«Мемлекеттік қызметтің дербестігі» тақырыбында семинар өтті

/uploads/thumbnail/20170708203309681_small.jpg

АСТАНА. 11 қараша. Елордадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ), сондай-ақ еліміздің Ұлттық экономика министрлігі бірлесе отырып, Назарбаев университеттің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі және БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен «Мемлекеттік қызметтің дербестігі» тақырыбында семинар өткізді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Бес институционалды реформаны іске асыруға бағытталған 100 нақты қадам Ұлт жоспарын, атап айтқанда, заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппаратты қалыптастыруды іске асыру және Елбасының Қазақстанда барлық салада ЭЫДҰ қағидалары мен стандарттарын енгізу туралы тапсырмасы аясында өткізілген семинарға еліміздің мемлекеттік органдарының жауапты хатшылары мен облыс әкімдіктерінің аппарат басшылары қатысты.
Семинардың мақсаты – автономды мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бойынша ЭЫДҰ елдерінің, нақтырақ айтқанда, саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер арасында уәкілеттіліктерді ажырату тәжірибесін зерделеу, сондай-ақ автономды әкімшілік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бойынша ЭЫДҰ-ға мүше елдер мен Қазақстанның осы саладағы тәжірибесін талқылау.
Семинарды аша отырып, Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел, ЭЫДҰ Мемлекеттік секторды реформалау басқармасының басшысы Эдвин Лау және Назарбаев университтің президенті Шигое Катсу семинар тақырыбының маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерден спикерлер ретінде мемлекеттік қызметті реформалауда аса тәжірибелі сарапшылар сөз сөйледі. Атап айтқанда, Канада басқару институтының президенті, 20 жылдан астам тәжірибесі бар жоғары мемлекеттік қызметші Мариантонетт Флюмэн Канаданың мемлекеттік аппарат әлеуетін жоғарылату, саяси және жоғары әкімшілік корпусы арасындағы уәкілеттіліктерді ажырату туралы тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар, Нидерланды жоғары мемлекеттік қызметінің бұрынғы бас директоры Ян Виллем Век өз еліндегі жоғары мемлекеттік қызметінің жетістіктері мен мәселелері жайында өз ойын ортаға салды. Ал Чилидің жоғары әкімшілік мемлекеттік қызметінің техникалық хатшысы, Чили Сенаты заң шығарушы кеңесінің бұрынғы мүшесі Мариана Джоржд-Насименто еліндегі басқарушы мемлекеттік корпусты қалыптастыру үрдісі және мемлекеттік қызмет жүйесіндегі саяси-әкімшілік тепе-теңдікті қамтамасыз ету тәжірибесі туралы презентация жасады.
ЭЫДҰ Мемлекеттік секторды реформалау басқармасының басшысы Эдвин Лау, сондай-ақ ЭЫДҰ жоба менеджері Даниэль Герсон дербес мемлекеттік аппаратты құрудағы ЭЫДҰ елдерінің тәжірибелерімен бөлісті.

 

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар