Бақыт таңы
Тамсанып, таңдай қақтым келбетіңе,
Жүрегіме, жарқыным, кел де түне.
Мен неткен бақытты едім о,шіркін-ай,
Сен барында тап келген жер бетіне.
Күлші тағы, күлкіңе тамсанайын,
Күлкіңменен құлпырар жан сарайым.
Бақыт деген ол сенің күлгенің ғой,
Ал бақытты несіне аңсамайын.
Тіл қатшы бір, тіліңнен тамызшы бал,
Жаным сусап тұр менің тамызшы нәр.
Сөйлесуге бір себеп іздеп тұрып,
Тағы себеп іздеймін табыстырар.
Бақыттың мың атса деп тағы таңы,
Көкейімнен төгілер шабыт әні.
Өлеңімде кез болған періште қыз,
Өмірімде кездесші тағы, тағы...
***
Көл көрдім десем аққулар жүзген,
Көзің екен ғой ақ арың тұнған.
Көктемнен бейнең, көңілің күзден,
Жаратылыпты жанарың нұрдан.
Өлең бе десем бұл қандай назды,
Сөзің екен ғой тіліңнен тамған.
Мен білсем, бұлбұл әуен мен сазды,
Алтыным, сенің үніңнен алған.
Қар екен десем аспаннан жауған,
Арың екен ғой, асылым, сенің.
Қан екен десем ақ қарға тамған,
Екен ғой сендік алқызыл ерін.
Гүлі екен десем даланың әсем,
Сен екенсің ғой жанымды еліткен.
Ойымда бейнең, жанарымда сен,
Ойламаушы едім, сағындым, әттең.
Шығар деп бір күн менен бір ақын,
Өлеңді сүйген еріп көңілім.
Өлең бе десем шерден туатын,
Сен екенсің ғой менің өмірім.
Жүзім*
Көзіңе көзім еріксіз түсті,
Мойылдай емес, қара жүзімдей.
Қараның күші недеген күшті,
Назарым менің барады үзілмей.
Құлаққа таққан асыл сырғаң да,
Салады есіме жүзімнің көгін.
Жол емес, бізді табыстырған да
Қызыл жүзімдей қызыл гүл өңің.
Тілің де тәтті, сөздерің бал ма ед(і)?
Жүзімнен алған шараптай.
Емделмес, сіра, мендегі жан дерт,
Күнімнің сен деп таңы атпай.
Жүзімді айта беріпсің ғой деп,
Жүзімге ғашық деме сен.
Мазаламай ма күдікшіл ой кеп,
Өзгеге өзіңді теңесем.
Ғашықтың болмас ісінде тыным,
Ғашық болмаса тең бе адам?
Жүзіңді еске түсіретұғын,
Жүзім сыйлашы сен маған.
Бір қызға
Қайтейін, амал қанша, сағынамын,
Қосса да сағынышым да бағыма мұң.
Мен сені жақсы көрем.
Жақсы демен,
Жан сүйген жоғалуы қазынаның.
Білемін,
Арманың асқар таудан биік-ақ тым,
Сенім мен сыйланған соң сыйы Хақтың.
Себеп бар сағынуға:
Сен бұлақсың,
Құтыма бір тамшыңды құйып аппын.
Мен сені сағынамын,қалқам, түсін,
Қарсы алам қалқамды ойлап әр таңды шын.
Бір тамшы сиясы боп қаламымның
Сағыныштан сарқылды шалқар күшім.
Тек енді өтінерім: хатыңды үзбе,
(Сабынан серілердің атымды ізде.)
Сағындырып жүректі сарғайтпағын,
Онсыз-дағы жүрегім жақын күзге.
Жиірек жағдайыңды айт, беріп хабар,
Төгілтіп лебізіңді ерікті алар.
Көкте көшкен бұлттардан сәлеміңді айт,
Бір күні Алматыма келіп қалар.
***
Әке
Әке,
Айбыныңды асқақ етер нар ұлың,
Жеңіле қап жер қаппайды жауырын.
Қамшы басып арман-аттың жонына,
Терге малып, сабындатам сауырын.
Әке,
Үмітіңді ақтаймын ғой әлі мен,
Сенімсіздік танытпашы, ғаріп өң.
Ақсақалдың алдын кесіп жүргем жоқ,
Жастан жасып, қашқаным жоқ кәріден.
Әке,
Уайымдама, бақыттымын, сорлы емен,
Жасымай-ақ жортып келем жолды ерен.
Күркіреген күрсінісі көңілдің,
Шаттығы да шат көңілдің болды өлең.
Әке,
Уайымдама, жалғыз емен, досым көп,
Тасаланар жасын атса тосын көк.
Өлеңшіл боп өмір сүріп жүр ұлың,
Қағазы мен қаламы боп қос ілгек.
Әке,
Кітап болып жақыныма жоралғым.
Өзіңдей-ақ кітапқұмар боп алдым.
Әке,
Түгесілмей кір көңілдің кірбіңі,
Жалғасуда «тірі адамның» тірлігі.
Ұлыңның да бір кітабын оқырсың,
Сөз өнері төр ұсынса бір күні.
***
***
ОЙЫМДА СЕН
Ойымда сен,
Сенің мөлдір көздерің,
Көздеріне түспесінші өзгенің.
Сенің демің
Сенің демің болмаса
Тұншықтырып бара жатыр өз демім.
Ойымда сен,
Сенің қара бұрымың,
Жүрегімнің айталмаған сыры мың.
Саған салып сезімімнің құрығын,
Бүтіндедім жүрегімнің сынығын.
Ойымда сен,
Сенің айтар сырларың,
Ұмытамын көкейімде мұң барын.
Сөздеріңмен, сөздеріңмен мендегі
Жүректі жүз, сананы мың шырмадың.
Ойымда сен,
Сен ғанасың,алтыным,
Сенсіз жолдың,
Алды – қайғы,арты – мұң.
Кездесейік,
Кездесейік, өтінем,
Өткеннен соң ертеңгіден алты күн.
***
Қазақтың бақытына туған ұл
(М.Шахановқа арнау)
Тарихын тасқа жазған Ер Түріктің,
Бүгінде ұлағатты сертін ұқтым.
Бертінде бабалырым жауға шапқан,
Асынып бес қаруын беркініп мың.
Шыңғыстың Шағатайы қарманып ап,
Жанарды кеткен кеше қанға бұлап.
Отырар жұрты кеше берілмеген,
Түрген соң алты ай бойы арға құлақ.
Ойраннан опат болған Отырардың,
Жанарға жұрты жаққан отын ардың.
Бір ұлын сол Отырар бізге берген,
Ерлікпен ел тарихы оқылар күн.
Қазақтың қазақтығын сақтау үшін,
Қазаққа жеткізді ол хақ дауысын:
«қазағым қазақтығын нақ танысын,
Деді де білек түріп бастап кетті,
Кешегі желтоқсанды ақтау ісін.
Кешегі қытымырлық ойды арбаған,
Санаға салып қойды ойларды алаң.
Ұлыстың ұлы күнін қайта әкелді,
Алпыс екі жыл бойы тойланбаған.
Тауып ап жыр етудің жақсы ретін,
Жырлаған тәубешіл ел тақсіретін.
Ең алғаш ойлаған ол шын қамығып,
Балқаш пен Аралымның қасіретін.
Соқпақты сонау жылдар дүрбелең де,
Күшіктер билікқұмар үрген елде.
Бір өзі қарсы болды атып тұрып,
«Орыс-қазақ мемлекеттік тіл» дегенде.
Ұғынсын ұлағатты қазақ мұны,
Тілінен көрінеді ел азаттығы.
Сонда ағам жиынына сөз қатты ұлы:
«Қазақтың азат туы тұрған кезде
Елдік тіл болу керек қазақ тілі».
Бүгінде әлем білген Мұхтар атын,
Биіктің биігіне шыққан ақын.
Қазақтың қамын ойлар сәттер де көп,
Содан ғой қайыстырған жүк қанатын.
Төгетін төгілетін нұрға нұр шын,
Қазақтың әр ұлына шын бауырсың.
Ғасырда бір туатын ерек адам,
Қазақтың бақытына туған ұлсың.
***
Тәубе
Жаныма жалау етіп хақтың дінін,
Тәубеге келдім, Алла, кешір мені.
Өткенім қайта түрмес ақ түндігін,
Уақыттың қайтара алман көшін кері.
Өткенге өкініш бар өзекте көп,
Қайнаған жанартаудың лавасындай.
Сынаққа сырқырадым, тез өкпелеп,
Уақыттың білдім екен бағасын қай?
Нәпсінің орындаппын көп қалауын,
Өмірде бақыт сыры осы ма деп?
Тозақтың ойламаппын отты алауын,
Болыппын мініме мін қосып әлек.
Күнімнің бос өткіздім көп сағатын,
Түнімнің тыныштығын текке бұзып.
Бақыттың қаққан ізгі көк қанатын,
Білмеппін бағасын да кеткен ұшып.
Ең қиыны сұмдық бар арыма сын,
Сөгетін намысымды, бақытты анық.
Ұғынбай мен шындықтың мағынасын,
Өзімше өлең жаздым шабыттанып.
Шемен жыр, шегелендің шер боп тұнық,
Өзгеге ризық болып татымадың.
Білмедім, білімімді жерлеп тұрып,
Ақынның пайғамбардай хақы барын.
Жаратқан, жарылқадың сый ғып беріп,
Ақын деп маңдайыма мөрді басып.
Өзге ақын жауһарларын жидық келіп,
Көңілдің жадыраттық көркін ашып.
Рухыма ризық етіп, Аллам ұлы,
Сый бердің берілмеген елге бөтен.
Малынған тұнығыма қаламымды,
Мұсаның асасындай сермек өтеп.
Сенделіп себепсізден жүргізбейтін,
Пайғамбар салып кеткен жол тамаша.
Дінімнің дестелетіп құндыз кейпін,
Өлең жазам,
Пайғамбар хадисіндей болмаса да.
Өлеңім бақытын әз сезінеді,
Танытсам әуезімен көпке реңін.
О, Алла,
Етпегейсің шабытты кезімді өлі,
Жауһардай жыр жазудан шектемегін.
Әмин...
***
Сәуірдегі сезім
Көңілге де әр берді тамаша бір,
Наурыз көшіп туылған бала сәуір.
Күн еріншек боп алды, түн асығыс,
Кештеу жағып жүр содан қала шамын.
Кәрі кетті қаңтардың, ақпанның да,
Тоқымдай-ақ қап қойды ақ қар шыңда.
Жылу жетіп жасылын жамылды жер,
Өрік гулдеп, жаңғақ тал таққан сырға.
Тарыдай мұң жүрекке ауыр келед,
Жылу жетсе жаныңа тәуір медет.
Кештеу жанған шамдайын сезіміме
Ойға батам себепкер сәуір ме деп.
Тоқым қардай шыңдағы кірсіз бе арың?
Сенің жоғың - сәуірдің гүлсіз хәлі.
Сәуірге сақтамашы,
Жүрегіңнің
Қаңтарға тастап кетіп жүрші ызғарын.

Жанұзақ ОРАЗБАЙ, Абай атындағы ҚазҰПУ филология институтының 2 курс студенті