Соңғы оншақты күннің ішінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің алпауыт елдерінің басшыларын Ақордада қабылдап, келіссіөздер жүргізді. Сондай-ақ президент Ұлыбритания, Франция мемлекеттеріне ресми іс-сапармен барып, бірқатар келім-шарттарға қол қойды. Сарапшылар Қазақ елінің Ресей мен Қытайдан өзге мемлекеттермен қарым-қатынас орнатып, жақындай түсуін дұрыс деп есептейді. Өйткені, аталған әріптестік тәуелсіздігімізді нығайтып қана қоймай экономикалық әлеуетімізді артыруға жол ашады.
Өткен аптада Астанаға Жапония премьер-министрі Синдзо Абэның ресми іс-сапармен келіп кеткені белгілі. Аталған сапардан біз Жапонияның Қазақиямен тығыз қарым-қатынас орнатып, экономикалық байланыс жасауға мүдделі екенін аңғардық. Оның үстіне, Күншығыс елі Қытайдың Орта азияға ықпалының күшейгеніне алаңдап, өздерінің мүддесін көздеп отыр. Бұл арада Жапониямен байланысты нығайту біздің ел үшін де тиімді екенін айтып өткен жөн. Мәселен, Күншығыс елімен әріптестік орнату Қытайдың Қазақ еліне жасап отырған экономикалық үстемдігін азайтады.

Бұған дейін аталған мемлекет «Орталық Азия-Жапония» деген форматта жұмыс істеп келген болатын. Алайда Жапония Қазақ елімен қарым-қатынасты нығайту үшін бұл форматтың аздық ететінін түсініп, жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізуге мүдделі болып отыр. Бұл туралы «Азаттық» радиосына берген сұхбатында қазақ-жапон қатынастарын зерттеуші Ләйлә Нұрғалиева мәлімдеді. Оның айтуынша Қазақ еліне де Күншығыс елімен жақын қарым-қатынас орнату тиімді болады. Өйткені жоғары технологиялы Жапония Қытаймен ара салмақты теңдестіруге ықпал ете алатын бірден бір ел саналады.
– Жапонияның көптеген ақпарат құралдары премьер-министр Абэ ең әуелі энерго тасымалын диверсификациялау үшін табиғи ресурстарға бай Орталық Азия елдерімен байланысты күшейтуді қалайды, сонан кейін ғана бұл елдерге Қытай ықпалын азайтуды көздейді деп жазып жатыр. Жапонияның бірінші кезекте аталған өңірде Қытай ықпалын қатты күшейгеніне алаңдайтынына назар аудартқым келеді. Аумағынан Жібек жолы өтетін Қазақстан – аймақтағы маңызды ел. Осыны түсіне отырып Жапония бұрынғыдан белсендірек қимылдағысы келеді. Сондықтан премьер-министр Коидзумидің 2006 жылғы сапарынан кейінгі бұл сапарды жоғары деңгейдегі екінші сапар деп ойлаймын, – дейді Ләйлә Нұрғалиева.
Ұзын сөздің қысқасы Жапониямен байланысты күшейту Қытайдың елімізге деген ықпалын азайтады. Оның үстіне Күншығыс елі – Қытаймен ежелден бәскелес мемлекет. Демек, біздің ел осы бәсекелестікті тиімді пайдаланып, Жапониямен әріптестікті нығайта түсуі керек. Өйткені, сарапшылар Қытайға қарағанда Жапопнияның «жұмсақ» қарым-қатынас орнататынын алға тартып отыр.
Сондай-ақ, Қазақ елі Ресей мен АҚШ-тың арасындағы бәскекелстікті тиімді пайдаланып, өзінің ұлттық мүддесін қорғауы керек. Мысалы, осы аптаның басында Елордаға АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джон Керри келіп кетті. Алпауыт мемлекеттің жоғары шенді басшысының қазақ еліне арнайы атбасын бұруы біз үшін маңызды. Өйткені, қазіргідей шиеленіскен халықаралық жағдайда Ресейдің ықпалында қалып қою қауіпті. Сондықтан да Қазақ елі бұған дейін жүргізіп келген көп векторлы саясатты басты ұстаным етіп отыр. Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша Орта Азия елдерінің Ресейге жақындауына АҚШ алаңдаулы. Өйткені аталған мемлекет Еуразия экономикалық одағын кеңес үкіметінің негізінде құрылған саяси ұйым деп есептейді.

– Кремль жай ғана интеграциялық құрылым емес, шын мәнісінде бұрынғы Совет Одағын қалпына келтіру, сол арқылы Мәскеудің саяси үстемдігін орнатуды көздейді. Бұл ұйымға басқа мемлекеттердің сыни көзқарасы белгілі. Соның ішінде Джон Керридің алдындағы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтоннің «аймақты қайта советтендіруді көздейтін құрылымдарға жол бермейміз» деген пікірін еске түсіруге болады. Осы ұйым төңірегінде оқтын-оқтын айтылатын ортақ валюта, ортақ қауіпсіздік туралы мәселелер әлемнің жетекші мемлекеттерінің алаңдаушылығын туғызуы ықтимал, – дейді Расул Жұмалы.
Қазақ елі құдайдың жазуымен әлемдегі ең алпауыт мемлекеттер – Ресей және Қытай елдерімен көрші болып отыр. Міне, осындай аю мен айдаһардың ортасында өзіңнің тәуелсіздігіңді сақтау үшін өзге елдермен тығыз қарым-қатынас орнату қажет. Сондықтан да Елбасы Астанада Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керримен кезді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Ұлыбритания мен Францияға ресми іс-сапармен барып, кездесулер өткізуі алпауыттар арасында ауыр әңгіме жүріп жатқанын аңғартады.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана