Қыранға құрмет

/uploads/thumbnail/20170708203308946_small.jpg

Алматыда екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновке мемориал тақта ашылды
Салтанатқа еліміздің әр бұрышынан келген қоғамдық ұйымдар мен ғылым және шығармашылық қызметтегі интеллигенция өкілдері, майдангерлер, Талғат ағаның туған-туыстары қатысты.
Жиында сөз алған қала әкімі Бауыржан Байбек әскери ұшқыштың өмірінің соңғы он жылында тұрған үйдің қабырғасына орна­ластырылған мемориалдың шымылдығын өз қолымен түсіріп, сөз сөйледі.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өткені­мізді саралап, тарихымызды талдап тиісті баға беру – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы деп әрдайым атап көрсетіп келеді. Бүгінгі Талғат Бигелдинов ағамызға арналып ашылған мемориалды тақта халық батырының өшпес ерлігіне жасалынған зор құрмет, қасиетті рухына жасалған тағзым деп ұғуымыз керек, – деді қала әкімі. Одан әрі Бауыржан Байбек қазақ қыраны Талғат Бигелдиновтің сұрапыл соғыс жылдарындағы жауынгерлік ерлік істеріне тоқталды.
Даңқты қазақ ұшқышының көзсіз ерлігі екінші дүниежүзілік соғыстың тарихына алтын әріптермен жазылды. Айрықша баға­ланды. Қан майданның ең қызған шағы – 1943 жылға дейін «Ил-2» штурмовигімен жау шебіне 20 рет кіріп, жерге аман оралған әрбір ұшқышқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Өйткені, әуеден ажал оғын себетін кеңестік «Ил» ұшағы ауырлығымен әрі маневрге қолайсыздығымен «көзге түскен». Бұл штурмовиктерді «ұшатын танк» деп бекер атамаған. Талғат Бигелдинов сол «әуе кемесімен» жау шебіне 305 (!) рет көктей кіріп, атой салған. Тарихтан білетініміз, соғыс кезінде әуеге 20 рет көтеріліп, аман оралған штурмовик-ұшқыштар батырлықты былай қойып, тіпті, басының аман қалғандығын өзіне бақыт санаған. Бәлкім, содан да болар, онсыз да үрей құшағында жүргендер бүйірінде «13» цифры жазылған мұндай ұшаққа эскадрилья бойынша онша үйірсек бола қоймаған екен. Ал біздің жаужүрек ағамыз сол «ұшақпен-ақ» өз есімін мәңгілікке тарих бетіне өшпестей етіп жазып кетті.
тақта Талгат Бигельдинов (3)3 (1)Салтанатты шара барысында батырдың рухына тағзым етушілер ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды. Жиналғандармен ой бөлісті.
Ким Серікбаев, әскери ғалым, полковник: Талғат ағамыз өмірде қарапайымдылықты қатты қадірлеген азамат. Алайда, әділетсіздікке төзбес еді. Мектепке Баукеңнің атын берудегі қолдан жасалған қиындықтарға тап келген сәтте мен Бигелдинов ағама жүгінген едім. Ол кісі сол күні менімен бірге мектеп та­бал­­­дырығын аттап, оқу орнына майдандас досының атағын алып беріп еді.
Тоқтар Әубәкіров, тұңғыш қазақ ғарышкері, авиация генерал-майоры: Біздің буын өкілдері аты аңызға айналған батырдың даңқы мен рухынан күш алып, ұшаққа отыр­дық. Даңқты қазақ қыранының ізін басатын жастарымыздың қатары елімізде жыл сайын өсіп келетіні көңілді марқайтады. Олардың барлығы да ұшаққа алғаш отырғанда екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, жаужүрек майдангер-ұшқыш Талғат Бигелдинов атасын еске алары даусыз. Өйткені – батырдың аты өлмейді.
Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек Ері, Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның директоры: екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов ағамыздың соғыстағы ерлігі бүгінгі ұрпақ үшін тарих сабағы іспетті деп ойлаймын. Әрбір жас буын өкілінің батыр тұрған осынау үйдің жанынан өтіп бара жатып, бүгінгі қойылған мына ескерткіш тақтаға көз тоқтатары сөзсіз. Ұрпақ жалғастығы деген осы. Мен мұны барымызды бағалау, батырларымызды құрметтеу деп ұғынамын. Небәрі 21 жасында бірінші, 22 жасында екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған ағамыздың ерлігіне қалайша бас имейсің! Екі ғасырдың қаһарманы атанған батыр ағамызға бүгін лайықты құрмет көрсетілді.
Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ хал­қының атағын шығарып, даңқын аспандатқан Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов ағамыздың ерлік істері бүгінгі ұрпақтың жадында мәңгіге сақталады. Батырдың рухына тағзым етіп келген көпшіліктің жүзінен риясыз сол ілтипат менмұндалап тұрды. Халық батырдың – қаһарман ұшқыштың рухына құрмет көрсетті.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар