Қытай халықтық медицинасы – бүгінде кең таралған медицинаның түрі. Отандастарымыздың кейбірі сол үшін көрші елге ем іздеп барып жатады. Ал Қазақстанда бұл медицина бойынша ем көрсететіндер бірді-екілі ғана.
Көбіне батыс медицинасының көмегіне жүгіреміз. Екі медицинаның айырмашылығы неде? Бұл туралы Қытайдан келген қандасымыз Әмина Ыдырысбек айтып берді.
– Шығыс-тибет медицинасының Батыс елінің медицинасынан ерекшелігі неде?
– Шығыс медицинасы барлық дене мүшені бір көреді, яғни адамның ағзасын бір-бірінен ажыратпай, біртұтас деп қарайды. Мысалы, жүрек, ауырса, сол ағзаны ғана емдеп қоймаймыз. Сол жүректің не себепті ауыратынын анықтаймыз, оны анықтайтын тамырлар болады. Денедегі күш-қуатты жоғарылату арқылы денедегі мүшелердің жұмысын жақсартамыз. Мысалы, ендігі жылы көктем кезінде шөп шықпас үшін, оны тамырымен жұлып тастаймыз ғой, сол сияқты шығыс медицинасы науқастың ауырып тұрған жерінің тамырын емдейді. Біз бір ғана ағзаны емдемейміз, ерекшелігіміз сонда деп ойлаймын. Денеге зиян тигізетін химиялық заттарды қолданбаймыз, адамның күш-қуатын жоғарылату үшін шөп-дәрілерді, инені пайдаланамыз. Батыс медицинасы «жазылмайды» деген ауруларды емдеп шығуымыз да ғажап емес. Өйткені Жаратқан берген күш-қуатты жоғарылатып, тамыр арқылы емдейміз.
– Сонда батыс медицинасы емдей алмаған ауруларды емдей аласыздар ма?
– Иә. Қазір негізгі мәселе болып отырған ауру – қатерлі ісік. Бұл кезде батыс медицинасымен емдейтіндер көбіне операция жасайды. Ал біз соны қалпына келтіруге тырысамыз. Себебі рак жасушалары барлық адамның денесінде бар. Ол не себепті қозып кетті? Денедегі күш-қуаттың төмендеуінен пайда болады. Ал сол иммунитетті қайта жоғарылатқан кезде, ол қанның ішінде қозғалмай тұрып қалады. Шығыс пен Батыс медицинасы мүлдем ұқсамайды.
– Сонда сіздер ракты қай сатысында емдейсіздер?
– Рак пайда болса, дене ауырғанын дәрі-уколдар баса алмайды ғой. Сол кезде ине басады, ол тәжірибеден де белгілі. Бірақ науқастың ауруы жазылып кетеді деп айта алмаймыз, өйткені оның ішкі ағзалары уколдан әбден бұзылып кетуі мүмкін. Ал ең басында, яғни алғашқы сатыларында келсе, жазылып кетеді. Адам аурудың жеңіл түрлерінде денеге пышақ тигізбеу керек. Алдымен кеселдің емін іздеп көріп, амал болмаған жағдайда ғана операцияға келісім беруге болады. Негізі, укол салдыра берген дұрыс емес, өйткені одан қан айналымы төмендейді, үлкендердің аяқтары одан әрі ауыра береді. Уколдан ауру тоқтап қалғандай болады, бірақ ол ауруды емдеді деген сөз емес, жай ғана ауруды басады. Ал шығыс медицинасы аурудың себебін анықтап, соны емдеп, қан айналуын жақсартады. Сол кезде науқастың өзі де жақсарып қалады. Бізге ауруының неден пайда болғанын білмей жататын науқастар келіп жатады. Біз оның тамырын ұстап, аурудың себебін айтып береміз.
– Медицинаның бұл түрімен қашаннан бастап айналыса бастадыңыз?
– Мен 15 жасымнан ауыра беретінмін. Нағашыларым қазақы емдермен емдейтін. Солардың емін көріп жүрдім, кейін Үрімшідегі бір қытайлық емшіге ине салуға көмекші керек болып, соның қасында жүріп, көп нәрсені үйрендім. Шығыс медицинасын колледжде, кейін университетте оқып шықтым. Мен негізі адамның тамырын, ішкі-құрылысын зерттеуді, ине салуды оқығанмын.
– Қытай халқы шығыс медицинасына қаншалықты жүгінеді?
– Бұрын дәстүрлі емді халықтың шамамен 80 пайызы пайдаланатын. Кейін Қытайда Батыс медицинасы қатты дамып кетіп, адамдардың барлығы соған баруда. Бірақ қытайлардың әлі де 60 пайызына жуығы шөп-дәрілермен, инемен емделеді.
– Батыс медицинасы дамыды дедіңіз, халықтық медицинаға сонда да сұраныс бар ма?
– Сұраныс көп. Негізі, ондағылар алдымен инеге барады. Ал ағза емге тіптен келмейтін жағдайда ғана операция жасауға мәжбүр болады. Ол жақтағы қазақ, ұйғыр сияқты аз ұлттар, сондай-ақ көбіне медицинадан хабары жоқтар бірден батыс медицинасына жүгіреді.
– Өзіңіз Үрімшіде жүргенде ауруханада жұмыс істедіңіз бе?
– Ұйғырлардың ашып қойған жеке ауруханасында жұмыс істедім. Сол жерде науқастарды қабылдап, шығыс медицинасы бойынша емдедік. Сөйтіп жүріп, мол тәжірибе жинадым дей аламын.
– Адамдар қандай аурулармен жиі келеді?
– Осында келгеніме екі жыл ғана болды. Қазақстанда көбіне жүрек, асқазан, бас ауруларымен келеді. Бұл кеселдің болатыны, дұрыс тамақтанбағандықтан. Әзірше бәрі емделіп шықты, емнен кейін қайта келгендер болған жоқ.
– Сонда бұл иненің құдыреттілігі неде?
– Құдыреттілігі – денедегі қанның жақсы айналуына алып келеді. Қан айналған сайын адамның уыты денеде тұрмайды. Уытты үлкен, кіші дәрет және әйел адамдардың етекірі арқылы дененің сыртына шығарып тастайды. Теріден тер шығады. Иненің ең үлкен қасиеті – қан айналымын жақсартады. Дененің ішінде 75 пайыз су бар. Ол адам ағзасының жылу балансын реттеуші болса, соның да қызметін жақсартады. Әрбір инені салған кезде, ол әрбір мүшеге әсер етеді. Мысалы, инені қолыма салған кезде ол асқазаныма әсер етіп жатуы мүмкін. Одан кейін адамның реңі, қанның реңі өзгереді, денең жеңілдейді.
– Мысалы, сіздер рентген, УЗИ сияқты аппараттарды қолданбайды екенсіздер, сонда иненің ауруға әсер етіп жатқанын қалай білесіздер?
– Ең бірінші адамның реңінен байқаймыз. Келгенде бет-жүзі қарайып кеткен болып жатса, ине салғаннан кейін адамның бетіне қан жүргендей жүзі нұрлана бастайды, көңіл күйі өзгереді. Екіншіден, тамырдан-ақ қан айналымының жақсарғанын байқаймыз. Негізі, барлық ауру айыға бастаған кезде адамның реңі жақсарады.
– Инемен емдегенде қосымша дәрілер беріледі ме?
– Денедегі уыттарды бір тазалап өткеннен кейін шөп-дәрі беріледі.
– Қытайдың қай қаласында болсын, шығыс медицинасын насихаттап жұмыс істей аласыз ба, оған мүмкіндік бар ма?
– Әрине, мүмкіндік болады, бәсекеге түсесіз. Бірақ шыны керек, қазақтарды өте жолата қоймайды. Ұйғырлардың ауруханасында істеген себебім де сол. Олар сен қаншалықты мықты болып тұрсаң да мойындағысы келмейді. Өзге ұлтты төрге шығармайды. Содан кейін Қазақстанға келдім. Дегенмен, қытайлықтардан үйренгенім көп. Негізі, шығыс медицинасына диплом қатты қажет емес. Бастысы – тамырды ұстап, кеселді емдеп шықсаң болды. Батыс медицинасында көбіне бітірген оқу орнына, дипломға қараса, Шығыс медицинасында ұстаздың дәрежесіне қарайды.
– Шығыс-тибет медицинасы дейміз, тибет деген нені білдіреді?
– Тибет арабша «дәрігер» деген мағынаны білдіреді. Тибет, тамыршы, емші – бәрі бір мағына береді. Негізі, адамның тамырына қараймын, егер ауруды емдеп шығуға шамам жетпесе, бірден айтамын. «Емдей аламын» деп алдамаймыз. Айта кеткім келетіні, химиялық заттарды пайдаланбаймыз. Қазір шығыс медицинасының дамығаны сондай, америкалықтар да емделуге Қытайға келіп жатады. Жаңа ине салғаннан кейін иммунитет жоғарылайды дедік қой, инені алып тастағаннан кейін де оның әсері болады. Тіпті бір жылға дейін әсер етуі мүмкін.
– Шығыс медицинасында инеден басқа не қолданылады?
– Шығыс емінің – массаж жасау, қан алу, от ине, күш-қуатты жоғарылататын алтын ине деген түрлері бар және шөп-дәрілер береді. Алтын ине деуіміздің себебі, ине алтын болғандықтан емес, оның денеге күшті әсер етуінен солай дейді. Әр емші ем түрлерін ауру түріне байланысты қолданады.