МІНДЕТТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН БОЛАДЫ?

/uploads/thumbnail/20170708202253125_small.jpg

Ел парламенті Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі әзірлеген «Міндетті әлеумметтік-медициналық сақтандыру туралы» заң жобасын мақұлдады. Жақын күндері құжатқа мемлекет басшысы қол қоятын болады.

Сонымен, міндетті медициналық сақтандыру дегеніміз не? Жауап іздеп көрейік.

Ол – денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі, медициналық көмек қажет еткенде сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады.

Негізінде медициналық сақтандырудың екі түрі бар. Бұл міндетті медициналық сақтандыру және ерікті медициналық сақтандыру. Міндетті медициналық сақтандыру медициналық жәрдемнің сапасын бақылауды қарастырады, оның мақсаты – міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасымен және медициналық жәрдемнің қолданыстағы стандарттарымен кепілденілген көлемде, сапада және шарттарда медициналық жәрдем алуға азаматтардың (сақтандырылған) құқықтарын қамтамасыз ету. Міндетті медициналық сақтандыру дамыған елдердің көпшілігінде бар және азаматтардың денсаулығын қорғауға арналған конституциялық құқығын жүзеге асыруға бағытталған. Ал, ерікті сақтандыру адамның қалауы бойынша ғана жүзеге асырылады. Бірақ, халықтың бұл сақтандыру түріне күмәнмен қарауының да себептері жоқ емес. Себебі, 90-жылдары елімізде міндетті медициналық сақтандыруды жүзеге асыру жолдары қарастырылған, осы мақсатта міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылған болатын. Алайда, қор басшысы өзінің қызмет дәрежесін пайдаланып, қор қаражатын жымқырып, шетел асып кеткені белгілі. Нәтижесінде міндетті медициналық сақтандыру қоры жұмысын тоқтатып, халық медициналық сақтандырусыз қалған еді.  Бұл жағдай әлі де ел есінде.

Сонымен, араға он жылдай уақыт салып, медициналық сақтандыру жүйесі елімізде қайта қолға алынып отыр. Бұл жүйені жүзеге асыру үшін Үкімет Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорын құрмақшы. Азаматтардың ай сайынғы аударатын міндетті жарналары осы қорға топтатырылып, басы ауырып, балтыры сыздағанда осы қор арқылы емдеу мекемелеріне бағытталады.

«Бұл жүйе қарапайым халыққа не береді?» деген сауалға жауап қарастырып көрейік. Азаматтарға медициналық қызмет пакетінің екі түрі ұсынылады. «Базалық» деп аталатын бірінші түрі мемлекет тарапынан кепілдендірілген тегін медициналық көмек. Оның қаражаты республикалық бюджеттен қарастырылады және кез-келген азаматқа ұсынылады. Бұл пакетке жедел медициналық көмек, санитарлық авиация, әлеуметтік сипаттағы ауру түрлерін емдеу, шұғыл жағдайдағы медициналық көмек, профилактикалық екпелер кіреді.

Медициналық көмектің екінші түрі – сақтандыру пакеті. Ол жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қорынан қаржыландырылады. Оған амбулаторлық-емханалық емдеу, стационарлық емдеу (әлеуметтік сипаттағы ауру түрлерінен қоспағанда), стационарды алмастырушы көмек (бұл жерде де әлеуметтік сипаттағы сырқат түрлерінен басқа аурулар бойынша), қалпына келтіру емі, медициналық оңалту, паллиативті көмек, мейірбикелік күтім, жоғары технологиялық көмек түрлері кіреді.

Сақтандыру пакетіне кімдер ие?

Аталған қызмет түрін міндетті жарна аударған барлық ҚР азаматтары, шетелдіктер мен ел аумағында тұрақты тұрып жатқан азаматтығы жоқ азаматтар пайдалана алады.

Медициналық сақтандыру қоры қалай толықтырылып отырады?

Жұмыссыз және әлеуметтік қорғалатын азаматтар үшін мемлекет жарна төлейді. Жұмыс берушілер жұмыскерлері үшін, жұмысшылар өздері үшін міндетті жарналар аударады.

Жұмысберушілер медициналық сақтандыру қорына қанша ақша аударады?

Жұмыс берушілердің аударуы тиіс міндетті жарналары кірістің бес пайызын құрайды. Бірақ, бұл көрсеткіш біртіндеп енгізілмек. Яғни, 2017 жылы екі пайыз, 2018 жылы үш пайыз, 2019 жылы төрт, 2020 жылдан бастап бес пайыз аудару қарастырылған. Бұл аударымдар корпоративті табыс салығын есептегенде шығарылады.

Жұмысшылар қанша жарна төлейді?

Жарнаның жұмысшыларға арналған түрі кірістің екі пайызын құрайды. Жарна аудару 2019 жылы басталады және алғашқы жылы еңбеккердің табысынан 1 процент қана аударылады.

Мемлекет қорға қанша жарна аударады?

Халықтың әлеуметтік қорғалатын бөлігіне (мүгедектер, жұмысшылар, соғыс ардагерлері, көп балалы аналар, т.б.) арнап мемлекет қаражатынан орташа еңбекақының жеті пайызы көлемінде жарна аударылып отырады. Бұл да 2017 жылы 5 пайыздан басталып, 2024 жылға дейін 7 пайыздық көрсеткішке жеткізіледі.

Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына міндетті жарналар аудару 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асады. Ол қаражат ҚР-ы Үкіметі бірден-бір құрылтайшысы әрі акционері болып табылатын қорда жинақталады.

Медициналық-әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамаға сәйкес міндетті жарна төлеуден азаматтардың кей бөлігі 15 категория бойынша босатылады. Олар: «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған және «Батыр Ана» мәртебесі бар, 1,2-дәрежелі «Ана даңқы» орденіне ие көп балалы аналар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектері, мүгедектер, жұмыссыздар, интернат тәрбиеленушілері, күндізгі оқу түрінде оқитындар, бала күтіміне байланысты, бала асырап алуына байланысты демалыста отырғандар, үш жасқа дейінгі бала күтіміндегі тұлғалар, зейнеткерлер, әскери қызметшілер, арнайы мемлекеттік органдардың, құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлері, минималды қауіпсіздік деңгейінен басқа түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілер, уақытша ұстау және тергеу изоляторында ұсталушылар.

Сөйтіп, алдағы жылы еліміз медициналық қызмет көрсетудің жаңа сатысына көшеді. Заң авторлары бұл жүйе денсаулық сақтау саласын дамытып, медициналық көмектің сапасын арттыруға, тіпті, азаматтардың өмір жасын ұзартуға оң ықпалын тигізеді деп ант-су ішуде.

Дархан Мұқан

Қатысты Мақалалар