ӨРТКЕ ОРАТҚАН СЕБЕПТЕР

/uploads/thumbnail/20170708201727214_small.jpg

Соңғы бес-алты жылда елімізде азаматтардың өзіне-өзі қол салу оқиғалары жиілеп отыр. Олардың ішінде ең жан түршіктіретіні – өз-өзін өртеп жіберу оқиғалары. «Қамшы» порталы сол жаға ұстатар жағдайлардың бірнеше себептерін назарларыңызға ұсынады.

Сот шешімдерінің әділетсіздігі.

2009 жылы мамыр айында Атырау қаласының 52 жасар тұрғыны Қабидолла Шолақов облыстық прокуратура алдында өз-өзін өртеп жіберді. Азамат 18 жастағы ұлына қатысты тергеушілердің әділетсіздігіне шыдамаған.

2011жылдың маусымында «Нұр Отан» партиясы Астана филиалы қоғамдық қабылдауында ұлын есірткі сақтады деген күдікпен 10 жылға бас бостандығынан айырған сот шешіміне наразы келіншек өз-өзін өртеп жіберді.

 Құқыққорғау органдарының заңсыз әрекеттері мен шара қолданбауы

2011 жылдың маусымында Ақтөбе облысы Алға ауданы прокуратурасы ғимаратында Айдар Сапаров есімді азамат үстіне спирт құйып, отқа оранды. Жедел жәрдем құтқарып қалған ол бұл әрекетке бауырын атып кеткен қылмыскердің дұрыс іздестірілмеуі себебінен барғанын айтқан. Алайда, прокуратура Айдар Сапаровтың өзін айыптап, ол бұл әрекетке спирттік ішімдікке мас күйінде барған деген ақпар таратты.

2013 жылдың шілде айында 55 жастағы Қарағанды тұрғыны өзін өртеп көз жұмды. Кейін ол өртенер алдында үстіне бензин құйып қана қоймай, оның бір бөлігін ішіп те алғаны анықталды. Оқиғаның себебі – өртенген азаматтың үстінен жұмыс орнындағы газ баллондарының ұрлық дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс.

Қылмыстық қудалау, тергеу органдарының қызметіне наразылық танытқан тағы бір оқиға 24 қазан күні Тараз қаласында болды. 20 жастағы Ерлан Бектібаев «Нұр Отан» партиясы филиалының алдына келіп, өзін-өзі өртеп жіберді. Өртенер алдында бейнекамераға өзінің ішкі істер органдары қызметкерлерінің қыспағында қалғанын айтып үндеу жасаған.

Жалғыз баспанасын тартып алу

Тұрғын-үйге қатысты дау-дамайлар да азаматтарды суицидке итермелеп жатады. 2009 жылдың тамызында үйді босатуды талап етіп келген сот орындаушыларының көзінше Алматы қаласында бір отбасы түгелдей отқа оранған. Абырой болғанда өрт көпке созылмай өшіріліп, сот орындаушылары мен басқа да көршілер аман қалды.

2011 жылдың қыркүйегінде Алматыда бес баланың анасы үйінен қуып шығуға келген полицейлер, сот орындаушылары мен басқа да куәгерлердің алдында үстіне от қойып жіберген. Өртенген азаматшаны жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жіберіп, сот орындаушылары ақыры үйді тартып алған.

2012 жылдың мамырында тұрғын-үй дауында басы қатқан тағы бір жан Светлана Тұрғанбаева өзін-өзі өртеп реанимацияға түсті. Кейін Тұрғанбаеваның ісіне қатысты үкім шығарған судьялардың бірі Президент өкімімен қызметінен босады, енді бірі жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілініп, артынша психиатрдың тіркеуіне тұрған.

Аса ірі көлемдегі несиелер

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Түркістан қаласында мектепте еден жуушы болып жұмыс істейтін 59 жастағы әйел мектеп ауласында өзін-өзі өртеген. Денесінің 60 пайызын күйік шалған әйел дәрігерлердің күшімен аман қалды. Анықталғаны – ол сол мектепте зертханашы болып істейтін әріптесіне 200 мың теңге несие алып берген. Бірер айдан соң әріптесі несиені төлеуден бас тартқан.

Сезім сергелдеңі, отбасылық кикілжіңдер

 Былтыр Қарағанды іргесіндегі Теміртау қаласында сүйіктісімен ренжісіп қалған жігіт кешірім сұрау мақсатымен әлгі қыз жұмыс істейтін қонақ үйге келеді. Алайда, сүйіктісі жұмыс орнында болмай шығып, әріптестері оны қандай мекен-жайдан табуға болатынын айтудан бас тартады. Мұндай «қорлыққа» шыдамаған ғашық жігіт қонақ үй алдында өртеніп өлген.

Осындай тағы бір оқиға Қарағанды облысының Қызылжар ауылында тіркелген. Азаматтық некедегі келіншегімен сөзге келген 25 жастағы жігіт өртенді. Денесінің 80-85 пайызын күйік шалғанымен, қызу қанды жігіт өлімнен аман қалды.

2012 жылы Шымкент қаласында да отбасылық ұрыс-керіс салдарынан 30 жастағы отағасы өзін отбасы мүшелерімен бірге өртеп жібермек болған.

Жалпы, азаматтарды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін себептер жетіп артылады. Өзекті өртеген қоғамдағы әділетсіздік пен жақындардың сатқындығы шарықтау шегіне жеткенде өзіңді өртеуге апарып соғатынын жоғарыда баяндалған жайттарға қарап көз жеткізесіз.

 

Дархан Мұқан

 

Қатысты Мақалалар