайлы жағдай жасауды қамтамасыз ету деп түсінеміз. 
– Артқа бұрылып қарасақ, бір жылдың ішінде сыртқы саясатта не өзгерді? 
– Маңызды ештеңені қалдырмауға тырысып, ірі белгілерді атап өтейін, солардың бірі біздің сыртқы саясаттың мақсаттарының бірі өңірлік және ха­лықаралық сауда-экономикалық қаты­настар жүйесін әрі қарай интеграциялау болып табылады. Осыған байланысты мынадан бастайын, осы жақын арада Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымына (ДСҰ) кіру жөнінде келіссөз жүрді. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл шын мәнінде, тарихи оқиға. 2015 жылдың аяғына дейін кіреміз деп жос­парлағанбыз. Біздің елдің ДСҰ мүше болуы, ал бүгінде біздің сауданың 90% ДСҰ мүше-мемлекеттерге тиесілі, біздің экономиканың дамуы үшін жаңа мүм­кіндіктер ашады, оған жаңа тыныс береді. Сонымен қатар, әрине, бұл біздің кәсіп­керлерді бұрынғыдан да күшті бәсе­келестік ортаға бейімделуге ыңғайлайтын болады. 
Әрі қарай еуроатлантикалық және азиялық даму ареалын ұштастыратын ашық жоба болып табылатын Еуразиялық экономикалық одақ қаңтардың басынан күшіне енді. ЕАЭО-мен ынтымақтасуға мүдделі екендігін 40-қа жуық мемлекет білдіріп отыр, Вьетнам ЕАЭО-мен еркін сауда жасау жөніндегі келісімге қол қой­ды, ал Үндістан келіссөздерді енді бас­тады. 
Тағы бір атқарылған іс Еуропалық Одақпен өзара тиімді 29 саланы қам­титын ынтымақтастық және серіктестік туралы келісім жасалды. Осы жылдың аяғына дейін бұл келісімге де қол қойы­лады деп күтіп отырмыз, біз оны жүзеге асыруға кірісеміз. Бұл Қазақстан үшін және біздің өңір үшін теңдесі жоқ келісім, ол біздің Еуропамен қатынастарымызды мүлде басқа, сапалы деңгейге шығарады. Сондай-ақ 2014 жылы Қазақстан құра­мына Азия мен Еуропаның 53 мемлекеті кіретін «Азия – Еуропа» форумына (АСЕМ) кірді. Ішкі саяси жағдайдың тұ­рақтылығы, географиялық ыңғайлы орналасуы, сондай-ақ экономикалық тиімді өсімнің арқасында Қазақстанды АСЕМ мүше-мемлекеттері Еуропа мен Азия арасындағы «көпір», екі араны байланыстыратын бөліктегі маңызды серіктес ретінде қабылдайды. 
Каспий теңізінің құқықтық статусын анықтау мәселесі қол жеткізген салмақты прогрес болды. Каспийде жалпымен қабылданған принциптерге және ха­лықаралық құқық нормаларына негіз­делген, жағалауда орналасқан мемлекет­тер арасында тұрақты және достық қатынастар орнайтынына, саяси және экономикалық тұрақтылықты қамта­масыз ететініне сенімдіміз. Өткен жыл­дың қыркүйек айында өткен Астрахань саммитінде біз айтып өткен жайттарды іс жүзінде жүзеге асыруға алғашқы қадамдар жасалды және 2016 жылы кезекті саммит Астанада өтеді деп үміттенеміз. 
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы 14 желтоқсанда «Дамуға ресми көмек туралы» ҚР заңына қол қойды. Ол Қазақстанның рөлін өңірдегі көшбасшы екенін және біздің мемлекеттің көмек алатын емес донор ел екенін анықтап берді. 
– Сіз Қазақстанның өңірлік бірлес­тік­терге және форумдарға белсенді қатысқаны туралы талай айттыңыз. Солардың қайсы­сына қазір көңіл бөлінуде?
– Олар көп, ЕАЭО туралы мен жаңа айттым. Одан басқа, ерекше айтатын ең алғашқы және табысты болған ха­лықаралық шақырылым Азиядағы сенімділік өлшемдері және бірлесіп әрекет ету жөніндегі жиын. Бүгінде 
Н.Назарбаевтың бұл бастамасы 26 мемлекетті біріктірген көпқырлы дип­ломатияның тиімді форумына айналды және азиялық құрлықта қауіпсіздікті қамтамасыз ететін маңызды фактор болды. 
