Достық үйінде «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» акциясы аясында өткен «Бір шаңырақ астында» фестивалінде облыста тұратын белорус ағайындардың ұлттық құндылықтары паш етілді. Біз «Радзіма» белорус этномәдени бірлестігінің төрайымы Мария ТАТАРЕНКОНЫ осында кездестіріп, татулық пен достықтың бірегей институты саналатын Ассамблеяның қоғамдағы орны, этномәдени бірлестіктердің ұлттар мен ұлыстарды ортақ мақсатқа жұмылдырудағы рөлі төңірегінде әңгімелескен едік.
– Мария Петровна, «Радзіма» сөзі «Отан» деген қасиетті де қастерлі ұғымды білдіреді екен. Қазақстанды өз тағдырымен байланыстыратын белорус ағайындар ұлттық құндылықтарын қаншалықты меңгерген?
– Белорус халқының тамыры тереңнен басталатынын ұғындырудың жастар үшін маңызы зор. Өйткені, аға ұрпақ өз тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білгенімен, кейінгі буын арасында осы бір жарасты сабақтастықтың үзіліп қалғаны үлкен алаңдаушылық тудыратыны жасырын емес. Кез келген елдің қуаты – халқының бірлігінде, түсіністік тіні – бір шаңырақ астында топтасуында десек, ширек ғасырға жуық уақыт бедерінде мәңгілік Отанымыздың мызғымас негізі қаланып, әлемдік қоғамдастық тарапынан мойындалды. Ортақ үйімізде азаматтық тыныштық, саяси тұрақтылық самал желдей есіп, сүйіспеншілік сезімі орнықты. Түпкі мақсат – бәрімізді бір арнаға тоғыстырып, жігерлене еңбек етуге ұмтылдырды. Төрткүл дүниені қаржылық дағдарыстар жайлап, әлеуметтік қайшылықтар дендеп жатқанда, этностық төзімділікті сақтаудың маңызы қаншалықты екені айтпаса да түсінікті. Осы тұрғыдан алғанда, өзара сыйластық пен сенімге негізделген Қазақстанның таңдап алған стратегиялық бағыты айқын. Ежелгі қазақ жерінде орныққан барлық этнос өкілдері еліміздің болашағына деген ерен жауапкершілікті жақсы сезінеді.
Ата-бабаларымыз поляк, литван, украин, орыс, еврей секілді халықтардың озық құндылықтарын бойларына талғаммен сіңіре білген. ХVI ғасырдың екінші жартысынан бастап өзіндік мәдениетін қалыптастырып, ұлттық ерекшеліктерімен дараланған. Қазақстандағы қандастарымыз негізінен солтүстік өңірлерді мекендейді. Облыста бүгінде 6 мыңдай белорус тіркелген. Біз этносаралық бейбіт өмір еліміздің басты байлығы екенін жақсы түсінеміз. Елбасымыздың саясаты кең-байтақ Отанымызда бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті тірлік кешіп отырған жүзден астам ұлыстың тепе-теңдігін қамтамасыз етуге, тіліне, діліне қарамастан, тұрақты дамуын ілгерілетуге бағытталған. Этномәдени бірлестік мүшелерінің қай-қайсысының болсын ой-пікірлері осыған саяды.
Жақында Достық үйінде ұйымдастырылған «Этносаралық және конфессияаралық келісім – Қазақстанның тұрақты дамуының кепілі» атты дөңгелек үстелде Елбасымыз тарапынан ел тыныштығын сақтаудағы маңызды қадамдардың атқарылып жатқаны, соның бір мысалына Мәскеудегі М.В.Ломоносов атындағы университет профессорларының сабақ жүйесіне «Н.Назарбаев – ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделі» деген арнайы курстың енгізілгені келтірілді. Сонымен қатар, Тәуелсіздік алған кезеңде елімізде ұлттық кикілжің-шиеленістердің орын алмағаны, оның бір төркіні көпұлтты мемлекетте түсінікті үнқатысу мен қарым-қатынастың орнағанына келіп тірелетіні атап көрсетілді.
– Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы облыста да кеңінен атап өтіліп, одан әрі жалғасын тауып келеді. Оған Елбасының арнайы Жарлығы зор ықпал жасағаны мәлім. Сіз өміріміздің құрамдас бөлігі іспеттес саяси құрылымның этностық төзімділікті сақтаудағы рөлін қалай бағалар едіңіз?
– Сауалға оралмас бұрын сіздермен бір жаңалықты бөлісейін. Таяуда облыс орталығындағы №17 ұлттық жаңғырту мектебінде белорус сыныбы ашылды. Отау тіккеніне 17 жыл толған мектеп-кешеннің іс-тәжірибесі бай. Мұнда он этностың балалары өз тілдерінде дәріс алып, халқының мәдениеті, тарихы жайлы жан-жақты мағлұматтарға қанығады. М.Жұмабаев ауданында «Белая Русь», Қызылжар ауданында «Калі ласка» атты екі бөлімшеміз жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.
Президентіміз Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХII сессиясында сөйлеген сөзінде саяси құрылымның мерейтойы республика тұрғындарының мызғымас бірлігі мен Ұлы Отанға деген сүйіспеншілігін ұлықтайтын жыл екенін атап көрсете келіп, ұлттық рухтың басты көзі – ортақ рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде халық бірлігін қалыптастыру, этносаралық қатынастар саласын саясаттандыруға жол бермеу, өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеуге ерекше назар аудару секілді іргелі міндеттер қойған болатын. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан бері бірлік қағидасын басты ұстаным еткен.
Елбасының: «Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады. Ең асыл қазынамыз – бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай білсек, барлық асулардан асамыз», деген талабын мүлтіксіз орындап, алтын шаңырағымызды асқақтата түсуге зор үлес қосуды алғышарт санайды. Қазіргі таңда оның құрамында Петропавл қаласында – 25, аудандарда жүзден астам этномәдени ұйымдар тұрақты жұмыс істейді. Ассамблея Төрағасының тапсырмасына сәйкес, былтыр құрылған «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі олардың қызметіне ғылыми, талдамалық қолдау көрсетіп, мәдени-бұқаралық шараларға ұйытқы болып келеді.
Біз бірлестіктің негізгі бағыттары – ана тілін меңгеру, этностық салт-дәстүрлерді үйрену, мерекелер мен маңызды оқиғаларға арналған іс-шараларды ұйымдастыру барысында әркез облыстық Ассамблеямен бірлесе қызмет атқарамыз. Аймақта жұмыс сапарымен болған Беларусь Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Анатолий Ничкасовпен өткен кездесуде жастарымыз екі мемлекет арасындағы экономикалық, мәдени байланыстар туралы жаңалықтарға қанықты. Беларусь өнімі көптеген елдерге экспортталатынын, сыртқы тауар айналымы артып келе жатқанын білді. Бұл мемлекет пен облыс арасындағы тауар айналымы 23,8 миллионды құраған. Облыстың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері Беларусьтен түрлі техникалар жеткізеді. Олар астықты өлкенің сапалы ризығын сатып алуға ықыласты.
Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 86-қадамында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеу және жүзеге асыру арқылы қазақстандықтардың біртектілігін нығайту және азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастырудың маңыздылығын атап өткен болатын. Бүгінде Қазақстанның саяси жүйесінің маңызды бір буынына айналып, қазақстандықтардың мүддесін бір арнаға тоғыстыра білген, ұлттық тегіне қарамастан, барлық азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерінің сақталуын қамтамасыз еткен бірегей институттың қоғамдағы ұлтаралық, этносаралық тұрақтандырушылық және топтастырушылық рөлі артпаса, кемімек емес.
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Пікір қалдыру