«Түйені теңселткен дауылды күні ешкіні аспаннан ізде» дегендей, тоқсаныншы жылдардың орта тұсындағы еліміздің экономикасындағы ауыр ахуал талай өңірді теңселтіп, талай ауылды аздырып жіберді. Ауылдардың тірлігі шатқаяқтап, біразының тұрғындары жұмыс іздеп, жайлы тұрмыс іздеп қалаларға ағылды. Маңғыстауда тірлігінің тоз-тозы шығып, жұмыссыздық жайлап жабырқап-жүдеген ауылдың бірі Құрық болатын. Сол кездегі ауылдың ахуалына аянышпен қараған бәзбіреулер әзіл-шыны аралас «Құрық, кетіпті құрып» деген тіркесті туындатып алған болатын.
Бүгінгі Құрық тұрғындары өз іргесінде салынып жатқан үлкен жоба – Құрық паромдық кешені құрылысына үмітпен қарайды. «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, ауылдың маңына, толқып жатқан теңіздің жағасына алып машиналар, мойны көк тіреген крандар келіп, адам қарасы көбейіп, қара жерді қақырата қазып, ақмаржан тастарды қаз-қатар қалап, қызу жұмыспен іргелі кәсіпорынның іргетасын тіктеп жатса, үміттенбей қайтсін?
Нарықты айтпағанда, елдер арасында қарым-қатынас, барыс-келіс көбейген заманда транзиттік әлеуетке ие деп саналатын, көлік дәлізі деп айрықша айтылатын Маңғыстаудың бір өткізгіштік мүмкіндігі осы Құрықта жатыр. Қазақстанды солтүстік-оңтүстік желі арқылы Парсы шығанағы, Үндістан, Пәкістан, Иран, Түрікменстан, Ресей, Еуропа елдерімен жалғап, ТРАСЕКА көліктік дәлізі арқылы Қытай, Кавказ, Еуропа көліктік бағдарын түзеді. Бұл бағытта өңірде Ақтау халықаралық теңіз-сауда портын солтүстік бағытта кеңейту жұмыстары жүріп жатса, «Өзен – Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» теміржол желісі құрылысы салынып бітті, сондай-ақ, «Бейнеу – Шалқар» теміржол желісі іске қосылды. Қазіргі таңда Маңғыстауда мемлекеттік «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Құрық паром кешені мен ондағы «Боржақты – Ерсай» теміржолы құрылысы қарқын алып тұр.
Құрық паром кешені арқылы еліміздің, сондай-ақ, Каспий теңізі маңындағы шекаралас елдердің өнімдерін, атап айтсақ, халық шаруашылығы тауарлары, астық, мұнай өнімдері, тыңайтқыш химикаттардан құралған тауарлар және жолаушылар тасымалданады деп күтілуде. Жылына 4,1 млн. тонна шамасында жүк өткізуге қабілетті кешеннің құрылысы биыл сәуір айында басталды. 21,0 гектар жерді алып жатқан терминал құрылысы барысында қазір жобамен 2 млн. 170 мың текше метр жер қазылған, яғни жалпы жұмыстың 70 пайызы еңсерілді деген сөз. Елбасы Н.Назарбаевтың айтуынша, «келешекте Каспий теңізі секторында мемлекеттік бағдарламаның стратегиялық бағдарламаларын орындайтын» паромдық кешен аумағында кеме құрылысы, кеме жөндейтін, металл құрастыру зауыттары мен мұнай құю терминалы, технопарк, теңіз операцияларын қолдау базасы, құтқару орталығы сынды маңызды нысандар бой көтермек. 2016 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілетін кешен құрылысында қазір 500 адам білек сыбана еңбек етуде. Ал паромдық кешен іске қосылған сәтте 250 адам жұмыспен қамтылатын болады. Құрықтықтардың үміті, міне, осында. Жұмыс таппай сенделіп, алтын ұя – ауылын тастап үдере көшпей, ауыл маңынан ашылған алып кәсіпорыннан «екі қолға бір күрек» табарларына, бала-шағасының нәпақасын осы жерден-ақ айырарына сенімді. Сонымен қатар, бұл Құрық паромдық кешенінің салынып, іске қосылуы мемлекетіміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға өз үлесін қосатын болады.
Құрық паром кешеніндегі маңызды жобалардың бірі – «Боржақты – Ерсай» теміржолы құрылысы. Шағын болғанмен арқалар жүгі, атқарар міндеті ауыр теміржолдың құрылысы паромдық кешен үшін маңызды. Жалпы ұзындығы 13,9 шақырымды құрайтын магистраль Каспийдегі көлік қозғалысын қолдауға арналған инфрақұрылымдық нысан болып табылады. Ол қазіргі таңда жұмыс жасап тұрған Маңғышлақ – Өзен магистралының бір сілемі іспетті, өйткені осы желі аталмыш магистралды Құрық портына жалғайды. Жұмыс қарқын алған аумақта 22,3 шақырым жолдың жоғарғы қабаты төселіп, 16,6 шақырым басты жол және стансалық 5,7 шақырым жол толық салынып аяқталды. Автомобиль өткізу бекетінің құрылысы қараша айының соңына таман аяқталады деп күтілуде.
Биыл шілде айында елордадағы «Көрме» орталығында Мемлекет басшысының қатысуымен еліміздің «Нұрлы Жол» және индустриялық-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламаларының іске асырылу барысына арналған жалпыұлттық телекөпір аясында, «Боржақты-Ерсай» теміржол желісі іске қосылды. Осы күні Ерсай стансасынан алғашқы жүк пойызы жіберілді. Бұл жаңа желі арқылы жүретін пойыздар Құрықтағы ауқымды кешен құрылысына қажетті құрылыс материалдарын – цемент, құм, темір-бетон құрылғыларын тасымалдайтын болады, ал болашақта қызмет аясы кеңейіп, теңіз операцияларына қолдау көрсететін қызметті жалғастырмақ.
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Пікір қалдыру