Қарағандылық жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындар электронды билеттендіру жүйесін енгізуге қарсылық танытуда. Бұл туралы «Қамшы» порталы Tengrinews.kz –ке сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған жүйені Алматыда енгізген компания қарағандылық шенеуніктерге ұсыныспен шыққан. Жобамен танысқан Қарағанды қаласының тасымалдаушылары әріптестік туралы меморандумға қол қоюдан бас тартып отыр.
Электронды билеттендіру жүйесін жүзеге асырушы компания басшылығы аталған жобаны енгізу барлық тараптарға пайда әкелетінін айтуда. Тасымалдаушылар кондукторларды қысқарту және жолақысын жинаудың артуы арқылы пайдаға кенелсе, жергілікті бюджетке осы саладағы жариялылықтың арқасында түсім көбейеді. Жолаушыларға да жол ақысын төлеуде заманға сай қолайлы жағдайлар ұсынылмақ.
Автобустарға аталған жүйені енгізу, құрылғыларды орнату бюджет қаражатына емес, компанияның қаражатына жүзеге аспақ.
Қарағандылық тасымалдаушылардан осы жүйені енгізгені үшін жоба иесі түсімнің пайызын сұрап отырған көрінеді. Тасымалдаушылардың наразылығын туғызып отырған да осы себеп. Бұл соманы шамадан тыс көп санаған тасымалдаушы компаниялар келісімнен бас тартып отыр. Аталған жүйені енгізу қажеттілігі әлдеқашан туған және пайдалы жақтары көп деп санайтын қала әкімі Нұрлан Әубәкіров болса мәселені тереңірек талдап, тараптарды бір келісімге келуге шақырып отыр.