Медицина саласына реформа керек

/uploads/thumbnail/20170708201714308_small.jpg

БҰҰ мен БДҰ деректеріне сәйкес АИТВ/ЖИТС індеті «ресми» жа­рияланғалы 25 млн адамның өмірін жалмапты. Бүгінгі күні әлемде 40 млн-нан астам адам АИТВ жұқпасының тасы­малдаушысы екендігі анықталды.
Алдымыздағы жексенбі – медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. БАҚ тілінде «ақ халатты абзал жандар» деген әдемі ат алған денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мерекесі қарсаңында Алматы облыстық ЖИТС-тің  (Жүре пайда болған иммундық дефицитiнiң синдромы) алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері, «АИТВ зерттеу Ас­социациясы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Серік Жанғабыловпен әңгімелескен едік. 
– Серік Кенжебайұлы,  бұған дейін «ғасыр дерті» аталып, соңғы кезде ғана созылмалы аурулар санатына енгізілген ЖИТС-тің адамзатқа қауіп төндіргеніне отыз жылдан асты. Алматы облысындағы эпидемиялық жағдай туралы баяндап берсеңіз?
–  БҰҰ мен БДҰ деректеріне сәйкес АИТВ/ЖИТС  індеті «ресми» жа­рияланғалы 25 млн адамның өмірін жалмапты. Бүгінгі күні әлемде 40 млн-нан астам адам АИТВ жұқпасының тасы­малдаушысы екендігі анықталды.  Күн сайын 7000-ға жуық адам індет жұқ­тырады, ал жыл сайын 2-3 млн адам ауру жұқтырып, 2,5 млн адам осы дерттен көз жұмады екен.  Қазіргі кездегі ғылымның жетістігі – АРВ препараттарымен емдеу арқасында ЖИТС-ке қатысты өлім саны 10 пайызға азайды. БҰҰ мәліметіне қарағанда, соңғы 8 жылда әлемде АИТВ жұқтыру фактілері 17 пайызға төмендепті.  Ал енді өзімізге келсек, бүгінгі күні Алматы облысында тіркеуге алынған АИТВ жұқтырғандардың саны – 2066 адам. Облыс бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда, бұл көрсеткіш 102,5 адамды құрайды. Бізде АИТВ көп тіркелген аудандар: Қаратал (289,1), Іле (163,6), Еңбекшіқазақ (96,6) аудан­дары мен Талдықорған (153,1), Қапшағай (137,3) қалалары. Облыста 15 жасқа дейінгі балалар арасында осы ауруға щалдыққан 32 факт тіркелді, облыс бойынша балалар арасындағы АИТВ таралу көрсет­кіші – 5,8 пайыз.  
–  Облыста тіркелген 2066 АИТВ жұқ­тырғандардың жас мөлшері қандай?
–  Көбінесе жастар деп айтуға болады,  30-39 жастағылар – 41 пайызды, 20-29 жастағылар 32 пайызды құрайды. 
– Облыста екі миллионнан аса халық тұрады. Пайызға шаққанда екі мыңнан астам вирус тасушылар тұрғындардың екі пайызын құрайды екен. Аурудың көбеюіне не себеп болды деп ойлайсыз? 
– Расында көп, бірақ ауру жұқтырған адамдардан қауіптеніп, шеттетуге тиіс емеспіз. Алайда, қорғану қажет. АИТВ дертін жұқтыру жолы өте оңай – бір ғана кездейсоқ жыныстық қатынас адамның бүкіл өмірін улайды. Мен кездейсоқ деген сөзді бекер айтып отырғаным жоқ. Себебі, кездейсоқ жыныстық қарым-қатынасқа жеңіл жүрісті, тән саудасымен ай­налысатындарды айтпағанда, көбінесе мінез-құлқы қалыптаспаған, оң-солын танымаған жастар баруы мүмкін. Қыздарымыз нәпсі шырмауына түсіп жатса, ұлдарымыз нашақорлық қасіретке шалдығуда. Оның түп негізі – от­ба­сындағы тәрбиеде жатыр. Жаста­ры­мыздың нашақорлыққа, суицидке бір табан жақындығының себебі де осыдан. Ғасыр індетін ғалымдар мінез-құлықтық жұқпа ауруына жатқызатыны сондықтан.  АИТВ/ЖИТС індетін жұқтыру-жұқ­тырмау ең алдымен, өзімізге, яғни мінез-құлығымызға байланысты. Біздің ор­талық  осы мінез-құлықтық жұқпа мәселесімен де ай­на­лысады.
– Серік Кенжебайұлы,  өзіңіз басшылық жасап отырған мекеме туралы не айтар едіңіз? 
– Бұл мекемеге 2002 жылы келдім. Жалпы, ЖИТС-ке қарсы күресу, оның алдын алу, емдеу шараларымен ай­налысамыз. Әлі де шешілмеген мәселе көп. Cоның ең бастысы – 16 жылдан бері жұмыс істеп жатқан орталықтың өз ғимараты жоқ, Міне, соңғы бес жылдан бері Алматының шығыс жағындағы «Шым­бұлақ» санаторийінің бір қабыр­ғасын паналап отырмыз. Талдықорғанда бөлімшеміз бар, әрине, жоғарыдағы басшылар біздің біржолата сонда көшіп баруымызды қалайды.  Егер Талдық­орғанға көшіп кетіп жатсақ, ірі мега­полисте тұратын халықтың бізден тек­серуден өтіп, қаралуы былай тұрсын, қарапайым анықтама алуына көп қиындық тудырары белгілі. Халыққа тиімді жағын алдағы уақытта басшылар шеше жатар. Орталықта бүгінде 400-ге жуық адам емделеді. Оның 32-сі – балалар. Былтыр алдын алу бөлімін құрдық, онда 4-5 дәрігер істейді. Бізде індеттің таралу мүмкіндігі өте жоғары. Мысалы, есірткіні өзіне шприц арқылы қабылдайтындар, жезөкшелікке салынған әйелдер арқылы АИТВ жұқпасы  қоғамға тез  таралуда. Сонымен қатар бізде жүкті әйелдер мәселесі де қиын. Өйткені кейбір әйелдер жүктілігіне байланысты ем қабылдағысы келмейді, соның кесірінен кеселін сәбиіне жұқтырады. Біздің емімізден бас тартқаны үшін кейде олармен соттасып жатамыз. Бізде мұндай 3-4 оқиға болған, сот шешімімен жүкті әйелді емдеп, нәрестесін дерттен аман алып қалдық. Өркениетті елдерде бұл індеттің жүкті әйелден балаға берілу көрсеткіші  1-2 пайызды  ғана құрайды. Біздің облыста бұл көрсеткіш 2013 жылдың қорытындысы бойынша – 3,5 пайыз. Бұл жаман көрсеткіш емес, жалпы Қазақстандағы жағдай ТМД мемлекеттері арасында көңіл көншітерлік. АИТВ жұқтырған жүкті әйелден дені сау бала туғызу акушерлік-гинекологиялық қыз­меттiң сапасына байланысты. Ал бізде мұндай қызмет түрі жоқ есебі.  
– Бұл дерттің көбінесе дәрігерлердің қателігінен, яғни АИТВ-мен ауыратын адамның қанын сау адамға құю арқылы да жұқтырып жатқанын жоққа шығармайтын шығарсыз... 
– Донорлық қан құю арқылы ауру жұқтыру – үлкен мәселенің бірі. Қазақстан бойынша мұндай жағдайлар бар шығар, бірақ  Алматы облысында қан құю арқылы жұқпа тараған оқиға тіркелген жоқ. Менің ойымша, қан орталығына қан тапсыруға келетіндердің көбісі – нашақорлар. Байқамай олардан қан алып қоямыз. Ал инкубациялық мерзім кезінде қандағы АИТВ жұқпасын айыру қиынға соғады. Дегенмен, бүгінде оны бірден анықтайтын құрал-жабдықтар елімізге келіп жатыр. 
– Дегенмен, бүгінде қарапайым халыққа медициналық көмек алу қиындап бара жатыр. Мемлекеттік емханаға жүгініп, ұзақ-сонар кезек, басқа да фор­малдылықтардан, дә­рігердің білік­сіздігінен шаршаған халық  қолын бір сілтеп, ақылы мекемелерге жүгінеді.  Бұған не айтасыз? 
– Жағдайды жақсарту үшін түпкілікті реформа жасау керек. Яғни бұл салаға инвестиция тарту керек. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы канадалық инвестор шақырып, аурухана мен емханалар салдырды. Сосын оны сенім жүктелген басқармаға, кейін жеке­шелендіріп алып, басқарып көрді, тұрғылықты халықтың менталитетіне бейімдеді. Экономика жекелердің қолымен өрістейді. Жеке қожалық секілді мұндай жеке ауруханаларды мемлекет басқара алмайды. Сондықтан ден­саулық сақтау саласында да бәрін жекенің қолына беріп, сатып жіберуден қорықпау керек. Сонда ғана біз сапалы қызметке қол жеткіземіз, 30-40 адам бір есікке телміріп, ұзын-сонар кезекте тұрмас еді. 
– Жеке емханалардың қызметі халыққа қымбатқа түспей ме? 
–   Қымбатқа түспейді, өйткені оны халық емес, мемлекет төлейді. Бұл жерде ешқандай қулық жоқ. Сондықтан бүгінгі заманда ар-ұжданыңнан басқаның бәрін сату керек. Сатылмаса ЖИТС, онкология, т.с.с. орталықтар сатылмауы мүмкін. Жалпы, денсаулық саласын басқаратын адамға президенттің саяси ықпалы өте мықты болуы тиіс. Біз унитарлы мемлекетпіз. Жекешелендірудің халыққа бірден-бір тиімді жол екендігіне Елбасының көзін жеткізе алатын мықты бір маман шықса ғой, шіркін. Егер медициналық мекеме жеке қожалықта болса, бәрін қожалықтың директорлар кеңесі шешеді. Өйткені бұл – бизнес. Ғылыми жетістіктерді жақсы пайдалану үшін қожалық басшылығы барынша тер төгеді. Халық пайдасын көрмесе, зиян шекпейді. Ал бізде ең бірінші кемшілік – екі күн дәрігер болған адамды бас дәрігер етіп тағайындай салады. Тәжірибесі жоқ жас маман жұмысты қайдан бастарын білмей басы қатады. Денсаулық сақтау мекемелерінің мемлекеттік басқарудан дербес болғанының тағы бір пайдасы бар, мәселен, облысымыздың кез келген бір ауданында балалар көп туылып, демографиялық өсім болып жатса, ол жерге тез арада педиатр-дәрігерлер жіберіліп, халыққа тиімді жағы қарастырылар еді. Ал керісінше, туу азайып, қарт адамдар саны көбейсе, ол аумақ – герантолог мамандарға зәру деген сөз. Мұның бәрін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі реттеп, қаржыландырып, қазіргідей жоғарыдан пәрмен күтпей-ақ атқара берер ме еді?! Қысқасы, медицина саласына жекешелендіруді жеделдететін үлкен реформа керек. Ол күндерге де жетерміз деп ойлаймын. 
– Әңгімеңізге рақмет! 

Қатысты Мақалалар