Алматы тұрғындары Алматыдағы өсімдіктер бағы аумағындағы 2 гектар жерге қазіргі заманғы өнер мұражайын салуға қарсылық білдіруде, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы 31-арнаға сілтеме жасап.
Бостандық ауданында орналасқан өсімдіктер бағында қазіргі заманғы өнер мұражайын ашу туралы әңгіменің ақпарат құралдарында тарағанына көп болған жоқ. Қалалық әкімдіктің бұл бастамасы тұрғындардың біраз бөлігіне жақпаған сыңайлы. Олардың ойынша, құрылыс басталса қаланың экологиялық ахуалына үлкен нұқсан келетін көрінеді.
«Құрылыс басталса, одан көтерілген шаң-тозаң өсімдіктер бағын көміп тастайтынына 100 пайыз сенімдімін. Бұл қалаға үлкен зиян әкеледі. Тіпті, бақты жойып, орнына тағы бір сауда орталығын салулары да мүмкін», - дейді «Алматыны қорғау» қозғалысының белсендісі Абай Ерекенов.
Алматыдағы өсімдіктер бағы әлемнің әр түкпірінде өсетін өсімдіктердің бірнеше мыңдаған түрі жинақталған бірегей ғылыми нысан. 100 гектардан асатын бақ аумағы ерекше қорғалатын аумаққа жатады. Бір қызығы, бақтың аумағында жаңа музей ашу туралы бұл бастамаға өнер қайраткерлерінің өздері таң қалып отыр. «Тәңірі-Ұмай» өнер галереясының директоры бірнеше жылдан бері қазіргі заманғы өнер мұражайын ашу туралы бастамаларына жауап қатпаған шенеуніктердің бұл шешімі күдік туғызатынын айтқан.