ОҚО әкімінің орынбасары бала сүюді алдын-ала жоспарлау қажеттігін айтты

/uploads/thumbnail/20170708202245141_small.jpg

Шымкентте облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі  комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Жиында қаралған мәселелердің алғашқысы комиссияның жыл басынан бері атқарған жұмысы туралы болды. Соның ішінде Түркістан қаласы мен Төлеби аудандарындағы жағдайға ерекше мән берілді.  Аудан мен қала әкімдерінің дәл осы салаға қатысты орынбасарлары жыл басынан бері жүзеге асырған жұмыстары туралы есептерін қолындағы қағазға жазылған жазуды судырлатып оқып беруден ары аса алмады. Тіпті комиссия төрағасы мен мүшелері тарапынан қойылған қосымша сұрақтарды бұрын-соңды естімеген болуы керек,  мардымды жауаптары дайын болмай шықты. Ақыры соңында баяндамашыларға қойылған сұрақтарға комиссия мүшелерінің бірі араласты. Мәселен, Түркістандағы бала өлімі былтырғы жылмен салыстырғанда бірнеше пайызға артқан. Алайда түркістандық шенеунік есебіндегі статистика басқа. Бұл проблеманың өзіндік себебі де бар болып шықты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілінің айтуынша, Түркістандағы перзентхана тек жергілікті әйелдерге емес, көршілес жатқан Созақ, Кентау мен Отырардан келгендерге де қызмет көрсетеді екен. Ал статистика осы үш аудан, қаладағы көрсеткіш. 

Бұл ақпаратты тыңдаған комиссия төрағасы министрліктің талабына сай әр медицина мекемесінің өз талаптары, нақтырағы қызмет көрсететін халық саны бекітілетінін және бұл өлім бола берсін деген сөз еместігін баса айтты.  Бар мәселені денсаулық сақтау қызметкерлеріне ысырып қойғысы келген баяндамашы Дәурен  Рахымұлы өлімнің алдын алу бойынша билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың өзін айтып бере алмады. «Бала өлімінің негізгі себебі ана денсаулығының нашар болуынан екен. Бірақ, бізде отбасыны, бала сүюді жоспарлау деген болуы керек қой. Сондықтан да әкімдік тарапынан дәл осы мәселеге қатысты халыққа түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып отыру қажет», - деді Е.Айтаханов.

Комиссия отырысында мұнан соң отбасылық зорлық-зомбылық,  отбасы құрудың маңыздылығы мен берекені сақтаудың жолдары, бала тәрбиесінде ата-ананың жауаптылығы туралы сөз қозғалды. Ал атқарылған жұмыстарға комиссия төмен баға берді. Отырыс соңында аудан, қала комиссия төрағаларына жұмысты жандандыру керектігі, жергілікті билік болса, барлық жұмысты ұйымдастыру қажет екендігі айтылды. Жылдың соңында нәтиже болмаса,  біразы қызметпен қош айтысуы мүмкін.

Айта кетейік, ОҚО әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов өңір басшысы жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясына төраға болып тағайындалғанына екі аптадан асты. Бұған дейін бұл қызметті әріптесі Сәкен Қаныбеков атқарған.  

Дереккөз: http://rgmedia.kz/

Қатысты Мақалалар