Ақтөбеде бір күнде екі балабақша ашылды

/uploads/thumbnail/20170708203332665_small.jpg

АҚТӨБЕ. 9 қараша. Ақтөбеде бір күнде екі бірдей балабақша пайдалануға берілді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
«Шаттық» пен «Думан» балабақшаларында 400-ге жуық бүлдіршін тәрбиеленетін болады. «Заречный-1» шағын ауданында бой көтерген №48 «Шаттық» балабақшасының ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Бекбол Сағын тұрғындарды ата-аналардың игілігі үшін пайдалануға берілген әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Ол Елбасының тапсырмасымен Ақтөбеде тағы да бір балабақша пайдалануға берілгенін, «Мәңгілік Ел» боламыз деп алдына үлкен мұрат қойған мемлекетімізде жас ұрпақтың тәрбиесіне үлкен маңыз беріліп отырғанын жеткізді. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген аталы сөзін тілге тиек ете келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылға дейін еліміздегі 3-6 жастағы балдырғандардың бәрін бірдей балабақшамен қамтуды міндеттегенін атап өтті. Қазірдің өзінде Ақтөбе қаласындағы 3-6 жастағы балалардың балабақшамен қамтылу деңгейі 80 пайыздан асқанын бұл саладағы жетістік ретінде бағалады.
Ата-аналар атынан сөз алған Гүлнар Сариева балабақшаның ашылуына ұйытқы болғаны үшін Елбасына және жергілікті билікке ризашылығын білдірді.
Балабақша құрылысына жергілікті бюджеттен 362,3 миллион теңге бөлінген. 150 орындық балабақшада 6 топ бар. 40-қа жуық маман жұмыс істейді. Мұнда балалардың ойын және жатын бөлмелері, музыка залы, медициналық бөлме, асхана сапалы жиһаздармен жарақтандырылған. Медициналық блогта дезинфекциялық құралдарды дайындайтын және физиотерапевтік бөлмелер орналасқан. Балабақша алаңында бүлдіршіндердің белсенді қимылдауына арналған көлеңкелі бастырма, шағын сәулет нысандары орнатылған.
Бұдан кейін қала басшысы облыс орталығындағы 11-шағын ауданда орналасқан №49 «Думан» балабақшасына барды. Мемлекет басшысы бұрын балабақша ғимараты болған нысандарды қайтарып, күрделі жөндеуден өткізіп, жас ұрпаққа қайтаруды жүктеген болатын. «Думан» балабақшасы осы тапсырма негізінде ашылып отыр. Күрделі жөндеуден кейін пайдалануға беріліп отырған ғимаратта 11-шағын ауданмен қатар, оған көршілес орналасқан 12, «Мәскеу» және «Болашақ» шағын аудандарының да балалары тәрбиеленетін болады.
«Әлемде, елімізде қаржылық қиындақтар болғанына қарамастан, мемлекет алдына қойған әлеуметтік міндеттемелерін орындауда. Мұның барлығы еліміздегі сан түрлі ұлт пен ұлыстың тату тірлік етуінің арқасында жүзеге асырылып жатыр», – дей келіп, шаһар басшысы Бекбол Сағын салтанатты сәтке жиналған жұртшылықты балабақшаның ашылуымен құттықтады.
230 балаға арналған балабақшада 10 топ бар. Жалпы алаңы 3621,66 шаршы метр ғимараттың құрылысына бюджеттен 238 247 мың теңге жұмсалған. Құрылыс жұмыстарын «Элитстройсервис» ЖШС жүргізгенін атап өткен жөн.
«Биыл жаз айында 7 мыңға жуық бала балабақшамен қамтылды. Келесі жылы 8 мың бүлдіршінге балабақшаға жолдама беріледі», – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Ләззат Оразбаева.
Сондай-ақ, жыл аяғына қарай «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында 320 орындық балабақша бой көтереді деп күтілуде.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар