Әр аялдаманы он миллионға салып жатқан Астанадан соң, Қарағандыда қалыс қалмай, миллиондарға жылы аялдамалар орнататын болды. Бұл туралы «Қамшы» порталы 31.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қытымыр аяздан қорғайды деген екі аялдамаға 18 миллион теңге жұмсалмақ. Қарағандыдағы вокзал қызметкерлері қыстың қырық градус аязында жылы аялдамаларды салуды Елорададан бұрын ойлағандарын айтады. Бірақ қаржы табылмаған соң, ақыры құрылысты өз қаржыларына кешуілдетіп бастапты. Астана шенеуніктерінің миллиондап ақша жұмсап, бір айға да жетпей сыр берген аялдамаларынан сескенді ме, әйтеуір қарағандылық вокзал өкілдері әзірге екеуін ғана орнатпақ.
Қыруар қаржы бөлінген екі бірдей аялдаманың құрылысы осыдан бір ай бұрын басталған. Нысандар қолданысқа жылдың соңына дейін беріледі деген жоспар бар. Вокзал басшылығы, «жабық аялдамаларда бейнебақылау камералары мен wi-fi жүйесін орнатамыз» дейді. Тіпті, шенеуніктердің көп мақтаған электронды билеттеу құрылғылары да қойылмақ. Бірақ қарағандылықтар бұған әлі дайын емес сыңайлы. Көпшілік «Астанадағы жағдай бізде де қайталанып, қыруар ақша желге ұша ма деп» әлден алаңдап отыр.
Серік Жолдасбай
Астана