Партия жұмысы пәрмен алып келеді

/uploads/thumbnail/20170708203333431_small.jpg

Кеше «Нұр Отан» партиясы Ор­та­лық аппаратының ғимаратында орна­ласқан партия баспасөз орталығы өз жұ­мысын ресми түрде бастады. Оның алғаш­қы брифингін партия Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Құрманғали мен партия Орталық аппаратының жетекшісі Жанат Қожахметов өткізіп, соңғы екі айда атқарылған жұмыстар барысынан хабардар етті.
Алдымен сөз алған Берік Уәлиұлы Баспасөз орталығының басты мақсаты Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев бекіткен Бес институттық реформаның «Ашық және халыққа есеп беруші мем­лекет құру» бағыты бойынша пар­тияның қалың жұртшылық алдын­дағы жариялылығын көрсету екенін айтты. Оның айтуынша, «Нұр Отан» еліміздегі жетекші саяси күш болғандықтан, ақпараттың ашық­тығына қашанда мүдделі. Соны­мен қатар, ол партия ашықтық пен ай­қындық қағидасын сақтауға және кез келген ақпаратты ашық ұсынуға дайын екенін және баспасөз орталығы осыны жүзеге асырудың бір тетігі болып табылатынын алға тартты. Ендігі жолы әр аптаның сейсенбісі мен бейсенбісі партияның лауазымды тұлғалары, департамент басшылары және партияның Мәжілістегі фракциясының депутаттары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына шығып, брифинг беретін болады.
Б.Құрманғали бұл орайда «Нұр Отанның» жаңа медиалық саясаты жүзеге асырылып жатқандығына да назар аудартты. Ол, сондай-ақ, қазір­гі кезде жұмыс алты бағыт бойынша айқындалғандығын санамалап берді. Біріншісі – мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, яғни мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуына партиялық бақылауды күшейту. Партия алдағы уақытта осы жұмыстарды өрістететін болады. Екіншісі – қоғамдық қабылдаулар жұмысын жолға қою. Үшінші – бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандырып, жүйелеу және Орталық аппарат пен өңірлер арасында тығыз байланыс орнату. Төртінші – «Жас Отан» жастар қанатының жұмысын нақтылыққа негіздеу. Бесінші – партияның Парламенттегі мүмкіндігін кеңінен пайдалану. Партия фракциясы арқылы халықтың өңірдегі көкейкесті мәселелерін шешетін заңнамалардың дер кезінде қабылдануына күш салу. Алтыншы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы идеология мен осы жұмыстарды жергілікті жердегі партиялық құрылымдарды тарта отырып, күшейту.
Елбасының «Ұлы Дала елі» идеясының аясында еліміз бойынша көптеген жұмыстар жүргізілуде. Сол жұмысты ширату үшін «Нұр Отан» партиясы өз жанынан құрылған «Мирас» қоғамдық республикалық кеңесінде осы мәселені жан-жақты талқыдан өткізген. Қазірдің өзінде басылым беттерінде «Еркін мінбе» («Свободная трибуна»), «Билік назарына» айдарлары ашылып, өңірлердегі азаматтардың шешімін тапқан мәселелері жан-жақты көрсетілетін болады. Бұл ретте, Берік Уәлиұлы «Нұрлы Жол» бағдарламасының қаншалықты дер кезінде әрі сапалы жүзеге асырылып жатқандығын ашып көрсету мақсатында партиялық емес бұқаралық ақпарат құралдарына да жүгінетіндіктерін жеткізді. Сондай-ақ, 13 партиялық жоба оңтайландырылып, 8 жобаға біріктірілгені де атап өтілді. Партиялық бұқаралық ақпарат құралдарында «Ұлы Дала өсиеті» айдарымен ел тарихындағы орны ерекше ұлы ойшылдардың нақыл сөздерін, тәлім-тәрбиелік маңызы бар өсиеттерін өскелең ұрпақ санасына сіңіру мақсатындағы бейнероликтер көрсетіліп, арнайы айдарлар ашылуда. Тағы бір жаңа жоба ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешуге бағытталып, отбасылық шаруаларға қолдау көрсету жүйесін құруды көздейді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығын ілгерілетуге өзіндік үлесін қосуы тиіс.
«Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының жетекшісі Жанат Қожахметов Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың қойған міндеттері аясында партиялық бақылау мен өңірлердегі жұмыс тиімділігін арттыру жөнінде атқарылған жұмыстар жайынан хабардар етті. Ол Ұлт жоспарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бойынша Мәжілістегі партия фракциясына келіп түскен 62 заң жобасының 59-ы мақұлданып, үстіміздегі жылдың 1 қарашадағы мәліметіне сәйкес, Парламентте 36 заң жобасы қабылданғанын жеткізді. Бұдан басқа, өңірлерден Орталық ап­паратқа келген ұсыныстар сараланып, Парламент Мәжілісінің жұмыс топтарына жеткізілетіні ерекше аталды.
«Нұрлы Жол» бағдарламасының жүзеге асырылуын бақылау жөнінде Мәжіліс пен мәслихаттардағы партия фракциялары жанында 4 комиссия құрылғанын тілге тиек еткен Ж.Қожахметов алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешеніне қатысты тағы бір комиссия құрылатынын жеткізді. Келтірілген мәліметке қарағанда, қоғамдық қабылдау бөлмелері мен «Электронды партия» халықпен кері байланыстың нығая түсуіне ықпал еткен. Атап айтқанда, 2 жылда мемлекеттік органдардың жетекшілері мен депутаттардың азаматтарды жеке қабылдауларының саны 8 есе өскен. Шағымдардың әрбір алтыншысы электронды түрде қабылданса, сонымен қатар, Мәжілістегі партия фракциясының мүшелеріне тікелей өтініш жіберуге мүмкіндік беретін «Депутат блогы» қызмет етіп тұрған.
Орталық аппаратта жүзеге асырылған оңтайландыру барысы да сөз етілді. Негізінен, партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов бұған дейін 1 қарашадан бастап партияның Орталық аппараты мен өңірлік филиалдар жаңа штат кестесі бойынша жұмыс атқара бастайтынын хабарлаған болатын. Сонымен, орталықта жұмыс істейтін қызметкерлер саны 132-ден 116-ға дейін қысқарып, тиісінше өңірлік филиал қызметкерлерінің саны 43%-ға, яғни 358 бірлікке көбейгені белгілі болып отыр. Сондай-ақ, филиалдардың жұмыс сапасы мен тиімділігін бағалаудың нысаналы индикаторлары әзірленіпті.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар