Бұл туралы ҚР Парламент Мәжілісіндегі жол қозғалысына қатысты заңнамаларды талқылаған жиында Қазақстан көлік құралдарын жүргізушілер одағының төрағасы Талғат Жаңабаев мәлімдеді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
"Автомектептер жүргізушілер куәлігін сатады. Куәлікті туған күнге сыйлауға болады. Бұл біздің тәжірибеде бар. Біреулер: "Міне, ұлым 18 жасқа толды, біз оған жүргізуші куәлігімен бірге автокөлік сыйлағымыз келеді дейді. Мұндай тәжірибе бар. Ондай тәжірибемен неге күреспейміз?"-деген қынжылысын білдірді одақ төрағасы. Оның айтуынша, елдегі жүргізушілердің он пайыздайы ғана жол жүру ережесін біледі екен.
"Біз эксперимент жасап көрдік. Жүз жүргізушінің 13-і ғана жол қозғалысы ережесін тапсыра алды. Бұл мемлекеттік мәселе. Кеңес заманында адамдардан жылына бір немесе екі рет техминимумнан өту талап етілді. Бұл талаптар қазір жоқ. Сонымен қатар, заңнама түбегейлі өзгерген. Қазір жүргізушілер ережені қасақана бұзбайды, себебі олар ережені білмейді", - деді ҚР Көлік құралын жүргізушілер одағының төрағасы.