Дамудың сыры – бірлікте

/uploads/thumbnail/20170708203402322_small.jpg

Еліміздің Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев ха­лықтар достығына, ұлттардың ынты­ма­ғына үнемі көңіл бөліп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы да сол идеяның жемісі. Ассамблея – ол әрі іргетас, әрі бейбітшілік, рухани келісім мәдениетінің н­е­гізгі қағидаты. Ол – мемлекеттік органдардың халықпен жемісті үнқатысуын, барлық этностар өмірлерінің өзекті мәселелерінің шешілуін қамтамасыз етуші ұйым. «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» дегендей, жолын тапқан мұратқа жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Қазақты қасиетті қарашаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар.
Міне, бұл бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясына Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының берген сипаттамасы. Шын мәнісінде, осынау Ассамблея құрылғалы Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері бір шаңырақтың астына бірігіп, яғни қарашаңыраққа қадалған уықтай ел Президентінің сарабдал саясатынан нәр алып, ортақ үйіміз болған Қазақстанның әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарынан көрінуіне атсалысып келеді. Ассамблея өмірге келген алғашқы күнінен бастап қазақ ұлтының кемел келешегіне сеніммен қарап, елдің дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қосып отыр.
Осынау көп ұлт өкілдерінің басын біріктірген Ассамблея атты достық отауының құрылғанына биыл 20 жыл толды. Аталған шаңырақ Қазақстан Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы Жар­лығымен Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды. Елбасымыз бұл идеяны 1992 жылы ел Тәуелсіздігінің бір жылдығына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұн­дай институтты құру қажет­тілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ, жаңадан құрылған, тәуелсіз, поли­этносты, поликонфессиялы мем­лекеттің тұрақты даму тұр­ғысынан туындаған еді. Бұл бастама мәдениетаралық үнқатысуды нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылады. Оның дамуы барысында Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблея­сының институттық құры­лымы нығайып, қоғамды ұйыс­тырушы әлеуеті толысты, ол – ха­лық дипломатиясының ма­ңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея ел Президенті төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады.
Сондай-ақ, үстіміздегі жылы өздерінің құрылғанына 20 жыл­дық торқалы тойын атап өтіп жатқан осынау Ассамблея өкілдері еліміздегі қоғамдық тәртіптің нығаюына, сот жүйесінің жетілуі­не өзіндік үлестерін қосып келе жатқындығын атап өтуіміз керек. Әсіресе, Елбасымыз тарапы­нан ұсынылып, Ассамблея­дан сайланған Парламент депутаттары ел тыныштығын сақтауға атсалысып келеді. Көптеген игілікті бастамалардың ұйытқысы болып жүргеніне тұрғындарымыз куә ­болуда.
Сол сияқты, еліміздегі сот саласында да өзге ұлт өкілдері жергілікті ұлт өкілдерімен, яғни мемлекет құраушы ұлт мүшелерімен бірге тату-тәтті, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қоян-қолтық еңбек етуде. Сондықтан осы әріптестеріміз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық мүшелерін осынау тарихи мерейлі мерекесімен құттықтаймыз. Қа­зақ­станның дамуына үлес қоса берулеріне тілектеспіз.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар