Қазақ жерінде қаншама тума таланттар дүниеге келген. Талант дегеніміз – дарынды адамның бойына туа бітетін асыл қасиет.
Талант жалқы жүрмейді деген сөз бар, дарынды адамдардың бойынан бірнеше ерекшеліктерді табуға болады. Алматы облысы Талғар ауданындағы Бірлік ауылының тұрғыны Досжан Тұрғанұлы Өтеков осындай дарын иесі, өнегелі өмірімен артына жарық із қалдырған адам. «Ол – ғалым, ақын, жазушы, суретші, композитор, әнші, күйші, спортшы, сондай-ақ емшілік қасиеті бар ерекше жаратылған адам еді» деп жазады досы туралы физика-математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы Шерәлі Біләл. Кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге қалдырып, өмірін жастарға білім беруге, өнерге, имандылыққа тәрбиелеуге арнаған, халқына қалтқысыз қызмет еткен Досжан Өтеков ескерткіш қоюға лайықты тұлға, өзі туып-өскен Талдыбұлақ ауылының №35 орта мектебіне оның аты берілсе жеткіншек ұрпақты жан-жақты етіп тәрбиелеуге осындай азаматтың өмір жолы үлгі болар еді деген ойларын айтады марқұмның бір топ ғалым достары.
Расында, Досжан ағаның халыққа сіңірген әр саладағы еңбектері айтса айтқандай. Егер бұл кісінің шығармалары республикалық деңгейде ел арасына таралып кетпесе, «Досжан ағаның әр нәрседен хабары бар, қара жаяу адам емес еді» деп қоя салар еді. Өнердің, спорттың биігінен көрінген бұл кісінің мамандығы – физик, математик. Сондықтан алдымен Досжан ағаның ғалымдығын айтайық. ҚазПИ-ді 1960 жылы бітіре салысымен Алматы өнеркәсіп кооперациясы техникумында жоғарғы математикадан сабақ берді. Алпысыншы-жетпісінші жылдары әртүрлі ғылыми-зерттеу институттарының Есептеу орталықтарында бөлім бастығынан бастап директордың ғылыми орынбасары қызметтерін атқарды. Сол кездерде ғылымдағы өзекті мәселе саналатын Басқарудың автоматты жүйелерін жасауға қомақты үлес қосты. Ауылшаруашылық институтында электрондық есептеу машиналарына программалар жасады, математикалық программалау, программалаудың математикалық тәсілдері және экономикалық кибернетика пәндерінен сабақ берді. Ғалымның жасаған біраз бағдарламалары Мәскеудің Кибернетика орталығында сақтаулы тұр. Сондай-ақ ол Қазақ Кеңес энциклопедиясының 5,6 және 12 томдары авторларының бірі.
Досжан Өтеков – ақын, жазушы, философ. 2012 жылы дүние салған Досжан аға артына әдебиет, мәдениет саласында көп мұра қалдырып кетті. Оның өлеңдері кезінде бірқатар республикалық басылымдарда жарық көрді. «Шұғыла арман» атты екі томдық поэмалар, балладалар, өлеңдер жинағы басылып шықты. Сонымен қатар Досжан Өтековтың «Мон-тандр құпиясы», «Құмари хикаясы» атты ғылыми-фантастикалық романдары, «Адам: жан және тән», «Аспан дүниесі және Қисмет заңы», «Жаратушы және әлемнің жаралуы» деген әрқайсысының көлемі 30 баспа табақ үш томнан тұратын «Ақиқат көзі» атты ірі ғылыми-зерттеу еңбегі оқырмандарға жол тартты. Ғалымның бұл еңбектерінде айтылатын философиясында «...сен тіршілік етіп жатқан физикалық дү-ние – Мектеп. Мектептен сен тек тәрбие аласың, ал мектеп заңын тек Ол ғана өзгертеді» деп жазылған. Автордың пайымдауынша, дүние-әлем мәңгілік, оның бір бөлшегі болып табылатын адам да мәңгілік. Ал адамның бүгінгі тіршілігі сол мәңгілікке бастайтын жолдың алғашқы тәжірибе-танымдық бастамасы, сатысы, баспалдағы болып саналады.
Досжан аға – суретші, көркемдеуші. Кеңес Одағы тұсында Суретшілер одағына мүше болу оңай болған жоқ. Досжан аға сол одақтың белді мүшесі болды. Сол кездерде төл шығармаларының бірнеше көрмесін өткізді. Оның көрмелері Германияда, Францияда ұйымдастырылды. Көптеген еңбектері сол жақтарда сатылып кеткен. «Менің сурет өнеріндегі мүмкіншіліктерімді білетін баспа редакцияларынан кітап безендіруге байланысты тапсырыстар келе бастады. Алғашқы көркемдеген кітабым – «Алтын сақа» болатын. Қазақтың бейнелеу өнеріне, әсіресе, кітап безендіріміне үлкен үлес қосқан жылдарым – жетпісінші, сексенінші жылдар. Қасиетті бейнелеу өнері менің тағдырыма жазылған-жазылмағанын мен білмей-мін, бірақ білетінім сол – ол мені оқуын оқымасам да сыртқа тепкен жоқ. Шығармаларым көптеген республикалық, өңірлік, одақтық және халықаралық кітап көрмелеріне қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындар алды. Майлы бояумен салынған кескіндемелерім, графикалық шығармаларым Берлиннің, Тегеранның, Исламабадтың және Алматының көркемөнер галереяларында ел назарына ұсынылды» деп жазады өзінің естеліктерінде Досжан Өтеков. Досжан ағаның бейнелеу өнеріндегі шығармалары, кескіндемелер мен графикалық туындылары 500 беттен тұратын 2 томдық альбомға топтастырылып басылып шықты.
