Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Бейбітшілік пен келісім мәдениеті» деген тақырыпта ІІ халықаралық медиа-форум өтеді. Аталған кең ауқымды халықаралық шара Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі Ұлт жоспарының 42-тармағына сәйкес ұйымдастырылып отыр. Басқосудың күн тәртібі этносаралық қарым-қатынас пен ұлт бірлігі тақырыбын көрсетуде ерекше талап қойылатынына мән береді. Өйткені, бүкіл әлемде ксенофобия мен төзімсіздіктің өсуі, Еуропада мультикультурализмнің дағдарысы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуде жаңа кедергілер мен қауіп-қатерлер туындатып отыр. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының шешуші міндеттерінің бірі «Мәңгілік Ел» Жалпыұлттық патриоттық идеясына негізделген жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру болып табылады. Осы ретте атап көрсететін жайт – этносаралық қарым-қатынастар саласында қажетті оң дискурс қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдары маңызды рөл атқарады. Ал бұл іс өз кезегінде әркез сарапшылық қолдауды қажетсінеді. Осы себепті, оның жұмысына ғалымдар мен этносаралық қарым-қатынас саласындағы мамандарды тартып, тақырыпты талқылау үшін кәсіби орта қалыптастырудың маңызы зор.
IMG_8997-2Ел дамуында үлесі бар
Қазақстан корейлері қауымдастығының құрылғанына – 25 жыл
Шығыс Қазақстан корейлерінің қауымдастығы – еліміздегі алғашқы этномәдени бірлестіктердің бірі. 1990 жылы құрылған қоғамдық ұйымның бүгінде өңірде 470 мүшесі бар. Көптеген қайырымды істер мен бастамалардың ортасынан табылатын корейлер қауымдастығы осы жылдардың ішінде ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға зор үлес қосты. Еліміздегі тұңғыш Достық үйін құруға және оның қызметін ілгерілетуге, еліміздегі бірегей этноауылды дамытуда қауымдастық мүшелерінің қолтаңбасы, қажыр-қайраты жатыр.
Корейлер қауымдастығы қызметінің негізгі бағыттарының бірі – тарихи Отаны саналатын Корея Республикасымен іскерлік және мәдени байланыстарды дамыту һәм нығайту. Бұл жұмыстың бастауында «Родник» шіркеуінің ұйымдастырылуын айтуға болады. Оған Корея Республикасының азаматы, пастор Ким Хон Бе шақырылды. Ғибадатхана қазіргі кезде облыстағы ірі христиан шіркеулерінің біріне айналды. Қауымдастықтың бастамасымен және «Квансон» халықаралық қорының қолдауымен Қазақстан-Корея «Квансон» колледжі құрылып, жұмыс істей бастады (Директоры – Н.С.Кан). Бұл сөздің қазақша мағынасы «Шамшырақ» дегенді білдіреді.
Аталған оқу орны студенттерге білім берудің халықаралық гуманитарлық жобасын ұсынады. Осы уақытқа дейін колледжде 350-ден астам жетім бала мен әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылардың балалары қайтарымсыз негіздегі кәсіптік білімдерін алып үлгерді. Сондай-ақ, түрлі ұлт өкілдері оқитындығымен де ерекшеленеді. Колледждегі оқу үдерісіне Оңтүстік Кореядан волонтерлер арнайы келіп, қатысып тұрады. 2014 жылы білім ордасының базасында «Канвон» атты этномәдени бірлестік ашылды. Корей асханасының өзіндік ұлттық ерекшелігі бар екені баршаға мәлім. Сондықтан, колледж ішінде корей салаты мен кимчхи, кукси, пибимпаб сынды дәмді тағамдарды әзірлеуге үйрететін бірлестікке жазылушылар қатары көп.
Өскемендегі мейрамханада бас аспазшы болып еңбек етіп жүрген Борис Цой жуырда «пибимпаб» тағамын пісіруден шеберлік сағатын өткізді. Ол – осы колледждің түлегі. Жалпы, әйгілі корей салатының өз тарихы бар екен. Негізінен Оңтүстік Кореяда да, Солтүстік Кореяда да бұл тағам түрі бұрын болмаған. Бұл салатты дайындаудың технологиясын 1930-жылдары ашаршылық кезінде Қиыр Шығыстан Орта Азия мен Қазақстанға күштеп қоныстандырылған корейлер ойлап тауыпты. Міне, көпшілік тамсанып жүрген корей салатының тарихы ұлтымыздың бауырластығымен де байланысты дүние.
