Міндетті медициналық сақтандыру жарнасын төлеуден кімдер босатылады?

/uploads/thumbnail/20170708202156952_small.jpg

Қазақстанда Міндетті медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады. Бұл туралы «Қамшы» порталы primeminister.kz. –ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Міндетті ай сайынғы жарналар мен медициналық қызметтерді сатып алуды топтастыру үшін ҚР ДСӘДМ Медициналық қызметтерді төлеу комитетінің базасында коммерциялық емес акционерлік қоғамның ұйымдастырушылық-құқықтық формасында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» құрылатын болады. Қордың құрылтайшысыы әрі жалғыз акционері ҚР-ның Үкіметі болмақ», - деп хабарлады Астанада өткен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңының нормаларын түсіндіруге арналған брифингте ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой.

Оның айтуынша, аталған Қорға жарна төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады. Оның ішінде: балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атанғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар; ҰОС ардагерлері мен мүгедектері; мүгедектер; жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар; интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан тұлғалар; сондай-ақ техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғарғы білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімдерде, сонымен қатар резидентура формасындағы ЖОО-дан кейін білім алып жатқан тұлғалар бар.

Бұдан өзге, жарна төлеуден бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар; зейнеткерлер; әскери қызметкерлер; арнаулы мемлекеттік қызмет жұмыскерлері; құқық қорғау органдарының жұмыскерлері; ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер; уақытша ұстау оқшаулағыштары мен тергеу оқшаулағыштарындағы азаматтар босатылады.

А.Цой еске салып өткендей, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заң биылғы жылдың 29 қазанында ҚР Парламентінде қабылданды. Аталған құжатты ҚР ДСӘДМ ҚР Заң жобасын Мемлекет басшысы айқындаған бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам - Ұлт жоспарының 80-ші қадамын іске асыру шеңберінде әзірлеген. Заңды дайындау барысында үздік халықаралық тәжірибе мен әлеуметтік әділеттілік қағидалары қолданылды.

Қатысты Мақалалар