Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан еркін демократиялық қоғамды дамытудың жедел бағытын жария ете отырып, азат Отанымыздың саяси тарихының жаңа да жарқын болашағына қадам жасадық. Осыған орай, Елбасымыз Н.Назарбаев: «Біз бостандық принциптеріне, әлеуметтік-бағдарлық нарыққа, әлеуметтік ынтымақтастыққа сүйене отырып, толық шешіммен жақсы өмір сүруге икемді, демократиялық қоғам құруға дайынбыз», деп бүгінгі таңдағы маңызды мәселелердің бірі демократиялық құндылықтарға тән қоғамды қалыптастыру екендігін тағы бір баса айтқан болатын.
Іргелі білім негіздері – жоо-ларда
Осы жерде қоғамдағы әлеуметтік жаңаруларды жүзеге асыру міндеті елдегі интеллектуалды әлеуетті арттырмайынша жүзеге аспайтындығы анық. Себебі, демократия бір жылда немесе он жылдықта өзінен өзі құрыла салатын үрдіс емес. Ол – өте күрделі құрылым, сондықтан демократияның орнығуы үшін уақыт және белгілі ресурстар қажет. Осы сұраққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» жаңа бағдарламалық мақаласында халқымыздың өз мемлекетін өркениетті елдер қатарына көтеру жолындағы әлеуметтік бағыттарын толық қамтыған мәселелерді көтереді. Осы тапсырмалар толығымен жүзеге асқанда ғана халықтың денсаулығы жақсарып, білімі мен біліктілігі артатыны, тұрмыс деңгейі көтерілетіні, тіршілік етуі жақсаратыны, еңбекке белсенділігі артатыны, мемлекетіміздің өркениетті елдер қатарына еркін еніп, бәсекеге қабілеттілігі қалыптасатыны айқындалған. Бұл тапсырмаларды орындау арқылы еліміз тағы бір жаңа белеске көтеріледі, қоғамның адам үшін қызмет ету мүмкіндігі арта түседі.
Елбасының идеясы қоғам өмірінің барлық саласын қамтиды – саясат, экономика, білім беру, ғылым, бизнес. Осылардың ішіндегі маңыздыларының бірі – білім беру.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» жаңа экономикалық саясаты озық дамыған 30 елдің қатарына кіруді басты мақсат ете отырып, білім беру, ғылым және экономика салаларындағы батыл да белсенді реформаларды жүзеге асыруды қарастырады. Тұрақты динамикалық сипатта дамитын нарықтық экономиканы қалыптастыруда экономикалық дамумен қатар, білім беру бағытын да дамыту алға қойылған үлкен шаралардың біріне айналып, ол кешенді де жүйелі және терең тұрғыда ойластырылған стратегиялық бағдарламаға ұласты.
Білім беру сапасын жетілдіру еңбек нарығын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етуді мақсат етеді және білім беру мен технологиялар арқылы еңбек өнімділігін арттырады. Сондықтан, талантты жастарды білім гранттарымен қамтамасыз ету еліміздің мемлекеттік саяси басым бағыттарының біріне айналып отыр.
Қазіргі ақпарат заманында ғылым мен техниканың соңғы жетістіктері қолданылатын өндіріс, сауда, қызмет көрсету саласы рөлінің арта түсуіне байланысты еліміздің бәсекеге қабілеттілігі туралы мәселе күн тәртібіне қойылып отыр. Қоғамдық өндіріс салалары да, еліміздің өзі де білім беру жүйесі бәсекелестік қатынастарға төтеп бере алған жағдайда ғана бәсекеге қабілетті болмақ. Бүгінгі таңда кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігі білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігіне келіп тіреледі. Сондықтан, барлық дамыған елдерде білім беруге баса назар аударылуда.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттер алдында оқыған дәрісінде білімнің ел өмірінде алатын ерекше рөлін: «Ұлттар тек тауарлар және қызметтермен ғана бәсекелесіп қоймай, сонымен қатар, олар қоғамдық құндылықтар жүйелерімен және білім беру жүйесімен бәсекелесуі қажет», деп нақты белгілеген болатын. Сондықтан, бүгінгі күнгі озық технологиялар мен жаңашыл ойларды жетік игерген, өзін де, елін де таныта алатын азаматтарды тәрбиелейтін ыңғайлы оқу жүйесі болуы керек.
Әлемдік білім беру жүйесінде көш керуен алда келе жатқан алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесін саралай отырып, оқу жүйесінде байыпты өзгерістер жасаған абзал. Оның ішіндегі негізгі салмақ жоғары оқу орындарына түспек. Себебі, еліміздің жоғары оқу орны жүйесі тек жоғары білім берудің ғана емес, бүкіл білім беру жүйесінің жаңаруына ұйытқы болуы аса қажет. Есімі әлемге әйгілі испандық философ және мәдениеттанушы X.Ортега-и-Гассет «Миссия университета» еңбегінде университетті «интеллектуалды элитаны тәрбиелеу орталығы» дейді. Ғалым университеттің міндетін «дарындылар аристократиясын» тәрбиелеуден көреді. Яғни, интеллектуалды элитаны элиталық білім бере отырып тәрбиелеп өсіріп шығаратын орта жоғары оқу орындары. Элитарлық білім интеллектуалды элитаны қалыптастыратын бірден-бір негізгі көзі.
Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметі жастар мәселесіне арнап «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» әлеуметтік жобасын ұсынған болатын. Бұл жоба «Серпін-2050» деп аталды.
2015 жылы «Серпін» жобасы бойынша 5 мың орын 19 жоғары оқу орындарындағы 61 мамандық бойынша бөлініп, оның 1200 орны 36 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына (колледж) 47 мамандық бойынша берілді. Яғни, 2015-2016 оқу жылында мамандықтар аясы, жоғары оқу орнының тізбесі кеңейтілді және білім грантының көлемі ұлғайтылды. Атап айтсақ, педагогикалық мамандықтарға 1500 орын, техникалық – 3000, ауылшаруашылық – 300 және ветеринарлық – 200 орын қарастырылып (барлығы 5 000 грант), жоғары оқу орындарының тізбесі 19-ға жеткізілді (2014 жылы тек педагогикалық мамандықтар бойынша 1050 грант бөлініп, 7 жоғары оқу орындарына бөлінді).
Атап айтқанда, 2015-2016 жылдары бағдарламаға 19 жоғары оқу орындары қатысты: олардың қатарында Павлодар облысы (2 ЖОО, 33 мамандық) – 475 орын; Шығыс-Қазақстан облысы (3 ЖОО, 63 мамандық) – 935 орын; Қостанай облысы (4 ЖОО, 43 мамандық) – 965 орын; Ақтөбе облысы (1 ЖОО, 12 мамандық) – 132 орын; Ақмола облысы (1 ЖОО, 26 мамандық) – 393 орын; Солтүстік-Қазақстан облысы (1 ЖОО, 17 мамандық) – 300 орын; Батыс-Қазақстан облысы (2 ЖОО, 37 мамандық) – 540 орын; Қарағанды облысы (4 ЖОО, 50 мамандық) – 960 орын; Атырау облысы (1 ЖОО, 12 мамандық) – 300 орын.
2015 жылдың 5 тамызында Республикалық білім беру грантын тағайындау конкурстық комиссиясының отырысы өтті. «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» бағдарламасы шеңберінде бөлінген квотаға 12 445 адам конкурсқа қатысты (2014 жылы 6 411 талапкер еді), оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан – 6 790, Қызылорда – 2 586, Жамбыл – 1 270, Маңғыстау – 653 және Алматы облысынан 1 146 адам қатысты (2014-2015 оқу жылында білім гранттарын тағайындау конкурсына оңтүстік өңірден 6 078 адам, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан – 3 381, Қызылорда – 1 659, Жамбыл – 489, Маңғыстау – 277 және Алматы облысынан 272 адам қатысты).
Конкурс қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан 2 817, Қызылорда облысынан 1 079, Жамбыл облысынан 439, Алматы облысынан – 425 және Маңғыстау облысынан 240 үміткер грантқа ие болды (2014-2015 оқу жылында конкурстың қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысынан – 537, Қызылорда облысынан – 329, Жамбыл облысынан – 80, Алматы облысынан – 57 және Маңғыстау облысынан 47 үміткер грантқа ие болған еді).
Осы жоба бойынша оңтүстік және батыс өңірлердің жастарын солтүстік және шығыс өңірлердегі жоғары оқу орындарына тарту мақсатында жоғары оқу орындарында жұмыс тобы құрылып, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында кәсіптік бағдар жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні аталған жоба негізінде оқуға түскен студенттер жатақханамен, оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілген, оларға кітапханалар, оқу залдары мен медициналық кабинеттер, спорт залдары қызмет етеді.