Аталған ұйым Өскемен мен Кореяның Каннын қалаларының және Шығыс Қазақстан облысы мен Кореяның Кангвондо провинциясының бауырлас қала, бауырлас өңір атанып, екіжақты байланыстарды бекіте түсуіне көп үлес қосты. Қазіргі уақытта тараптар арасында оқу орындарындағы әріптестікті жетілдіру жоспарланып отыр. Ассоциация әрдайым өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізетін шараларға белсене қатысып келеді. Шығыс өңірінде корейлер ассоциациясы үлкен беделге ие деуге болады. Өйткені, қауымдастық жетекшісі Н.С.Кан Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған кезден бастап, Ассамблея мүшесі ретінде ел мен елдің жақындасуына зор еңбек сіңірді. Таяуда корейлердің Қазақстанда тұрып жатқанына 70 жыл толды. Жыл
сайын ай күнтізбесі бойынша келетін жаңа жыл, Дано, Чусок, Хансик сияқты бірқатар ұлттық мерекелер атаусыз қалмайды.
– Биыл қазақстандық корейлердің республикалық қауымдастығы мен Шығыс Қазақстан корейлерінің қауымдастығы 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Корей тілін оқыту, салт-дәстүрін сақтау, этносаралық келісімді нығайту, халықаралық әріптестікті жетілдіру мақсатында құрылған біздің филиалдың алғашқы жетекшісі Никифор Кан болатын. Корейлер елімізде медицинаның, білімнің, ауыл шаруашылығы мен өнердің, спорттың дамуына айтарлықтай үлес қосты, – деді Шығыс Қазақстан корейлері ассоциациясының жетекшісі Юлия Кунст.
Ағымдағы жылдың маусым айында Өскеменге Корея елшілігінің өкілдері келді. Кездесу аясында бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылып, аспазшылық бойынша шеберлік сағаттары өтті, фильм көрсетілді, кореялық білікті дәрігерлердің қабылдауы ұйымдастырылды. Екіжақты әріптестіктің мән-маңызы жөнінде Корея Республикасының елшілігі жанындағы ағарту орталығының жетекшісі Ли Ген Хо жақсы мысал келтірді. Ол колледж студенті Мөлдір Нұрсапанованың оқуын Алматыда, сонан соң Кореяда жалғастырғанын атап өтті. Қарым-қатынастарға кәсіпкерлер де жаңа леп қосуда. Мысалы, кореялық «Hanbit Nano Medikal» компаниясы филиалының жетекшісі Пак Сан Ки үшін Қазақстан екінші Отаны іспеттес.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» республикалық эстафетасы шеңберінде корейлер қауымдастығы студенттер арасында қан тапсыру қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Нәтижесінде 60 адам қан тапсырса, олардың басым бөлігі «Квансон» колледжінің студенттері. Сондай-ақ, «Ассамблея ханшайымы» сұлулар байқауына корей ұлтының ару қыздары қатысып, өз өнерлерін паш етсе, қауымдастықтың ұйытқы болуымен боулингтен бірінші қалалық турнир өткізді.
Тұтастай алғанда, жақында 25 жылдық мерейтойын атап өткен корейлер қауымдастығы еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосуда.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.
Қазақ салған соқпақ бөлек, жол бөлек
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегімен өркендеп келе жатқан еліміздің әр жетістігі көз алдымызда. Біздің мемлекет татулық пен ынтымақты, әр ұлт өкілдері арасындағы достықты ту етіп ұстап, бірліктің әнін шырқап отыр. Біздің күрді ұлтының өкілдері де елін асқар биіктерге бастаған Көшбасшымызға, Ұлы Даланың жаны ізгілікке толы ұрпақтарына дән риза. Қашанда ұлт пен ұлысты жатсынбай, бауырына басып, толеранттылық танытқан ер Түріктің ұрпақтарына алғысымыз шексіз.
Мен басқаратын Қасқабұлақ ауылдық округінде кілең күрді ұлтының өкілдері тұрамыз. Бірақ, біз жергілікті ұлт өкілдерімен сыйластығымыз артып, таза қазақ тілінде сөйлеп, мемлекеттік тілді өз тіліміздей көріп кеткенбіз. Біздің күрді ұлтының балалары қазақ тілін мектеп партасынан үйреніп, Қазақ елінің тарихын жаттап, өсіп келеді. Мұны жомарттығы жоғары, ізгілігі мол Қазақ еліне деген құрметіміз деп білемін. Қазақ – өте текті, тарихы тамырлы халық. Қазақстан – болашағы жарқын ел. Қазақтың көрнекті ақын қызы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың «Сен – қазақсың!» деген өлеңін тебіренбей, толғанбай оқу мүмкін емес.
Сен – қазақсың!
Қазақ деген ел бөлек,
Қазақ салған соқпақ бөлек,
жол бөлек.
Киіз үйі жер сияқты жұп-жұмыр,
Шаңырағы күн сияқты дөңгелек,
– деп басталатын патриоттық өлеңнің жас ұрпаққа берері көп. Бұл өлеңді біздің Қасқабұлақ орта мектебінде оқитын күрді ұлтының жүрегі қазақ деп соғатын балалары да аузынан тастамайды.
Бауырлас қазақ халқынан үлгі тұтар, тағылым алар тұсымыз өте көп. Менің Отаным – Қазақстан. Жергілікті ұлт өкілдерінен біз көп нәрсе үйреніп келеміз. Күрді халқы да қазақтар секілді киіз үй тігеді, төрт түлік мал ұстайды. Қазақ сияқты қонақжай, меймандос. Осының өзі біздің біртұтас, бөлінбес бауыр екенімізді айғақтайды. Қазақстан – біздің Отанымыз, мәңгілік мекеніміз!
Сулхаддин МҰСТАФАЕВ,
Қасқабұлақ ауылдық
округінің әкімі.
Жамбыл облысы,
Талас ауданы.
Неміс қызы Жанна-Мари
Негізгі әңгімеміздің басты кейіпкері Жанна-Мари Вебердің ата-бабалары Германиядан Ресейге І Петр патшалық еткен заманда қоныс аударып, одан соң Қазақстанға келіп тұрақтапты.
Жанна-Маридің әкесі Александр Вебер неміс ұлтынан болса, анасы Ғалия Тоқтамқызы қазақ ұлтынан, осы Жымпитының тумасы. Жанна-Мари Вебер – Қ.Мырзалиев атындағы Жымпиты орта мектебінің түлегі. Отбасында, мектепте қазақ тілінде майын тамыза сөйлей білетін ол кезінде марқұм әкесі Александрдың көңілін едәуір өсіріп, марқайтып тастайтындығы да рас-тын.
Жанна-Мари Вебер Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының заң факультетін, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дің педагогика және психология бөлімін бітірген білдей маман. Еңбек жолын аудандық АХАЖ бөлімінде «Ақ отау» қазыналық мекемесінің директорлығынан бастаған неміс қызы бүгінде Сырым аудандық сотының кеңсе меңгерушісі қызметін атқарып жүр.
Ұлты неміс болса да өзін қазақ өкілі ретінде санайтын Жанна-Мари отбасында қазақ, неміс ұлтының тағамдарын тіл үйіретіндей етіп дайындауға мән береді. Сондай-ақ, ол қазақ тілінің мәртебесін көтеру, насихаттау бағытында өзіндік біліктілігін, зеректілігін танытып, кейбір «мен қазақпын» деп кеуде соғатындардың өзін таң-тамаша қалдырады.
Осы тұрғыда айта кетерлік жайттың бірі – қазақ тілінде еркін, майын тамыза сөйлейтін Жанна-Мари «Тіл – татулық тірегі» атты құқық қорғау органдары және басқа да мемлекеттік органдар қызметкерлері арасында өткізілген былтырғы республикалық байқауда жүлделі 3-орынға ие болып Бас Прокурор А.Дауылбаевтың қолынан «Алғыс хат» алса, «Мемлекеттік тіл – мерейім» атты облыстық байқауда екінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Мемлекеттік тілдің мерейін халық арасында кеңінен насихаттау, яғни өзін-өзі таныстыру, мақал-мәтелдер айту, ән, өлең-жыр сайыстарында алдына қара салып көрмеген неміс қызы облыстық сот, аудан әкімдігі тарапынан Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарға бірнеше дүркін қатарынан ие болған.
– Қазақстан мен үшін ыстық. Еліміздегі ондаған ұлт өкілдері бірлік, достық жағдайында өмір сүруде. Өзім Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде түрлі шараларға қатысып, бірлік, бейбітшілік, қоғамдық келісім сияқты басты құндылықтарды насихаттауға өзіндік үлесімді қосудамын, – дейді Жанна-Мари Вебер әңгіме арасында.
Жанна-Маридің ұлы Раджан жолын қуған заңгерлік салада болса, марқұм атасының есімін иеленген ұлы Александр ақын атындағы мектептің 4-сыныбында оқиды.
Дереккөз: Айқын-ақпарат
Пікір қалдыру