Сенім грамоталарын қабылдады

/uploads/thumbnail/20170708201749887_small.jpg

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бір­қатар елдердің елші­лерінен Сенім грамотасын қабылдады. Атап айт­қанда, Еуропалық одақ­тың Қазақстандағы өкіл­дігінің басшысы Траян Лау­ренцю Христеа, Польша Рес­публикасының Төтенше және өкілетті елшісі Мачей Ланг, Түркияның Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Ұянык, Венгрияның Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани, Вьетнам Социалистік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Доан Тхи Хиен Суан Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президентіне Сенім грамотасын тапсырды.
Сенім грамоталарын тапсыру рәсімінде Мемлекет басшы­сы дипломаттарды біздің елде­гі қызметтерінің басталуымен құт­тықтады, сондай-ақ, олардың Қазақстанға мазмұнды әрі маң­ыз­ды оқиғаларға толы кезеңде келгенін атап өтті.
«Қазақстан халқы жуырда Қа­зақ хандығының 550 жылдығын атап өтті. Бұл – қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің қалыптасуында зор рөл атқарған елдік құрылым. Ерте заманда бұл Ұлы Даладан Шығыс пен Батысты жалғаған Ұлы Жібек жолының бір бөлігі өтіп жатқан. Қазақстан сол дәстүрді жаңғырта отырып, өз дамуының жаңа белесіне көтерілді. Елімізде «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы іске асырылуда. Оның мақсаты – Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін барынша арттыру», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Пре­зи­денті индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асы­руға, «Астана» халықаралық қар­жы орталығын құруға, халық­аралық ЭКСПО-2017 көр­месін өткізу дайындығы мен бес инс­титуттық реформаға қатысты мәсе­лелерге тоқталып өтті. Осы ретте, Мемлекет басшысы бұл бастаманың бәрі тиімді ынты­мақ­тастық үшін жаңа перспек­ти­валарға мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев күн тәртібіндегі сыртқы сая­сат мәселелеріне тоқталды.
«Бір ай бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының ме­рейтойлық 70-ші сессиясы ашыл­ғаны белгілі. Ондағы пікірсайыстар адамзат дамуының жаңа парадигмасын әзірлеудің аса қажеттігін дәлелдеп берді. Біз «Жаһандық Стратегиялық Бастама-2045» жос­парын ұсынамыз. Оның мәнісі – соғыстар мен қақтығыстардың се­беп­теріне жол бермейтін стратегия жасау», – деді Қазақстан Пре­зиденті.
Мемлекет басшысы XXI ға­сыр­да адамзаттың басты мақ­са­ты ядролық қарусыз әлем ор­нық­тыру болуға тиіс екенін, сол үшін Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Ядролық қарудан ада әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынатынын айтты.
Қазіргі уақытта терроризм мәселесі өте өзекті болып тұр­ғаны атап көрсетілді. Нұрсұлтан Назарбаев ислам радикализмі мен бейбітсүйгіш ислам ұғымдарының ара-жігін ажыратудың маңыз­дылығына назар аударды. Осыған байланысты біздің ел «Ислам терроризмге қарсы» атты форум өткізу туралы идея ұсынып отыр, деді Қазақстан басшысы.
Қазақстан Президенті Еу­ро­па­лық Одақ Қазақстанның әлемдегі басты сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. «Елдің жал­пы тауар айналымы мен ше­телдік инвестиция көлемінің жартысына жуығы Еуроодаққа тиесілі. Менің Брюссельге был­тырғы қазан айындағы сапарым кезінде біз Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім жөніндегі, сондай-ақ, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру шарттары туралы келіссөздерді аяқтадық. Осы тарихи құжатқа қол қою үшін Еуроодақ басшылығының Астанаға ресми сапармен келуін күтеміз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақ­стан мен Венгрия халқын ор­тақ тарих пен мәдениет бай­ла­ныс­ты­ра­ты­нын айтты. «Екі елдің саяси, экономикалық және мә­де­ни-гуманитарлық байланыс­тары стра­тегиялық серіктестік аясын­да дамып келеді. Біз Премьер-министр В.Орбанның биылғы сапа­рының қорытындысын жоғары ба­ғалаймыз», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев арада жоғары деңгейдегі өзара се­нім­ді үнқатысу орнағанын айта келіп, Қазақстанның Польша Рес­пуб­ликасымен өзара тиімді ынты­мақ­тастықты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы аясында Президент А.Дудамен кездестік. Сауда-экономика байланыстары жанданып, өзара тауар айналымы ұлғаяды деп үміттенеміз», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті елі­міздің Вьетнам Социа­листік Рес­публикасымен ынты­мақтас­тықты дамытуға зор маңыз беріп отырғанын айтты. «Біз Вьет­нам бизнесінің Қазақстан нары­ғына қатысу аясын кеңейтуге мүдделіміз. Тоқыма өндірісі, жи­һаз жасау, халық тұтынатын тауарлар өндіру саласында бірлескен өндірістер ашуға әзірміз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы бауырлас Түрік Республикасымен ынтымақтастықты Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі ретінде атады. «Қазақстанда түрік компания­лары табысты жұмыс жүргізуде. Экономиканың шикізаттық емес секторларындағы ынтымақтастық аясын кеңейте түсу маңызды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Рәсім соңында Қазақстан Пре­зиденті елшілерге жаңа қыз­мет­терінің жемісті болуына тілек­тестік білдірді. Ал елшілер өздеріне білдірілген сенімге зор ілтипат білдіріп, елдерді елдестірмекке бар күш-жігерлерін жұмсайтындарын айтты. Өз кезегінде Еуропалық одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы Траян Лауренцю Христеа ЕО тарапы Қазақстан қабылдаған реформалар жолын қолдайтынын жеткізді.
«Еуропалық одақ Қазақстан қабылдаған реформалар жолын, «100 нақты қадам» бағдарламасын әрі қарай да қолдайды. ЕО-ның мұны қолдау бағытында нақты ұсыныстары бар», – деді ол. Дипломаттың айтуынша, Еуропалық одақ меритократия жүйесін нығайту бойынша бұдан кейін де қолдау жасайтын болады. Осы орайда, ол бұл тұрғыда мемлекеттік қызметті жаңғырту мен ғылыми-технологиялық дамуға көмек көрсету бағытында нақты жоба бар екенін көлденең тартты.
Сонымен қатар, Траян Лау­ренцю Христеа ЕО мен Қазақстан арасында жақында Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қою жос­парланып отырғанын жеткізді. «Бүгінде бұл құжат аясында келіссөздер аяқталды», деді ол. Елшінің сөзіне қарағанда, бұл жобалар мен келісімдер сауда және инвестиция саласында қатынастарды әрі қарай кеңейтуге негізделген. «Біз Астанада ағыл­шын құқығы негізінде жұмыс іс­тейтін қаржы орталығын құру жобасын қолдаймыз. Бұл бас­тама Қазақстанға инвестиция ағымын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз», – деді Еуропалық одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы.
28-10-02
«Польша мен Қазақстанды мәдени және саяси-экономикалық ынтымақтастықпен қатар, екі ел халқын ғасырлық тарихы тығыз байланыстырады. Осыған орай, аса жауапты қызметіме кірісе отырып, Польша Республикасының пре­зиденті артқан сенімді ақтап, елдеріміз арасындағы ынты­мақ­тастықты және достық қаты­нас­тарын нығайтып, өркендете түсуге уәде беремін. Осы мүм­кіндікті пайдалана отырып, барша Қазақстан халқына жеріміз өсіп-өркендеп, еліміз аман болсын, дегім келеді», деді қазақша тіл сындырып үлгерген Польша Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Мачей Ланг. Бұған дейін сөз алған Еуропалық одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы Траян Лауренцю Христеа да Елбасына Сенім грамотасын тапсырып тұрып, ойын қазақ тілінде жеткізген болатын.
Түркияның Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Ұянык та, қанша дегенмен, бауырлас елдің азаматы екендігін дәлелдеп, ілтипат-тілегін қазақша айтты. «Түрік Республикасының елшісі ретінде осы беделді қызметімді атқару барысында бауырлас елдер арасында орнаған керемет қарым-қатынасты одан әрі қарай нығайту жолында бар күш-жігерімді жұмсайтыныма және осы бағытта Жоғары мәртебелі Президент Назарбаев мырзаның және қазақстандық мекемелердің қолдауын көретініме сенімді екенімді білдіргім келеді», – деді өзінің Қазақстандағы қызметін зор мәртебе санаған Түркияның Төтенше және өкілетті елшісі.
Ал Венгрияның елшісі А.Ба­рани өз сөзінде екі ел арасындағы қарым-қатынастар қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Екі ел арасында Стратегиялық кеңес құру туралы шешім қабылданған, сондай-ақ, аграрлық, азық-түлік өнеркәсібі саласында бірлескен жобаларды қаржыландыру жөніндегі екіжақты қор құру туралы шешімі жасалды. Сонымен қатар, ол Венгрия Қазақстан студенттерінің мажарлық жоғары оқу орындарында оқу үшін 200 стипендия ұсынғанын айтып өтті. «Менің Қазақстандағы жұ­мы­сым кезінде Астанада маңызды «ЭКСПО-2017» көрмесі өткелі тұр. Біздің ел осы айтулы шара­ға қатысатындығын растады. Сон­дықтан бұл бағытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз», – деді А.Барани.
Вьетнам елшісі Доан Тхи Хиен Суан екі ел арасындағы ынты­мақтастықты дамытуда Қазақ­стан тарапынан қолдау болатын­дығына сенімді екенін жет­кізді. «Екі ел арасындағы дос­тық қатынастар мен ынтымақ­тас­тықты ілгерілетуге өз миссиямды тиісті деңгейде жүзеге асыруға әзірмін», – деді елші.

 

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар