Қазақстанның ілгері кеткендігін мақтанышпен айтамыз

/uploads/thumbnail/20170708201715386_small.jpg

Елбасы жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – Қазақстанның жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауабы және «жаңа тарихи жағдайларда дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу жоспары».
Оның аясында елімізде жаңарулар, көптеген реформалар жүреді. Мемлекет басшысы айтқандай, бұлар ақыр соңында, мемлекеттің, қоғамның, тіпті Ұлтымыздың бет-бейнесін өзгертпек.
Өркениетті елде барлық даулар көшеде емес, сот залдарында шешіледі. Алайда егер судьялардың шығарған үкімдері орын­далмай жатса, халықтың билікке деген сеніміне селкеу түседі. Сондықтан алдағы ұлы реформалардан сот шешімдерін орындау саласы да шет қалмайды. Біз Әді­лет министрлігінің Сот актілерін орындау департаменті директорының орынбасары Саида Сағдаттан осы саладағы жаңару­лардың халық өміріне қандай өзгерістер әкелетіндігін түсіндіріп беруді сұрадық.   
– Саида Сағдатқызы, кезінде сот приставтары Жоғарғы сот жанындағы тұтас ірі құрылым еді. Кейін Әділет министрлігінің қанатының астына комитет болып кірді. Қазір шағын департаментке айналыпты. Алдағы реформадан кейін қарауларыңызда не қалады? 
– «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 27-қадамы Қазақстанда жекеменшік сот орындаушылары институтын одан әрі дамытуды, сондай-ақ сот орындау­шы­ларының мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқартуды мақсат тұтады. Біздің депар­таменттің құзырында лицензиялық ба­қылау, саладағы мемлекеттік саясатты анықтау, жүйені жетілдіру бойынша ұсы­ныстар енгізу секілді негізгі жұмыстар қалады.
Қазақстанда жеке орындаушылар институты 2010 жылдан бастап енгізілді. Яғни бұл институт биыл 5 жылдық ме­рейтойын атап өтеді. Ал Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында жеке орындаушылар институтын ары қарай өркендетуге бағытталған шаралар қолға алынуда. 
Біз 5 институттық реформаны және «100 нақты қадамды» іске асыратын Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияға ұсыныстар енгіздік. Олар жеке сот прис­тавтарының өкілеттіктерін кеңейтуді, олардың «айрықша құзырын» айқындауды қарастырады. 2016 жылдан бастап, заңды тұлғалардың пайдасына қаржы-мүлік өндіріп алу істері толығымен жеке сот орындаушыларына кетіп, солардың айрықша құзырына жатқызылады. Бұл қолданыстағы бейінді заңда көзделген. 
Енді олардың құзыреттерін одан әрі кеңейту ұсынылуда. Яғни жеке тұлғалар үшін өндіріп алу да жеке приставтарға тапсырылмақ! Бүгінгі таңда осы ұсынысты Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия тұжырымдамалық түрде мақұлдады. Тиісінше жеке орындаушыларға жүктелетін міндет те, олардың жұмыс ауқымы да, оларға деген мемлекеттің сенімі де артады деп айтуға болады. 
– Мемлекеттік сот орындаушылары жұмыссыз қала ма?
– Бұл ретте мемлекеттік сот орындау­шыларының құзырында қалатын істер категориялары анықталды. Түсіндіре кетсем, бұл санатқа мемлекеттік мүддеге қатысты барлық істер, сондай-ақ мем­лекеттің өзі қарыз болғандағы істер жатқызылады. Бұған қоса, барлық өңірлердегі сот шешімімен тұрғын үйге кіргізу, одан шығару (выселение), жер телімдерін кері қайтарып алу секілді әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша істер де осы қатар-категорияға кіріп отыр. 
Тағы бір жайт, осы орайда бұл істер бойынша «табалдырықтық шаманы» (пороговое значение) белгілеу ұсынылды. Мамандар тарапынан бұл шаманы 1 мың АЕК (2 миллион теңгедей) көлемінде бекіту ұсынылған. Яғни «сомасы осы межеге жетпейтін істерді жеке сот орындаушылары қабылдап алсын, одан асса, атқару өндірісімен тек мемлекеттік пристав қана айналыссын» деген ұсыныс берілді. Бірақ бұл шаманың көлемі қандай болатыны әзірге талқылану үстінде. Кесімді сомасы кейін анықталады. 
Қалай болғанда, бұл көрсеткіш мемлекеттік мүддеге қатысты кейбір істерді де жеке орындаушыларға беруді қарас­тырады. Айталық, әкімшілік айыппұл бойынша өндіріп алушы тарап – мемлекет. Бірақ олармен саны қысқаратын мем­лекеттік приставтарды шектен тыс жүктей берудің мәні жоқ. Белгілі бір мөлшерге дейінгі шағын істерді жеке орындаушыларға артуға болады. Ал меморындаушылар өз күш-жігерлерін мемлекеттік мүддені қорғау бойынша әлдеқайда маңызды, өндірілетін сомасы ірі істерге бағыттай алар еді.
Тағы бір жаңалық: Ұлттық комиссияға мемлекеттік және жеке сот орындау­шыларының өкілеттіктерін кеңейту ұсынысы енгізілді. Соған сәйкес, барлық приставтар банктерден мәліметтер талап етуге құзырлы болмақ. Бұл өте қажет. Себебі істері тиімді, өздері пәрменді болуы үшін приставтар қаржыны жедел түрде өндіріп алуда мол мүмкіндіктерге ие болуы керек. Яғни мемлекеттік және жеке сот орындаушылар сот үкімін өз еркімен орындамай жүрген жеке тұлғалардың банктерде қандай есепшоттары барлығын білу құқын иеленеді. Бұл ұсыныс тал­қылаудан өтті және оны Ұлттық комиссия тұжырымдалық тұрғыдан құптады.
Сонымен бірге, сот өндірісі тарап­тарының және мемлекет мүдделерін қорғау мақсатында нақты бір істерді жеке орындаушылардан алып қойып, мем­лекеттік орындаушыларға тапсыру бойынша прокурорға құқық беру және оны заңмен бекіту ұсынылды. Прокурордың қандай жағдайларда осы құқығын пай­далана алатындығы, негіздері заңда атап көрсетілетін болады.
– Қазақстанда сот приставы болу қиын ба?
– 5 институттық реформаны және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында біз атқару өндірісі саласындағы процедуралық мәселелерді де қайта қарап жатырмыз. Биылғы жылғы ақпан айында «Жеке сот орындаушыларының респуб­ликалық палатасы» құрылды. Бұрын ол республикалық алқа түрінде ғана жұмыс жасаған. Жаңа ұйым заңмен бекітілген барлық талаптарды сақтап, Әділет министрлігінде тіркелді. Енді біз осы палатаның өкілеттіктерін кеңейтуді де  жоспарлап отырмыз. Мы­салы, соның ішінде жеке сот приставтарының әрқай­сысын нақты бір аумақ-территорияға бекіту көзделуде. Сонда бір жерде көп, бір жерде жоқ болмай, еліміздегі барлық әкімшіліктік-аумақтық бірліктер жеке сот орындаушыларының қызметімен бірдей қамтылар еді. 
Мұның сыртында жеке сот приставы болғысы келетін мамандардың жолын жеңілдету үшін осы кәсіпке ұлықсат алу және сынақтардан өту тәртіптері біршама өзгертіледі. Бұған дейін ол екі кезеңнен тұратын: біріншіден, маман тиісті лицензияны алуы қажет, екіншіден, минис­трлік тарапынан жеке сот орындаушысы лауазымына тағайындалуға тиіс. Біз «лауазымға тағайындауды» жоюды, тек лицензиялауды ғана қалдыруды ұсындық. Демек, кез келген маман тиісті лицензияны иеленсе және салалық республикалық палатаға мүше болса, жеке сот орын­даушысы қызметімен айналыса береді. 
Осылайша, Қазақстанда бұл салада реформа қызу басталып кетті. Тұтастай алғанда, ұстанымдар мен амал-тәсілдер, тіпті саясат өзгеруде. Кеңес кезінде және біздің жаңа тарихымызда республикада әрдайым мемлекеттік сот приставтары үстемдікке ие болып келсе, бұдан былай жеке сот орындаушыларының институты басымдық иеленеді. 
– Қазақстанда қазір қанша жеке сот приставы бар? Олар еліміздің әрбір әкімшіліктік-аумақтық бірлігін қамтуға жете ме?
– Бүгінде республика бойынша олардың саны 750 адам. Бұл, әрине, аз. Бірақ біз тоқсан сайын жеке сот орындаушылары бойынша конкурстар өткізіп тұрамыз. Соның нәтижесінде, үш ай сайын олардың қатары шамамен 100 адамға көбейіп отырады. 
Бір маңызды көрсеткішке назар аудара кеткен жөн: осы 750 жеке сот орындау­шысының қарауында қазірдің өзінде бір жарым миллион сот шешімі жатыр.Сондықтан бұл мамандардың қатарын арттыру бағытында жоспарлы түрде жұмыс жүргізілуде. 
Қазақстанда бүгінде 1 200-ден ас­там мемлекеттік сот орындаушысы қал­ды. 
Біле жүруіңіз үшін айтайын, бізде жеке сот орындаушыларының басым көпшілігі, 80 пайызы – бұрынғы мемлекеттік сот орындаушылары. Өйткені бұлар үшін жеңілдетілген тәртіп қарастырылған: жүйеде 3 жыл қызмет жасаса болды, осы өтілі лицензия алу үшін толық жеткілікті. 
«100 нақты қадам» аясында біз кезең-кезеңмен қысқарту жүргіземіз, сонда қыс­қаратын мемлекеттік сот орындаушылары үйлесімді түрде жеке атқару секторына өтетін болады. 
– Ендеше, босаған мемлекеттік сот приставтарынан құралған жұмыссыздар армиясы пайда болмайды дейсіз ғой?
– Жоқ, болмайды. 
Қазақстанда сот үкімдерінің жартысы ғана орындалады екен. Қолда бар дерек бойынша, алдыңғы жылы жалпы құны 2 триллион 201 миллиард теңгені құраған 1 миллион 610 мың сот актісінің тек жалпы құны 108 миллиард теңгені құрайтын 701 мыңы ғана орындалыпты.  
Ең басты себебі – сот үкімін орындау бойынша құжаттардың барлығының бірдей мүлікпен қамтамасыз етіле бермейтіндігі болып отыр. Мысалы, бізге жыл сайын орындауға шамамен бір жарым миллион сот шешімі беріледі. Оның ішінде ең жақсы дегенде, небәрі 500 мыңы ғана «кінәлі» деп танылған тараптың мүлкімен қам­тылады. Қалғандарының барлығы – орыс­ша айтқанда, «пустышка». Яғни айыпты тараптың өндіріп алуға тұратын ештеңесі де жоқ.    
– Тәуелсіздік жылдарында сот шешім­дерін атқару саласы талай реформаларды бастан кешті. Олардан мемлекет, Қазақстан халқы қаншалықты пайда көрді?
– Кеңес заманында бізде бұл сала классикалық үлгі-модельді қолданды. Сот приставтары сот жүйесінде жұмыс жасады. Әрбір соттың өзінің орындаушысы болды. Тәуелсіз Қазақстан жағдайында биліктің үш тармағының – атқарушы, заң шығарушы және сот билігінің бір-бірінен тәуелсіздігі қамтамасыз етіле бастады. Сонда сот жүйесі жеке кетті де, сот орындаушылары атқарушы билікке жатқызылды.      
Қалай болғанда, Кеңес Одағы кезіндегі модель әу бастан-ақ «Азия барысы» атанып, әлемдегі жетекші орындарға ұмтылған тәуелсіз мемлекетке жарамайтын еді. 
Бұған қоса, біз нарықтық экономикаға көштік. Егер есіңізде болса, кеңес тұсында «арамтамақтармен» күрес науқаны жүрді, қылмыстық заңнамада «тунеядство» деген қудалау бабы болды. Яғни азаматтар жұмыс істеу-істемеу бойынша да таңдау ер­кіндігінен айырылған. Адамдар үшін бәрін мемлекет шешетін. Бұл модель нарыққа қайшы келетін. 
Жалпы алғанда, қазіргі жағдайымызды кеңес кезімен тіпті салыстыруға да болмайды. Өйткені сан және сапалық сипаттары бойынша мүлдем басқа жүйе­лер. 
Ал егер Қазақстанды посткеңестік кеңістіктегі басқа елдермен салыстырар болсақ, республикамыздың әлдеқайда ілгері кеткендігін ұялмай айта аламыз. ТМД кеңістігінде Қазақстан – жеке сот орындаушылары институтын ендіріп, қарқынды дамытып жатқан жалғыз мемлекет. 
Ресейде де мүлдем басқа модель пай­даланылады. Жеке сот орындау­шы­ларының институты мүлдем жоқ. Солтүстік көршімізде бұл салада бәрі мемлекеттің қолында қатаң шо­ғыр­ландырылған. РФ Сот приставтарының федералдық қызметі (ФССП) әс­керилендірілген қаһарлы құрылым болып табылады. Ол күшпен ықпал ету бойынша өте үлкен құзырға ие. ФССП қыз­меткерлерінің әскери шендері, атақтары бар. Құқық қорғау қызметіне жатады. Ресейлік осы органда сот үкімдерін күштеп, мәжбүрлі түрде орын­датумен айналысатын тұтас бөлім­шелер жұмыс жасайды. 
Қазақстанда бұл сала – азаматтық сала. Қазақстандық сот приставы – азаматтық тұлға. Рас, ол да форма киеді, бірақ погоны жоқ. Құқық қорғау жүйесіне де, сот жүйесіне де жатпайды. 
Халықаралық сарапшылар мен ма­мандар нарықтық жағдайда жеке сот орындаушылары институтын ең тиімді модель санайды. Біз үлгіге алып отырған тәжірибе Франция, Болгария, Чехия, Нидерланды, Балтық жағалауы елдерінде қанат жайған. Әлемдегі көптеген мем­лекеттер де осыны қолай көріп, соған көшу жолдарын қарастыруда.     
Біз бұл жерде көзсіз көшіріп алудан бас тарттық. Мысалы, өнеге етіп отырған Францияда тек жекеменшік сот прис­тавтары ғана бар. Ал Қазақстанда аралас модель ендірілуде: мемлекеттік сот орын­даушылары қызметі толық жойылмайды. Ол тек қысқартылады. 
– Жеке сот орындаушылары, коллек­торлық қызметтер секілді, өзін-өзі реттеуші ұйымға айналады екен. Өкілеттік-құзырларының кеңейтілуімен бірге, олардың жауапкершілігі арта ма? Егер сот шешімін мәжбүрлеп орындату мақсатында жекеменшік приставтар азаматтың ізіне түссе, қудаласа, үнемі қоңырау шалып, қорқытып, ығыр еткісі келсе, ешқандай тоқтам-тосқауыл болмай ма?
– Олардың жауапкершілігі заңда қазірден қарастырылған. Олар – лицензиямен ғана жұмыс жасайтын тұлғалар. Лицензиясынан бір айырылса, ешқашан бұл кәсіпке қайта орала алмайды. Сондықтан өздерінің барлық іс-әрекеттері үшін жауап береді.  
Егер жеке сот орындаушысы шектен шықса, кейбір қылық-қарекеттері қылмыстық көріністерге ие болса, ол қылмыстық жазаға тартылады. Азаматтарды қудалау, үркітіп-қорқыту қылмыс саналады. Егер оның заңсыз іс-қимылдары тәртіптік жауапкершілікке жатса, республикалық палатаның Жарғысында тиісті баптар көзделген: ескерту алады немесе палатаға мүшеліктен шығарылады. 
– Реформаға кіріспес бұрын, хал­қымыздың болмыс-менталитеті, пси­хологиясы ескерілді ме? Қазақстан­дықтар мемлекеттің атынан сөйлейтін, өкілдік ететін қызметкерлерге сенуге бейіл. Оның орнына жеке кеңседен әлдебіреу келіп, дүние-мүлкін тәркілеп әкететінін жарияласа, мұны «қарақ­шылық» деп түсінуі ғажап емес қой?
– Әрине, барлық жағдайлар ескерілді. 2010 жылдан бергі тәжірибе талданды. Жекенің өкілеттіктері мемлекеттік приставтардан еш ерекшеленбейді: жеке сот орындаушылары да сот «кінәлі» деп тапқан тұлғаның қаржы-мүлкін тәркілеуге және оларды сатуға құқылы. Қайта бұлардың бір басымдығы бар: жеке сот орындаушысы қаптатып әрі өзі таңдап, білікті көмекшілер, мамандар жалдай алады, солар арқылы қажетті шараларды толық ауқымда жасап, сот үкімінің тез орындалуына қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Осыны түсінетін адамдар, әсіресе, компаниялар осыларға жүгінуге ұмтылады. Өзіңіз қараңыз, қазіргі кезде мемлекеттік сот орындаушыларының қолында банктердің істері мүлдем қалмады деуге болады. Екінші деңгейлі барлық банктер өз мүдделеріне қатысты сот шешімдерін орындатуда жеке құрылымдармен жұмыс жасайды.
– Саладағы реформаларды заңмен қамтамасыз ету де аса маңызды, жеке бір шара. Бұл іс қашан басталады?
– Ұлттық заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Оның жобасы Парламентке биылғы қыркүйекте, жаңа сессия басында енгізіледі деп күтілуде. «100 нақты қадамның» 27-қадамы бойынша жаңа заң нормалары 2016 жылдың қаң­тарынан бастап жұмыс жасайды деп жоспарлануда.  

Қатысты Мақалалар