Кәсіби білім беру жүйесін модернизациялаудағы маңызды мәселенің бірі – ел экономикасының индустриялық-инновациялық даму бағытына сәйкес, шаруашылық салаларындағы кәсіби мәселелерді ерекше тәсілдер арқылы жаңа технологияларды қолдана алатын техникалық бағыттағы мамандарды даярлау болды. Жоғары оқу орнындағы іргелі білімнің негіздері және студенттердің өзекті ғылыми тақырыптармен, ғылыми-зерттеу жұмыстарының әдістерімен және принциптерімен тереңірек танысулары болашақ мамандардың сапалы білім алуларына кепілдік береді. Биылғы оқу жылында Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 10 ЖОО негізінде бейіндік магистратура бойынша 1900 орынға мемлекеттік тапсырыс бойынша мамандар даярлау басталды. Жалпы, бакалавриатқа – 32168 грант бөлінсе, магистратураға – 7241 және докторантураға 623 орын берілді.
2015 жылы ғылыми кадрларды бірлесе даярлауды екі ЖОО жалғастыруда: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Ғылым ордасы» және Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ «Парасат» ғылыми-зерттеу институты. Аталмыш ЖОО-лар үшін төмендегідей мемлекеттік сұраныс қарастырылған: бірінші, магистратура бағдарламасы бойынша Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ – 103 орын, PhD докторантура – 37 орын. Бөлінген бұл орындар толықтай игерілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «Ғылым ордасы» ҒЗИ-де де көптеген мәселелер өз шешімін тапты. Сонымен қатар, бүгінде «Ғылым ордасы» төмендегі мәселелерді талқылау үстінде: бірінші, тәжірибелік білім беру жұмысына тартылған мекеменің қызметін реттеу үшін ғылым мен білім интеграциясы жобасына сәйкес нормативтік-құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыру; екінші, белгілі ғалымдар қатарындағы ПОҚ-ты (профессор-оқытушылар құрамы) қамтамасыз ету мақсатында ғылым және білім беру интеграциясы жобасына қатысқан ҒЗИ ғалымдарына қажет ақшаны басқа да қосымша көздерден қаржы қарастыру; үшінші, «Ғылым ордасы» ҒЗИ Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетіне қарасты мекеме болғандықтан, оның оқу ғимаратын қазіргі заманғы талаптарға сәйкес толықтай жасақтау, яғни «Ғылым ордасы» РМК-ны мақсатты қаржыландыру мәселесін шешу.
Алда айтқан «Серпін» жобасын жүзеге асыру арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына серпін береді деп күтілуде. Бұл игілікті істі тарата айтсақ:
- білім беру қызметінің бәсекеге қабілеттілігі, адам капиталының сапасы артып, еңбек нарығы білікті мамандармен және оларды тиімді пайдаланумен қамтамасыз етіледі;
- білім беру саласындағы барлық қатысушыларды жан басына шаққандағы қаржыландыру арқылы бюджет қаражатын қолданудың нәтижелілігі мен тиімділігі артады;
- жастарды әлеуметтік маңызы бар кәсіби қызметке тарту механизмі жетілдіріледі.
Білімге назар аудару үрдісін – «адамдық капитал» концепциясы деп атайды. Яғни, «Адам капиталы – бұл адамның сапалық және сандық көрсеткіштерімен анықталатын, табиғи болмысы мен әлеуметтік қатынастардың негізінде қалыптасатын әлеуметтік мәні бар зор қабілеті, білімі, білігі, дағдысы», деген тұжырымға жетелейді. Осы аталмыш концепцияның мәнін жете түсінген Елбасы мемлекеттік бюджеттен жастарға қаржы бөле отырып, олардың ертең ел экономикасын көтерудегі рөліне айрықша мән берген болатын. Соның бір дәлелі елдегі экономикалық қиындықтарға қарамастан «Болашақ» бағдарламасын тәуелсіздікке екі жыл толар-толмас уақытта 1993 жылы қабылданғаны дер едік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің белді жоғары оқу орындарына елдің келешегін жақсартатын білімді де білікті кадр даярлау мақсатында жүздеген жастарды жіберді. Міне, содан бергі уақыт ішінде мыңдаған дарынды жас әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алуда. «Адамдық капитал» концепциясының біздің елде жүзеге асуының бұл бірден-бір көрінісі.
Елбасы «Болашақ» стипендиясы иегерлерімен Астанадағы кездесуінде бұл бағдарлама бәсекеге қабілетті ұлттың қатарына қосылу үшін жасалған ең маңызды жобалардың бірі екеніне тоқталған еді. «Мұны ұғу үшін дамудың жаһандық бағыты қалай қарай кетіп барады, соны білуіміз керек. Заманауи прогрестің мәнін білуіміз керек. Қазіргі шындық мынадай: бүгінгі мемлекет өзінің интеллектуалды ресурстарымен бәсекеге түседі. Дамыған елдердің ұлттық байлығының 75 пайызы осы интеллектуалдық капиталды құрайды.
Бәсекенің бастысы – білімнің бәсекесі
Алдыңғы қатарлы елдердің экономикасы ғылым мен бизнестің аспектілеріне негізделген. Біз инновациялық төңкеріс үшін дайындықтамыз. Нақты мақсатымыз бар. Ол – халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында жұмыс істейтін жоғары технологиялық мемлекетке айналу. Өйткені, мұнай-газды, басқа да ресурстарды біз мәңгілікке пайдалана алмаймыз. Біздің мақсатымыз мынадай басымдықтарға ие болады. Бұл ең алдымен, басқарудың тиімді тетігін білетін жастардың шоғырын қалыптастыру. Олар мемлекеттік басқару мен бизнес саласын жетік меңгерген мамандар болуы қажет. ХХІ ғасырда қалай жұмыс істеу керектігін білетін мамандар Отанның мақсат-мүддесін алдыңғы орынға қоятын патриоттар болып қалыптасады. Оның үстіне олар менеджменттің де қыр-сырын білетін болуы керек. Жаңа идеяларға бастамашы болуы шарт. Өйткені, біз мемлекеттік басқаруға білімді, жан-жақты дайындығы бар, тәжірибелі адамдарды тартамыз…» – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті осы орайда, интеллектуалды ұлт – 2020 идеясы турасында әңгімеледі: «Идеяның басты мақсаты – жаңа қазақстандықтарды тәрбиелеу. Елді адам капиталы арқылы бәсекеге қабілетті ету. Бұл үшін біріншіден, білім жүйесінің инновациялық дамуына жол ашылуы керек. Бізде әр жеті-сегіз жыл сайын өз ісінің шеберлері көбейіп келе жатқаны дәлелденіп отыр. Сөйте тұра, осыны қанағат тұта бермей, жастар бойында қас пен көздің арасында жаңарып жатқан ақпарат тасқынынан өзіне қажеттісін іріктеп алатын жасампаздықты шыңдау қажет. Бұл үшін жаңаша оқыта алатын ұстаздар керек… Екіншіден, электрондық қызмет көрсетуді жаңа заманға сәйкестендіру керек… Үшіншіден, жастардың рухани тәрбиесіне айрықша көңіл бөлу…».
«Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын және Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында базалық жоғары оқу орындарымен қатар, колледждердің де даму бағдарламасы әзірленді. Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы (ҮИИДМБ) төрт маңызды аспектіні көздейді: жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу, мемлекеттік тапсырысты ҮИИДМБ жобаларының қажеттіліктеріне сәйкес орналастыру, зертханалық базаны жаңарту, колледж оқытушыларының біліктілігін арттыру.
Индустрияландыру жобалары үшін білікті мамандарды даярлаудағы техникалық және кәсіптік білім жүйесі алдына қойылған міндеттер аясында Білім және ғылым министрлігі Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп экономиканың басым салаларын және кәсіптік-техникалық білімі бар мамандарға деген қажеттілікті анықтады.
«Кәсіпқор» холдингі» КАҚ бірлесіп аймақтарда еңбек ресурстарын қалыптастыратын экономиканың басым салалары негізінде 10 колледж анықталды. Осы колледждердің дамуының мақсатты бағдарлары ретінде, ең алдымен, материалдық-техникалық базаны нығайту, инженерлік-педагогикалық қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, әлемдік стандарттарға сай оқу бағдарламаларын жаңарту арқылы білімнің мазмұнын жаңғырту болып табылады.
Іріктелген 10 колледж арасынан 6 колледж Дүниежүзілік банк несиесі есебінен жүзеге асырылатын «ТжКБ жаңғырту» жобасы шеңберінде жалпы 425 млн.теңге сомаға заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып пайдаланылады. Сонымен қатар, соңғы үш жылда осы колледждер жергілікті бюджет есебінен 323,2 млн.теңге сомасына және республикалық бюджет есебінен – 125 млн. теңге сомасына жабдықталынды.
Қорыта айтқанда, елімізде ел келешегін ойлаған интеллектуалды элитаны қалыптастыру мәселесі Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған елеулі саясатымен үндеседі. Жастардың оқуына жұмсалған шығын ертең интеллектуалды өнім есебінде елге қайта оралады. Бұл бір жағынан мемлекетке байланысты болса, екінші жағынан жастардың білімге деген құштарлығына байланысты. Сондықтан жастарды білімге тартқан абзал. Бұл өз алдында әлеуметтік жаңаруларды тиімді етуге әкелері сөзсіз.
Дереккөз: егемен Қазақстан
Пікір қалдыру