Солтүстік Қазақстан облысында қар астында қалған жолдарға асфальт төселуде. Бұл туралы «Қамшы» порталы «Астана» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Республикалық маңыздағы «Жезқазған-Петропавл» тас жолының СҚО аумағындағы бөлігінде қар үстінен асфальт төсеу жұмыстарының жүргізіліп жатқаны түсірілген бейнежазба «Астана» арнасына жіберілген. Алайда, мамандар мұндай әрекетке таң қалуға болмайтынын, күннің суық мезгілінде де жол жабындыларын төсеудің арнайы технологиялары бар екенін айтқан. Сонымен қатар, СҚО-да климаттық ерекшеліктерге байланысты жол жөндеу маусымы бұл өңірде ерте аяқталатыны да айтылған.
«Бүгінде асфальт төсеп жатқан мердігер арнайы белсендірілген минералды ұнтақтарды пайдалануда. Қар жауып тұрған кезде асфальт төсеу жұмыстары тоқтатылған болатын. Техникалық қадағалау органдарының ұсыныстары бар. Сосын мердігер қосымша қаражатқа арнайы ұнтақтар алып жұмысты жалғастырды. Мұндай жұмыстар егер, қайтадан жауын-шашын болатын болса тоқтатылады», - дейді «Қазавтожол» ҰК» АҚ-ы СҚО-ы бойынша филиалы директорының орынбасары Алмас Ыдырысов.