Дәрігерлер неге алаңдаулы?

/uploads/thumbnail/20170708203308087_small.jpg

Еркін Ислямұлы Шериязданов Марқакөл ауданының тумасы. 1974 жылы Боран ауылындағы атақты ұстаз Құмаш Нұрғалиев атындағы орта мектепті бітірген соң Семей медицина институтының емдеу ісі факультетіне оқуға түсіп, оны 1980 жылы бітірген соң жолдамамен Риддер қаласына қызметке келеді. Ал 1981 жылдан 1997 жылға дейін Самар ауылындағы ауруханада хирург, бөлімше меңгерушісі қызметін атқарады.
Қаладағы 60 жылдық тарихы бар жалғыз жедел жәрдем ауруханасына жабылу қаупі туды
Самар аудандық ауруханасында қызмет еткен жылдар ізденіс, өсу мен тәжірибенің қалыптасуын қамтамасыз етті деуге негіз бар. Сол кезде тәжірибелі хирургтер Аманжол Жүнісов, Сайлаухан Күдербаев, Амангелді Қайсанов сияқты ағалары жас маманға білгендерін үйретуден жалықпады. Хирург – күр­делі мамандық, түрлі ішкі жарақаттар мен ауыр жараланғандарға ота жасау үшін қайтпас қайсарлық пен батылдық, ержүрек болу қажет деп ақылын айтатын ағалары. Білікті де білімді ағаларының ақылы, небір ауыр ота жасаған кезде тапқырлық пен қиыннан қиыстыратын әдіс-тәсілдері Еркін Ислямұлының өмірлік кредосына айналды десек, артық айтқандық емес.
Аудандық ауруханада қызмет еткен жылдары Еркін Ислямұлы шалғайдағы ауылдарға, шопандар мекендеп жатқан жайлауға жиі шығып, оларға жедел көмек көрсететін. Бірде Көкжота ауылында мектепте оқитын бала қатты науқастанып қалды деген хабарды естісімен жолға шығады. Шынында да, баланың науқасы ауыр екен, жедел ота жасалмаса соқырішегі жарылып кетуі мүмкін. Оны Самардағы ауруханаға тез жеткізіп, ота жасаған соң науқас тәуір болды. Ал ауданда қызмет еткен 16 жылда Еркін Шериязданов мыңнан астам адамды шипалы қолымен емдеді.
1997 жылы білікті хирургті Өскемендегі жедел жәрдем ауруханасының екінші хирургия бөлімшесіне қызметке шақырады. Міне, соңғы 18 жылдан бері Е.Шериязданов бір орында жемісті қызмет етіп келеді. Ол соңғы төрт жыл бойы бірінші бөлімшенің меңгерушісі. Бөлімшеде 14 төсек бар, сырқаттарға төрт хирург қызмет көрсетеді. Жас болса да тәжірибе жинақтаған Қуаныш Сыдықов, Біржан Теміршинов, Дамир Шалбаев күрделі оталарды батыл жасап жүр. Екінші қалалық аурухананың қолы шипалы жандары, 33 жылдық еңбек өтілі бар, қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Бақыт Огузбаева, 45 жылдан астам хирург болып абыроймен қызмет еткен, қазір де ота жасайтын, өзінің мол тәжірибесін жастарға талмай үйретіп келе жатқан Тоқтарбек Әбілмәжінов ұжымның мақтанышы. Мұрат Бейсенов қолы шипалы, 35 жылда мыңдаған адамды ажалдан арашалаған азамат.
– Өндірісі өркендеген Өскеменде заманауи талапқа сай аурухана қажет екені белгілі. Қаладағы жалғыз жедел жәрдем көрсететін аурухананың 60 жылдық тарихы бар. Өкінішке қарай, ол 2012 жылы бұл мәртебеден айырылып, қазір екінші қалалық аурухана деп аталып кетті. Енді экологиясы күрделі қалада сырқаттарға жедел жәрдем көрсететін мекеме жабылып, бірінші қалалық ауруханамен біріктірілгелі жатыр. Сонда осында қызмет ететін 400-ге жуық адам қайда кетеді? Барлығына қызмет табылады дегенге сену қиын, көп маман жұмыссыз қала ма деген қауіп бар. Біздіңше, қоршаған ортасы бүлінген, аса күрделі аймақта жедел жәрдем көрсететін аурухана ауадай қажет. Облыс, қала басшылары бізге түсіністікпен қарайды деген үміттеміз, – дейді Еркін Ислямұлы.
Күн сайын дерлік жедел жәрдем көрсететін ауруханаға ондаған адам түсіп жатады. Себебі, дұрыс тамақтанбау, ауызсуды дұрыс пайдаланбау салдарынан өт жолының қабынуы, ішек сырқаттары көбейіп кетті. Оның үстіне соңғы кезде көлік оқиғалары, жүргізушілердің адамдарды қағып, қашып кетуі көбейіп кетті. Бір ғана мысал.
9 қазанда Д.Оразбаева деген жап-жас қызды Сәтбаев көшесіндегі арнайы жолақ белгісі бар жерден өтер тұста белгісіз көлік иесі қағып, көмек көрсетудің орнына қашып кеткен. Қазір қылмыскер іздестірілуде. Түннің бір мезгілінде Еркін Шериязданов іш құрылысына ауыр зақым келген оған ота жасап, аман алып қалды. Іле-шала тоқішегі бітеліп, ауыр халде жеткізілген Ю.Сорокин, шабы жарылған С.Шелягинге сәтті ота жасалды. «Кейде бір күнде бес-алты адамға ота жасауға тура келеді, үйге баруды ұмытып кетеміз», – деген хирургтің сөзінен түйгеніміз, таңды таңға ұрып, уақытпен санас­пай сырқаттарды аман алып қалуға жан-тәнімен қызмет ететін хирург мамандығының аса күрделі, жауапты екенін еріксіз түсінеміз.
Бұл күндері екінші қалалық ауруханада өз ісінің білгірі 18 хирург қызмет етеді. Олар да ертеңіміз не болады деп алаңдаулы. Қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Бақыт Өгізбаевамен тілдескенімізде:
– 9 айда қабылдау бөліміне жаны қысылған 13 мың адам келді. Оның ішінде 9 мыңнан астамына хирургиялық және ауыр жарақаттың алдын алу көмегі көрсетілді. 5 мың адам ауруханаға жатқызылды. Көп ретте жедел жәрдеммен басқа ауруханаларға жеткізілген сырқаттарды бізге жіберіп жатады. Себебі, бізге түскендерге жедел ота жасалып немесе тереңдетіп ем-дом жасайды. Егер аурухана жабылса сырқаттарға жедел жәрдем көмегінің өзегіне от түседі, демек, біздің айқайымыз бос болмаса керек, – деді 40 жыл бойы денсаулық саласында жемісті қызмет етіп келе жатқан хирург.
Адам жанының арашашысы, бейбіт заманда шипалы қолдарымен мыңдаған адамды емдеп, олардың ыстық ықыласына бөленген Еркін Ислямұлы, басқа да ақ желеңді абзал жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар