Алматыда «Даму» қорының ұйымдастыруымен алғаш рет «Қазақстанда жасалған» атты отандық өндірушілердің көрмесі өтті.
Кәсіпкерлер форумына Қазақстанның барлық өңірлерінен келген жүзден астам өндіріс компаниялары өз өнімдері мен қызметтерін көрмеге шығарды.
«Қазақстанда жасалған» көрмесінің мақсаты – «Даму» қоры құралдары арқылы мемлекеттік қолдау алған отандық өндірушілердің өндірген өнімдерін көрсету. Көрмеге Қазақстанның барлық аймағынан келген 100-ден аса, соның ішінде тамақ, құрылыс саласы, жиһаз, киім, арнайы техникалар мен жабдықтар, сонымен қатар
кәдесыйлар мен баспаханалық өнімдер шығаратын компаниялар қатысты. Кәсіпкерлер форумының ашылу рәсімінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» басқарма төрағасының орынбасары Алина Алдамберген, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова сөз сөйледі.
– Құрметті, кәсіпкерлер, Алматы қаласына қош келдіңіздер деп бастады сөзін форумды ашқан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек. – Қазақстанның кәсіпкерлері осында жиналып, Алматыда өткізіліп жатқан бұл шара өте маңызды деп санаймын. Мұндай форумның мұнда өтіп жатқаны тегін емес, Алматы үнемі Елбасының назарында, осы қалада біздің тәуелсіздігіміз жарияланды, көптеген маңызды құжаттар қабылданды. Ал енді шағын және орта бизнеске келетін болсақ, Елбасының негізгі саясаты, тапсырмасы – кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлес салмағы басым болса, дамыған, тұрақты мемлекет боламыз. Сондықтан Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған «Бәйтерек» және «Даму» институттары кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көмек көрсетіп жатыр. Өндіріске ең қажеттісі қаражатқа қол жеткізу, қаражат болса барлық жоспарды жүзеге асыруға болады. Алдағы уақытта мемлекет, қала тарапынан қолдау көрсетіле береді.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, «Даму» қоры соңғы бес жылдың ішінде 23 мыңға жуық кәсіпкерге (22 965) қаржылай, 140 мыңға жуық кәсіпкерге (139 910) қаржысыз қолдау көрсетіпті. Қазіргі кезде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының несие портфелі 1,3 трлн теңгеден асты. Бүгінгі күні операторы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ болып табылатын «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша, 6 477 компанияның сыйақы мөлшерлемесі субсидияланды. 106,5 млрд теңге өтеусіз субсидия төленген. «Даму» қоры 2010 жылдан бастап 1 392 кәсіпкерлердің несиесі бойынша кепілдік берді. Оның
687-сі 2015 жылдың 10 айының ішінде берілген. Осылайша, биылғы жылы «Даму» қоры өз кепілдігімен елдегі берілген барлық несиелердің 5 пайызын қамтыды.
«Даму» қорының көмегімен жұмысын бастаған «Petread Almaty» компаниясы жүк көліктерінің дөңгелек резинасын қалпына келтірумен айналысатын көрінеді. Компания директоры Нұржан Әбілқайыровтың айтуынша, қазіргі кезде Алматыдағы жолаушыларды тасымалдайтын 800 автобус осы компанияның өнімін пайдаланады екен. Отандық өнімнің сапасы шетелдік резиналардан кем емес, ал бағасы екі есеге арзан тұрады.
– Біздің компания бес түрлі бағытта жұмыс жасап, 300-ден астам медициналық өнімдерді шығарады. Шетелдік компаниялармен бірлесіп жүзеге асыратын бірнеше жобалары бар. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, компания 258 медициналық «жедел жәрдем» көліктерін медициналық қажетті құралдармен жабдықтады. Қазіргі кезде халықаралық СЕ маркировкасын алуға дайындық жүргізіп жатырмыз, содан кейін өз өнімдерімізді Еуропа және Таяу Шығыс елдеріне экспортқа шығара бастаймыз. Компания Дубайда өтетін жаңа техникалар көрмесіне екі жыл бойы қатысып жүр, алдымыздағы ақпан айында өз өнімін тағы да көрмеге шығармақ дейді Шымкенттегі медициналық құрал-жабдықтар өндіретін Kazmedpribor Holding компаниясының техникалық жабдықтау бөлімінің менеджері Гүлдана Нұсқабаева.
Көрмеге әр облыстарда жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер өз өнімдерін алып келген екен. «Арай-EAST FOOD» ЖШС аймақтық өкілі Бекболат Жақыпов шұжықтың түр-түрлерін алып келсе, тері илеп, тон тігетін жеке кәсіпкер Гүлжан Қожабекова тері өнімдерін, Петропавл қаласынан келген, қысқы, жазғы аяқ- киімдерін тігетін Виктор Петросян өз өнімдерін көрмеге шығарыпты.Бұлардың барлығы – «Даму» қорының қолдауымен өндірісті жолға қойған кәсіпкерлер. Отандық кәсіпкерлердің шығарған өнімдер, біріншіден, бағасы арзан, екіншіден, шетелдік өнімдерден сапасы артық болмаса, кем емес екендігіне осы көрмеде көз жеткіздік.
«Даму» қорының алдағы уақытта да отандық кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетуді тоқтатпайды. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерге жылдық 6 пайызбен несиелеу жүргізіледі. Субсидиялау да жалғасын табады. Сол үшін 7 миллиард 200 млн теңге бөлініп отыр. Одан басқа «Даму» қоры Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп, аймақтық қаржыландыру бағдарламасын іске асыра бастады. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға «Даму» қоры тарапынан 1 млрд теңге, қала әкімдігі тарапынан 500 млн теңге бөлінген. Бұл бағдарламаға өз жобаларын Астана қаласында іске асыратын немесе іске асыруды жоспарлап отырған Астананың кәсіпкерлері қатыса алады. Бүгінгі күні бұл бағдарлама бойынша жалпы сомасы 390 млн теңгені құрайтын 2 жоба қаржыландырылған. Сондай-ақ жалпы сомасы 613 млн теңге көлеміндегі 9 жоба екінші деңгейлі банктер қарауында. Өңірлік үйлестіру кеңесінде жалпы сомасы 515 млн теңге сомасындағы 4 жоба мақұлданды, бірақ әзірше қаржыландырылған жоқ.
Жастар кәсіпкерлігін қолдау мен дамыту үшін «Даму» қоры Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп «Astana-Damu–ZhasStarT» бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұл бағдарлама экономиканың әртүрлі саласында жұмысын жаңадан бастаған жас кәсіпкерлердің жобаларын қолдауға арналған. Бағдарлама бойынша несие сомасы 20 млн теңгеге дейін, ал сыйақы мөлшерлемесінің жылдығы 7 пайызды құрайды. «Даму» қоры жұмысын жаңадан бастаған жас кәсіпкердің несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік береді. Бүгінгі күні Қор жалпы сомасы 104,7 млн теңге сомасындағы 7 жобаны мақұлдады. Қор филиалында 40 млн. теңге сомасындағы 4 жоба қаралуда. Бұл жобалар бойынша ішінара кепілдендіру қарастырылған. «Даму» қорының алдағы уақыттағы жобалары осындай.