Досжан Өтеков – әнші, күйші, композитор. «Досжан құйқылжытып ән салғанда бәріміз ұйып тыңдайтынбыз. Ол көбінесе Абай, Мұхит, Ақан сері, Жаяу Мұса сияқты қазақ классиктерінің әндерін нақышына келтіріп әдемі орындаушы еді. Доскең 70-ке тарта күйді шертетін» деп есіне алады Досжанның досы Шерәлі Біләл. Досжан Өтековтың бұл саладағы деңгейін 2007 жылы «Экономика» баспасынан жарық көрген «Кемел шақ» атты кітабындағы нотаға түсірілген өлеңдері мен күйлерінен байқауға болады. Бұл кітапқа оның 70-90-жылдар аралығында шығарған әндері кірген. Олардың көбісі кезінде республикалық басылымдарда жарық көрген, біразы «Күй толқыны», «Жастық шақ әуендері», «Арманымның ақ құсы» ән жинақтарында басылған. Досжан Өтеков шығармаларының көбісі «Қазақконцерт», Алматы филармониясы, Қазақ радиосы және Мәде-ниет министрлігінің репертуарлық бөлімдерінің көркемдік кеңестерінде қабылданған. Досжан ағаның әндерін қазақтың белгілі әншілері, халық әртістері Зейнеп Қойшыбаева, Рашид Мұсабаев, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжановтар орындап, халық арасына кеңінен таратты. Осындай қазақтың әйгілі әншілерімен, шығармашылық ортамен тығыз байланыста болуы Досжан Өтековтың бойындағы таланттың көзін ашып, шабытын шалқытты деуге болады.
Досжан аға – спортшы. Жігіттің бойындағы сегіз қырдың бірі – шымырлығы болуы заңды. Досжан Өтеков кезінде айтулы республикалық жарыстарға, спартакиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған бокстан спорт шебері. Сонымен қатар күрестің де бірнеше түрлерін игерген (самбо, дзюдо, каратэ, қазақша күрес). Самбодан бірінші разрядтың нормаларын орындаған. Жеңіл атлетикадан да алдына жан салмай, 1000 метрлік жарыста қала чемпионы атанған. Досжан аға осының бәріне уақыт тауып, барлық жағынан да алда жүрді. Қандай жағынан болсын ол басқаларға үлгі болды.
Осыншама мол өнер дарыған азаматқа емшілік қасиет те қоныпты. Оның емшілігі біз көріп жүрген кей-бір тәуіптер мен халық емшілерінің емдеу әдістеріне келе бермейді екен. Досжан ағаның олардан ерекшелігі – ауырып келген адамның бойындағы резервтегі күшті аурумен күресуге бағыттай білетіндігінде. Ол адам бойына сенім ұялатып, аурумен күресуге дем беретін болған. Емдеу сеансы диагноз қоюдан, ауруға не себеп болғанынан басталады. Емдеу энергетикалық қуат күшімен жүзеге асырылады. Энергия көздері – Құран сөзі, ғарыштық қуат көздері. Сеансқа он шақты адам қатысады. Емдеу барысында адамды қуаттандырып, рухани күшін аурумен күресуге жұмылдыруға бағытталған салауатты әңгімелер айтылады. Сеанс соңында әр адамның бойында ризашылық сезімі оянып, жаны жай табады, жаңа өмір есігін ашқандай болады дейді ол кісінің алдында болғандар.
Жаратушы күш осыншама қасиеттерді бір адамның бойына үйіп бере салған екен. Көзі тірісінде Досжан Өтеков деген атты естігенмен, көпшілік дарын иесіне аса көңіл бөлген жоқ. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейміз. Шын мәнінде, әр саланы зерттеп, артына үлкен мұра қалдырған Досжан ағаның еңбектері келер ұрпаққа тәлімі мол таптырмас құнды материалдар болып табылады. Бұл кісінің біраз еңбектері әлі де жарыққа шықпай жатыр. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дейді, егер ғалымның шәкірттеріне қалдырған жаңалықтары, ақынның өлеңдері, жазушының шығармалары, композитордың туындылары алдағы уақытта дұрыс насихатталып әрі қарай зерттелсе, келер ұр-паққа үлкен тәлім-тәрбие, болашақ таланттардың жолын ашатын мектеп болар еді. Оның жан-жақты еңбектері жастарға үлгі болар еді. Осы тұрғыдан алып қарағанда Досжан Өтеков сияқты зиялы азаматтың есімі өзі туып-өскен Талдыбұлақ ауылындағы орта мектепке берілсе игі іс болар еді. Қазіргі кезде №35 мектеп «Өтеков атындағы мектепке» айналса, бұл қабырғадан осындай өресі биік, халқына қалтқысыз қызмет еткен зиялы азаматтардың шыққаны байқалар еді. Қазаққа танымал әншілер, жоғарғы мектептерде ұстаздық ететін ғалымдар, бейнелеу өнерінің әйгілі шеберлері, композиторлар қауымы да осындай ойда. Еліміздегі біртуар талант иелерінің есімін елге танытып, үлгі ету үшін осындай қадамдар жасаған жөн болар.