Қазақстанның сыртқы саясатта ал­дыңғы кезектегі назар аударып отырғаны Шанхай ынтымақтастық ұйымы шең­беріндегі бірлескен әрекеттер болып табылады. ШЫҰ өңірлік масштабта және бүкіл әлемде бедел жинап, қарқынды дамып келе жатқан ұйымдардың біріне айналды. Қазақстан саяси, эконо­микалық, мәдени-гуманитарлық ынты­мақтасудың негізгі мәселелеріне, сондай-ақ ШЫҰ кеңістігіндегі жан-жақты қауіпсіздік пен тұрақтылыққа басты назар аударады. Таяу арада Уфа қаласында өтетін ШЫҰ саммитінде ұйымды кеңейту процесінің басталуы туралы маңызды шешімді қабылдайды, мұның өзі оның беделінің өскенін және өңірде және әлемдегі қажеттілігін көрсетеді. 
Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымы (ҰҚКҰ) шеңберіндегі бірлескен әре­кеттерге де үлкен көңіл бөлінеді. Алдағы уақытта ҰҚКҰ әрі қарай дамуы қыркүйек айында Душанбедегі саммитте қаралады. Қазақстанның ислам әлемімен ынты­мақтастығы табысты дамуда. Астанадағы ИЫҰ Сыртқы істер министрлер кеңесіне 2011 жылы Қазақстанның төрағалық ету аясында Қазақстан Президенті азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйы­мын құру туралы бастаманы көтерді. Қазіргі кезде ұйымның жарғысына ИЫҰ 23 мемлекеті кірді. 
Қазақстан түркі әлемі шеңберінде интеграцияға белсенді қатысады. Ас­танада қыркүйектің 6-сы күні Түркітілдес халықтардың ынтымақтастығы кеңесінің 5-саммиті өтеді. Осы жылдың желтоқ­санында Астанада Түркітілдес халық­тардың парламенттік ассамблеясы бо­лады. 2014 жылдан бастап Астанада біздің Мемлекет басшысының бастама­сымен құрылған, түркология саласында ха­лықаралық деңгейде кешенді зерт­тейтін бірегей орталық болып табылатын Ха­лықаралық түркі академиясы жұмыс істейді. 
– Биылғы жылы БҰҰ-ның құрылғаны­на 70 жыл толады. Қазақстанның бұл ұйым­­мен ынтымақтастығы жайлы айтып бер­сеңіз. Сіздердің министрліктеріңіз бұл оқиғаны атап өтетін болар?
– Биыл халықаралық қоғамдастық қазіргі әлемді қалыптастыруда қомақты үлес қосқан Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдығын атап өтеді. СІМ Қазақ­стан­ның БҰҰ-дағы өкілдігімен бірлесіп осы мерекені атап өту шараларының жоспа­рын жасады. Оған ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстелдер, акциялар, турнирлер, көрмелер сияқты әртүрлі шаралар кіреді. Жалпы алғанда, Қазақстан БҰҰ-ға кіргеннен бастап оның бүкіл басты шараларына белсенді қа­тысып келеді және оның аясында осын­да ірі халықаралық форумды қабылдады. Қазақстанның БҰҰ-дағы ұстанымы БҰҰ қарайтын барлық кешенді мәселелер бойынша біздің мүдделерімізге негізделіп қалыптасқан. Ядролық қаруды таратпау, қарусыздандыру саласында, терроризм­мен, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес, тағы басқа салаларда біздің елі­міздің қосқан үлесі көп. 
Соңғы жылдарды Қазақстан мен БҰҰ арасындағы барлық сала бойынша бай­ланыстардың барынша жиілегені бай­қалады. Қазақстан өзінің кандидатурасын 2017 – 2018 жылдар аралығында БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесіне тұрақты емес мүше етіп ұсынуында негіз бар. «Бірге жа­һандық қауіпсіздік үшін» деген баста­мамыздың ұраны біздің әлемге көз­қарасымызды көрсетеді. 
– БҰҰ ҚК мүше болған кезеңде, егер сайлана қалса, Қазақстан қандай мақсатты алдына қойып отыр?
– БҰҰ ҚК мүше болған кезеңдегі біз­дің мақсатымыз – бүкіл әлемдегі өзекті, негізгі төрт проблемаға назар аударту: ядролық, азық-түлік, энергетикалық және ауызсу қауіпсіздігі. Қазақстан әлем­дегі ең ірі ядролық қару арсеналдарының бірінен өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде, көптеген трансшекаралық өзендері бар, азық-түлік және энергияны экспорт­таушы ел ретінде мұндай бас­тамаға толықтай құқы бар. Қазақстан ұзақ жылдар бойы өзінің көпқырлылық пен бейбітшілікті нығайтуға риясыз, тиімді және шынайы беріліп ұмтыла­тынын көрсетіп келді. 
Қазақстанның бірқатар аймақтық және ғаламдық процестерге деген терең көзқарасы сан түрлі ақпараттарды игеруге және Біріккен Ұлттар Ұйымының ҚК алдында тұрған халықаралық қауіпсіздік проблемаларын алуан түрлі жолдармен шешуге ғаламат мүмкіндік береді. 
 Біздің сенімді нығайту мен ме­диациядағы белсенді көзқарасымызды ескере отырып, оның ішінде, мысалы, Украинадағы жанжалды реттеу мәселе­сінде Қазақстан өзінің шынайы белсен­ділігімен, барлық халықаралық оқи­ғаларға салмақты көзқарасымен және бейтараптылығымен танымал таза әрі шынайы брокер қызметін атқаруда. 
Қазақстанның халықаралық істерге белсенділікпен әрі тиімді қатысып келе жатқанын ескере отырып, біздің еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мәжілістеріне қатысуға құқық алатынына сенімдімін. Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік ісіне, адам құқығын нығайтуға, заңның үстемдігіне және сондай-ақ тұрақты дамуға өз үлесін қосып келе жатқан және БҰҰ мүше өзге де мемлекеттерге қолдау көрсетуде Қазақстан өзінің шынайы бел­сенділігі мен жауапкершілігін дәлелдей білді. 
– Сіз біздің шетелдік әріптестерімізбен екі жақты қарым-қатынастың басымдығы туралы не айтар едіңіз?
– Екі жақты қарым-қатынасқа келсек, Ресеймен, Қытаймен АҚШ-пен, Еуропа, Азия елдерімен, мұсылман әлемімен біздің тығыз әрі өзара тиімді әріптестікті дамыту бағытындағы сыртқы саяси ба­сымдықтарымыз өзгеріссіз қалады. 
Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және Орталық Азия елдерімен ты­ғыз әрі кең көлемді ынтымақтастықты дамытуға Қазақстан айрықша назар аударады.
Еуразиялық әріптестіктің ұтылыссыз платформасын қамтамасыз ету үшін аймақтағы елдердің, сондай-ақ негізгі сыртқы ойыншылардың мүдделері ойда­ғыдай көрініс тапқан шартты жасауымыз қажет. 
Біз Африка құрлығындағы елдермен, сондай-ақ Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі мемлекеттермен қарым-қатынасымыздың ауқымын кеңейтудеміз. 2013 жылғы қарашада Қазақстан Африка одағы жанындағы бақылаушы мәртебесін алды. Соңғы жылдары ОАР-да, Эфиопия мен Мексикада біздің елшіліктеріміз ашылды. 
– Қазақстанның сыртқы саясаты тұжырымдамасында Қазақстан Респуб­ликасының азаматтары мен заңды тұлға­ларының, олардың жеке басының, отбасы мен шетелдердегі іскерлік мүдделері құ­қық­тарын қорғау СІМ негізгі жұмысы бағытының бірі болып табылатындығы жазылған. Сіз осы жұмыстың кейбір қыр­ларымен бөліссеңіз?
– Бұл шындығында солай. Қазіргі уақытта дүниежүзінің 64 еліндегі Қазақ­станның 92 дипломатиялық және кон­сулдық мекемелері қазақстандықтарға қажетті көмек көрсетуде. 
Мұндай жағдайда қылмыстық құ­рылымдардың тарапынан жасалған заңға қайшы әрекеттердің құрбанына айналған, сондай-ақ шетелдерде форс-мажорлы жағдайда қалған адамдарға айрықша назар аударылады. 
Бірнеше мысал келтірейін.
Өзіңіз білесіз, Travelsystem туристік компаниясы қызметінің тоқтауына байланысты Түркияға демалуға барған қазақстандық туристер қонақүйден қуып шығарылды. Біздің Анталиядағы кон­сулдықтың қызметкерлері орын алған оқиғаны шешуге барынша көмектесіп, отандастарымызбен үнемі байланыс жасап тұрды. 
Қиыр Шығыста ішкі саяси оқиға­лар­дың шиеленісуі салдарынан Ресей ТЖМ арнайы ұшағымен Қазақстанның 11 азаматы Сириядан және 18 азаматымыз Иеменнен шығарылды. Сонымен қатар Непалда болған күшті жер сілкінісінен зардап шеккен Қазақстанның 25 азаматы елімізге аман-есен оралды. Мәскеуге келісімен оларға қазақстандық консулдар қажетті консулдық-құқықтық және іс-тәжірибелік көмек көрсетті. 
Бұған қоса Индонезия мен Бахрейн­нен алдап-арбау арқылы жұмысқа тартылған Қазақстанның жеті азаматы Отанға оралды.
Санитарлық авиацияның көмегімен (денсаулығының нашарлауына бай­ланысты) Қазақстанның бір азаматы Кореядан және екі азамат Таиландтан елге жеткізілді.
Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялы ауда­нындағы Зимунай елді мекені маңында болған жол-көлік апатынан зардап шеккен Қазақстанның 15 азаматы елге қайтарылды.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев таяуда Миланда 15 шілдеден бастап шетелдік инвесторлар үшін ви­засыз режимнің ұзартылғандығын жа­риялады. Осы мәселе туралы толығырақ айтып берсеңіз? 
– 2014 жылдың 15-шілдесінен 10 мем­лекеттің азаматтары үшін бір жыл мер­зімге визаны жою жөнінде өткен жылы қолға алынған алғашқы жоба бір жақты негізде оңды қолдау тапты. 
Осы бастамаға сәйкес жүргізілген талдау жаңа бастаманың еліміздің экономикасына оңды ықпал еткенін көрсетті. Шетел азаматтарының елімізге туристік және іскерлік сапарларының көлемі анағұрлым артты. Визасыз ре­жимді енгізу тізімге енген мемлекеттер­мен сауда-экономикалық және инвес­тиция­лық ынтымақтастықтың анағұрлым өсуіне ықпал етті. Қазіргі күні эконо­микалық және инвестициялық әлеуеті зор көптеген ел мұндай жобаға өздерін қосу туралы ұсыныс білдіріп отыр. 
Осыған байланысты ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 26 маусымдағы №483 қау­лы­сымен бұл жоба 2017 жылдың 31 жел­тоқсанына дейін созылды. Барлық аза­маттарға 15 күнге дейін елге визасыз кіруге болатын мемлекеттердің тізімі ұлғайды. 2015 жылдың 16 шілдесінен бастап Австралия, Белгия, Венгрия, Испания, Монако, Норвегия, Сингапур, Финляндия, Швейцария мен Швеция секілді 10 ел осы жобаға қосымша енгі­зілді. 
Ертеректе он елдің құрамына Ұлы­британия, Германия, Италия, Малайзия, Нидерланды, БАӘ, АҚШ, Франция, Оңтүстік Корея мен Жапония енген болатын, кейінірек Корея Республи­касымен визасыз режим туралы келісімге қол қойылды.
Біздің еліміздің мұндай қадамы шетел инвесторлары үшін ыңғайлы визасыз режим қалыптастыру және еліміздің инвестициялық ахуалын жақсарту жөніндегі кешенді шаралардың ажы­рағысыз бір тармағы болып табылады. 
Бұл жаһандану мен бәсекелестіктің қатаң талабы жағдайында жоғары ғылыми-техникалық сипаттағы мақсатқа жету үшін ұлттық экономикаға шетел капиталы мен біліктілігі жоғары шетелдік басқарушылар мен мамандарды тарту бағытындағы Үкімет жүргізіп отырған саясатқа толыққанды сәйкес келеді. 
Еліміздің туристік әлеуетін жүзеге асыруға, визасыз кеңістікті ұлғайту арқылы шетел инвестициясын тартуға және Қазақстан азаматтарының Еуропа елдерінде виза алуын жеңілдетуге ба­ғытталған тиімді виза саясатын қалып­тастыру Сыртқы істер министрлігінің өзекті міндеті болып табылатынын айрықша атап айтқым келеді.
ЕО ережелері мен өзіндік ерек­ше­ліктеріне сәйкес ұлттық заңдылықтарды жетілдіру жөніндегі қажетті шараларды жүзеге асыру үшін СІМ «ҚР мен ЕО арасындағы визалық режимді жеңілдету жөніндегі іс-шаралар жоспары» жобасын дайындады. 
Бұл жобада мемлекеттік органдардың төрт өзекті бағыт бойынша: құжаттардың қорғалуы (биометрияны қоса алғанда); заңсыз миграция, оны басқару және шекаралар (реадмиссияны қоса алғанда); қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік және құқықтық ынтымақтастық (азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау); азаматтардың сыртқы байланыстары мен негізгі құқығы (Қазақстанда шетелдіктердің еркін қозғалысы, аз сандылардың құқығы және т.б.) жүзеге асыру көзделген. 
Бұл құжаттың қабылдануы ЕО-мен ынтымақтастық, ЕО Еурокомиссияның мандатын алу, Қазақстанның ЕО елдерімен біздің еліміз азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету жөніндегі келісімдерді түзу бойынша келіссөздер процесін бастау мақсатындағы ынты­мақтастықтың алғашқы кезеңі болып табылады. 
Сондай-ақ елімізде виза беру про­цесін модернизациялау мәселесіне айрықша назар аударудамыз. Мүдделі меморгандар мен «ЕуроБак» қауым­дастығы өкілдері жұмысшы тобының ұсыныстары негізінде визаның жекелеген түрлерін рәсімдеуді жеңілдетуге ба­ғытталған «ҚР виза беру ережесінің» жаңартылған нұсқасы талдап жасалып, келісімге жіберілді. 
– Бүгінгі күні біздің дипломатиялық қызметтің алдыңғы са­пында кім тұр?
– Осы заманғы әлемдік даму процес­сінің қиындығы мен геосаясат шиеле­нісінің ұлғая түсуі, сөз жоқ, мамандардың кәсібилігіне деген талапты арттыра түсуде. Қазіргі күні біздің министрлікте мемлекеттік және шетел тілдерін білетін адамдар ғана жұмыс істеп қоймайды. Өйткені бұл жеткіліксіз. Сыртқы істер министрлігінде ғаламдық деңгейде ой­лайтындар қызмет жасайды. Ең маңыз­дысы, олар мемлекеттің ұлттық мүд­делерін басшылыққа алады. 
Бәлкім, қайталап айтқаным жөн бо­лар, ахуал жылдам өзгеріп тұрған қазіргі заманда, фундаментальдық білім бұрын­ғыдан да қажеттірек – сыни тұрғыдан ойлау мен шұғыл шешім қабылдау дип­ломатты айқындай түсетін негізгі әрі сапалық қасиет болып табылады. 
Фридрих Ницшенің «дипломатия... итті тұмсыққап дайын болғанша сипалай берумен бірдей...» деген пікірі бар. Мен неміс ойшылының бұл сөзімен келіс­пеймін. Меніңше, дипломатия қоршаған әлеммен үйлесімділікте және өзіңе-өзің ризашылықпен өмір сүр дегенмен бірдей.
 Win-win мәлімдегендей, Қазақстан әрдайым екі жаққа тиімді оңды нәтижелі ынтымақтастықты қалайды. Ха­лықара­лық саясаттың болашағы адамдардың арасындағы өзара қарым-қатынас тәрізді көзқарасқа негізделуі қажет. Біздің уақыт тезінен өткен және көпвекторлы тиімді де тәуелсіз сыртқы саясатымыздағы тәжірибеміз мұның мүмкін екендігін дәлелдеп отыр.
Барлық дипломаттарды, ең алды­­мен, №1 дипломат Нұрсұлтан Назарбаевты мерекемен құттықтаймын және барлық жақсылықты тілеймін! 

Қатысты Мақалалар