Көзіқарақты қауымға «Егемен Қазақстанның» «етжеңді» нөмірлерінен жылма-жыл шығарылып тұратын кітаптар жақсы таныс. Жақында сол жинақтардың он төртіншісі жарық көрді. 2014 жылғы нөмірлерден іріктеліп алынған мақалалар мен сұхбаттар оқырманның ой-өрісін кеңейтіп, бағалы да тың ақпарат беретіндігімен қымбат. Жинақ «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті С.Абдрахмановтың шағын алғысөзімен ашылған.
«Сол кезде мәскеулік ғалымдардың бірі Ағын Хайроллаұлына төбеден түскендей: «Нельзя ли показать влияние русской культуры на аль-Фараби» депті… Міне, біз шыбындап бас изеген мәскеулік философтардың шынайы сықпыты осындай болған».
Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Дара тұлға» атты ғұмырбаяндық очеркінде көрнекті ғалым Шаһмардан Есеновтің ұсынысымен қазақстандық фарабитанушылар өз еңбектерін ел астанасында талқылатуға апарғанда осындай сөз айтылғаны баяндалған. Кезінде жылағың келетін бұл сөзге қазір күлкің келеді.
Оқырман қауымға он төртінші рет ұсынылып отырған «Етжеңді» «Егемен Қазақстан» жинақтарының бұл кітабында да осындай тағылымды толғанысқа толы ойлы дүниелер баршылық. «Мына бір деректерге жүгініп көрейік. 2011 жылы әлемде ағылшын тілінде 550 мың кітап жарық көрген екен. Бұлар жаңа кітаптар мен аудармалар. Яғни, жаңа ойлар, жаңа идеялар. Сауатты боламын деген адамға керекті жаңа ақпарат. Сол жылы орыс тілінде 97 мың кітап басып шығарылды» – Ерлан Сағадиевтің «Үш тілді үйрену – үлгі етер үрдіс» атты мақаласындағы бұл жолдарға түсініктеме беріп жату артық, әрине. Академик Сейіт Қасқабасовтың 100 томдық «Бабалар сөзі» басылымы жайында «Мәңгілік елдің мәңгілік фольклоры» тақырыбымен берілген сұхбаттағы: «Әр томның көлемі орташа алғанда 400 беттен. Серияның жалпы көлемі 2540 баспа табақ, әр баспа табақ 16 беттен есептелгенде мұнда шамамен 40640 бет бар екен. Әр баспа табақта 40 мың таңба болатынын ескерсек, осы басылымдағы таңбалар саны … 101 миллион 600 мың таңба екен… Мұндағы мәтіндерді тек теріп шығу үшін компьютер клавиатураларына саусақтар жүз миллионнан артық тигенінің өзі ғажап емес пе?!» деген сөздерге де қосып-аларымыз бола қоймаса керек.
«Етжеңдінің» өзге де жинақтары сияқты, бұл жолы да сіз күнбе-күнгі қам-қарекетті күйттейтін газет табиғатынан сәл де болса өзгешелеу журналистика жарияланымдарымен жүздесесіз. Әлібек Асқаровтың «Марқакөл-Шанағаты немесе Қазақстанның ең суық нүктесіне сапар» деген сафари жазбасы төгілген тілімен де, мол мәліметімен де, суреткерлік байқампаздығымен де тәнті етеді. Қайсар Әлімнің «Алматыдан соңғы аттанысы» аяулы азамат, асыл аға Сабыржан Шүкіров өмірінің соңғы тәулігін, Алматыдан аттанып, Астанаға жете алмаған күйі үзіліп кеткен сәтіне дейін жан-жүректі тебіренте суреттейді. Кезінде «Социалистік Қазақстан» қаламгерлері үшін меншікті тілшіліктің үйренерлік үздік үлгісін көрсетіп кеткен жүйрік журналист, жақсы жазушы Байжігіт Әбдіразақовтың бірегей бейнесін Жанат Елшібек «Кешеден жеткен өлмейтін сөз» атты мақаласында келісті кестелейді. Сөз өнерінің саңлағын әдемі әспеттеудің жарасымды көрінісін Өтеген Оралбайұлының өзі «Торғайдың бозторғайы» деп атаған эссесінен де табамыз, онда Кеңшілік Мырзабеков поэзиясының сырлы сұлулығы айқара ашылған. Кешегі кеңестік кезеңдегі «Қайрат» пен «Пахтакор» кездескенде бар халықтың демін ішіне ала қалатын күндерін сағынсаңыз, Жанболат Аупбаевтың өзбек футболының аңызына айналған атақты шабуылшы Берадор Абдураимовпен әңгімесін («Стадиондағы сұхбат») оқыңыз.
«Етжеңді» нөмірлерінде адамды таң-тамаша қалдыратын фактілер, оқиғалар да болуы заңды. Дәл осы күндерде, Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданындағы Сарыөзеннің Сақырат түбегінде 32 жылдан бері ну қамыста жападан-жалғыз ғұмыр кешіп жатқан адамның бар екеніне бір таңдансаңыз, сол Бухарев Алексей Михайловичтің ұлты қазақ екеніне екі таңданасыз, сөйтіп жүріп руының жаппас екенін ұмытпағанына үш таңданасыз, сондықтан да Серік Жұмағалиевтің мақаласы «ХХІ ғасырдың «Робинзон Крузосы» деп аталғанына онша таңданбайсыз.
Қысқасы, ойлы сөзді іздеп жүретін оқырманның бұл кітаптан да өзіне қажет қазынаны молынан табарына сенеміз біз.
Дереккөз: егемен Қазақстан