Ұлт Жоспары іске асырылуда

/uploads/thumbnail/20170708203245977_small.jpg

Осы жылдың мамыр айында Елбасы бес институционалдық реформадан тұратын «100-нақты қадам» Ұлт жоспарын жариялағаны бәрімізге мәлім. Ұлт жоспарының 27-қадамы бойынша Мемлекет басшысы жеке сот орындаушылар институтын одан әрі дамытуды тапсырған.

Жалпы алғанда азаматтық-құқықтық даулар бойынша шешімдерді орындау баламасыз негізде жеке орындауға берілуі мемлекеттік аппараттың жүктемесін біршама азайтары анық. Елімізде жеке сот орындаушылар институтын енгізу кезіндегі басты мақсат та мемлекеттік аппараттың жүктемесін азайту және азаматтарға таңдау құқығын бере отырып, сот актілерін сапалы және уақтылы орындату болған болатын.

Бүгінгі таңда Әділет министрлігімен 27-қадамды іске асыру мақсатында жеке сот орындаушылар институтын дамыту арқылы мемлекеттік сот орындаушылары қызметін біртіндеп қысқарту жоспарланып, бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Бірінші кезекте Қазақстан Республикасының «Атқару өндірісін жетілдіру және ұйымдастыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы әзірленіп, Парламентте қаралуда. Заң жобасы атқарушылық іс жүргізу саласын реттейтін заңнаманы жетілдіру, сот орындаушыларына борышкерлерге әсер етудің нақты тетіктерін беру, атқару саласындағы жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Жобаға сәйкес мемлекеттік сот орындаушыларының өндірісінде мемлекеттен немесе дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке және онымен үлестес заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғалардан, табиғи монополия субъектілерінен өндіріп алу, мемлекет өндіріп алушы болып табылатын істер: пәтерден шығару, орналастыру, бұзу, жер учаскесін алу, өндіру сомасы 1000 АЕК-тен асатын өндірулер және мүлікті тәркілеу бойынша атқарушылық құжаттар қалады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, заң жобасы бойынша жеке сот орындаушылары жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында олардың сотпен санкцияланатын әрекеттерін азайту, көмекшілерінің өкілеттігін кеңейту мәселелері көзделген. Қолданыстағы заңнамамен жеке сот орындаушыларына жеке сот орындаушысы қызметімен айналысуға лицензиясы бар адам ғана көмекші бола алса, жаңа заң жобасында бұл міндеттілік алынып тасталған.

Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар құжаттарды (алимент, еңбекақы) орындау қызметін мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру белгіленген. Яғни, алимент төлемдері бойынша борышкерге іздеу жариялануына байланысты үш айдан астам қарызы болса не борышкердің тұрақты табысы, жұмыс орны, мүлкі болмау, ал еңбекақыны өндіру бойынша борышкердің өндіру жүргізетін қаражаты не мүлкі болмау кезінде жеке сот орындаушыға бюджеттен ақы төлеу қарастырылған.

Заң жобасымен қамтылған өзгерістер сот актілерінің уақтылы әрі нәтижелі орындалуына оң әсерін тигізері сөзсіз.

Ұлт Жоспарының 27-қадамы аясында Әділет министрлігімен мемлекеттік сот орындаушыларын үш есеге қысқарту жоспарланған.

Бүгінде Маңғыстау облысы атқару округінде 17, оның ішінде: Ақтау қаласы бойынша – 14, Жанаөзен қаласы бойынша – 1, Мұнайлы ауданы бойынша – 1 және Маңғыстау ауданы бойынша 1 жеке сот орындаушылары қызметтерін жүзеге асыруда (жеке сот орындаушылары бойынша толыққанды ақпарат департамент сайтында www.mng.adilet.gov.kz орналасқан).

Алдағы күтіліп отырған реформалар аясында облыстағы жеке сот орындаушылар санын 54-ке дейін көбейтіп, барлық қала, аудан орталықтарын қамту көзделуде. Қазірдің өзінде департаменттің аумақтық бөлімдерінде қызмет ететін сот орындаушыларының басым бөлігінің жеке сот орындаушысы қызметімен айналысатын лицензиялары қолында. Сондай-ақ, облыстың жеке сот орындаушыларынан 15 заңгер тағылымдамадан өтуде.

Жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу үшін заңнамамен белгіленген талаптарға келсек, жиырма бес жасқа толған, жоғары заңгерлік білімі бар, жеке сот орындаушысы лицензиясын алған және Республикалық палатаның мүшесі болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматы жеке сот орындаушысы бола алады.

Заң жобасында жеке сот орындаушысы лицензиясын алу бағытында да бірқатар жеңілдіктер қамтылған. Бұрын жеке сот орындаушысы лицензиясын тағылымдамадан өтпей және біліктілік емтиханын тапсырмай алуға құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне кемінде 10 жыл жұмыс өтілі керек болса, жаңа заң бойынша 5 жыл жұмыс өтілі жеткілікті.

Осы орайда, жеке орындау саласындағы көзделген перспективаларды ескере отырып, аталған салада қызмет еткісі келетін жоғары заңгерлік білімі бар азаматтарды тағылымдамадан өтуге шақырамыз. Толыққанды ақпаратты Маңғыстау облысы әділет департаментінің жеке сот орындаушылар қызметін ұйымдастыру бөлімі арқылы алуға болатындығы хабарланады: Ақтау қаласы, 3 б шағын аудан, 16-ғимарат, 311-каб, байланыс телефоны 30-20-14.

Әрине, күтілетін реформалар уақыт еншісінде. Қазіргі таңдағы басты мәселе жеке сот орындаушылар институтының енгізілгеніне біршама уақыт өткеніне қарамастан, азаматтарымыздың басым бөлігі олардың қызметіне жүгінбей отырғандығы. Осы жерде азаматтарымыз жеке сот орындаушыларының қызметіне төленетін ақының өтініш берушіден емес, борышкердің есебінен жүргізілетіндігін түсінсе дейміз.

Жеке сот орындаушыларының табыс көздері өндірілген соманың белгілі бір бөлігінен құралатындықтан, атқару құжатының тез әрі нәтижелі орындалуын көздейді. Бұл өз кезегінде жұмыстың оң нәтижесі мен жеделдетуіне әкеледі.

Осы орайда және алдағы реформаларды ескере отырып, азаматтар мен заңды тұлға өкілдерін өз қарыздарын өндіріп алумен қатар қаражаттары мен уақыттарын да үнемдегілері келсе, жеке сот орындаушыларына жүгінуге кеңес береміз.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар