Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының іске асыруы жайы талқыланды.
Жиын барысында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы Болат Палымбетов аталған акционерлік қоғам өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде жекеменшік компаниялармен әріптестік орната отырып, шамамен 585 мың шаршы метр тұрғын-жай құрылысын жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Бұл дегеніміз, шамамен 10 255 пәтер екен. Оның ішінде 472 мың шаршы метрі, яғни 8 286 пәтер «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорына тиесілі. Бүгінде жалпы ауданы 344 мың шаршы метр пайдалануға берілді, оның ішінде Жылжымайтын мүлік қорына тиесілі бөлігі – 267 мың шаршы метр немесе 5 063 пәтер болып отыр, деді басқарма басшысы. Айта кетсек, сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтерлер 15 жыл мерзімге беріледі. Жалдау төлемдерінің мөлшері сатып алу құқығымен жалдаудың бүкіл мерзімі ішінде бірқалыпты деңгейде болады.
Б.Палымбетов, сонымен қатар, қор жергілікті құрылыс компанияларымен тығыз ынтымақтастықта тұрғын үйлер салып, өңірлерді дамытуға белсенді қатысып отырғандығын айта келе, аталған бағдарламаны жүзеге асыру аясында Жылжымайтын мүлік қоры еліміздің 11 өңіріндегі құрылыстар төрт мыңнан астам жұмыс орындарын ашқанын жеткізді. «Құрылыс салушылардың нысандарды салу кезінде қазақстандық құрылыс материалдарын қолдануы және жергілікті жұмыс күшін тартуы арқасында ағымдағы жылдың 9 айындағы нәтижесі бойынша іске асырылып жатқан жобалардағы жергілікті қамту деңгейін орташа есеппен 80 пайызға дейін арттыруға қол жеткізумен қатар, Жылжымайтын мүлік қорының қатысуымен салынып жатқан нысандардың құрылыс құнын қымбаттатпауға мүмкіндік берді», деді ол.
Басқарма төрағасы баспана бағасына қатысты да ақпараттармен бөлісті. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын білесіздер. 2012 жылы бір шаршы метр баспананың өзіндік құны, яғни біз құрылыс компанияларымен келісімшарттар бекіткен кезде өңірлерде 1 шаршы метр үшін – 120 мың теңге, ал Алматы, Астана Атырау және Ақтауда 150 мың теңге болды. 2013-2014 жылдары өңірлерде – 132 мың теңге, Алматы мен Астанада 164 мың теңге деңгейінде қалыптасты. Бүгінде өңірлерде шаршы метр 137 мың теңге тұрса, Алматы, Астана, Атырау және Ақтауда – 171 мың теңге. Жыл сайын өсім 4-4,5 пайыз деңгейінде болып отыр», деді Б.Палымбетов. Оның атап өтуінше, валюта бағамының өзгеруіне байланысты бағалардың күрт өсуі болжанып отырған жоқ. «Бағаның артуын біз анықтамаймыз, яғни Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетіне сілтеме жасаймыз», деп түсіндірді «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы.
Бастысы, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ қазақстандықтарға баспана алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға шынайы мүмкіндік беріп отыр, дейді мамандар.
Дереккөз: егемен Қазақстан