Алматыдағы трамвай депосы орналасқан аумақ қаншаға сатылуы мүмкін?

/uploads/thumbnail/20170708202205843_small.jpg

1 қарашадан бастап Алматыдағы трамвай депосының жұмысы уақытша тоқтатылғаны туралы бұрын  да хабарлаған болатынбыз. Қала басшылығы бұл тарихи көлікті біржолата қолданыстан шығару мәселесі  күн тәртібіне қойылып отырған жоқ дегенімен, депо жұмысы қашан жанданатынын нақ басып айта алмай отыр. Содан да болар, тұрғындар арасында трамвай тағдырына қатысты түрлі әңгімелер белең ала бастады. Солардың бірі – Алматы орталығындағы трамвай депосы орналасқан жер қалталылардың көз құртына айналды, депоны жабу арқылы сол жерді сатуды, сатып алуды көксейтіндер болуы мүмкін деген әңгіме.

Сонымен, Алматыдағы орталық аудан саналатын Байтұрсынов-Гоголь- Масанчи-Әйтеке би көшелерінің квадратындағы көлемі шамамен 2,5 гектарға жуықтайтын бұл жер телімі сатылымға шығарылған жағдайда қаншаға бағалануы мүмкін? «Абсолют» жылжымайтын мүлік агенттігінің бас директоры Сергей Погребняк  ұлттық валюта «еркін жүзуге» жіберілмей тұрып бұл аудандағы 1 сотық жер бағасының құны 30-35 мың АҚШ долларын құрағаны, қазіргі бағаммен 20-25 мың АҚШ доллары көлемінде бағаланатынын айтады. Яғни, ел аузындағы әңгіме шындыққа айналса, депо аумағы 5 миллион долларға сатылуы мүмкін. Қала ішінде үй салатын жер тапшылығын ескерсек, бұл аймақ ірі құрылыс компаниялары тарапынан сұранысқа ие емес деп айта алмайсыз.  

«Трамвай депосы біржола жабылып жатқан жоқ, ондағы техника мен жолды қалпына келтіру үшін жұмысты уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылданды» деген қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Ерлан Әділов  бұл «уақытша тоқтатудың» қаншаға созылатынын нақты айта алмады. Алайда, бүгінде депо жұмысшыларын троллейбус, автобус жүргізушілігіне қайта оқыту, басқа жұмыстарға ауыстыру мәселелері қызу қарастырылуда. Соған қарағанда, 7 қарашада ашылғанына 78 жыл толатын депо жұмысын жандандыру әкімдіктің жақын уақыттағы жоспарында жоқ сияқты.  

Дархан Мұқан

 

Қатысты Мақалалар