Қайырымдыларға арналған «Алтын жүрек» сыйлығы иелерін тапты
Жылдағы дәстүр бойынша Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында қайырымдылық саласындағы Ұлттық қоғамдық «Алтын жүрек» сыйлығы иегерлерін марапаттау рәсімі болып өтті.
Еліміздің қайырымды адамдары мен олардың мейірімділіктің үлгісі болған істеріне «Рахмет!» айту салты 2007 жылдан бері ұйымдастырылуда. Осылайша тоғыз жыл бойына «Алтын жүрек» ұйымдастырушысы – «Бауыржан» қайырымдылық қоры аталмыш сыйлықты тұрақты түрде табыстап келеді.
Марапаттау салтанатының ашылу рәсімінінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек елімізде белсенді азаматтық қоғам қалыптасқанын айтып, оның ішінде Наурызбай ауданындағы селден зардап шеккендерге қолұшын созған жандарға өз алғысын білдірді.
Сонымен, «Бауыржан» қайырымдылық қорының директоры және сыйлықты ұйымдастыру комитетінің төрайымы Жұлдыз Омарбекова сыйлық тағайындалып жүрген жылдарда қазақстандық қайырымдылық эволюциясының куәгері болғанын айта келе:
– Көмек тек қана ақшамен өлшенбейді, біздің номинанттардың қайырымды істері әртүрлі көлемде болуы мүмкін, бастысы – өз қалауымен көрсетілген көмек болуы тиіс. Егер бұрынырақта қайырымды адамдар үлесін көбіне қаржылық мүмкіндіктері көп адамдар құраса, бүгінде олардың қатарын ерікті ұйымдар мен қарапайым адамдар толықтыруда. Сондықтан болар, соңғы 5 жыл ішінде дүниежүзілік қайырымдылық рейтингісінде Қазақстан 121-орыннан 101-орынға дейін көтерілді. Алайда, біз қайырымдылықты әлі де дамыта беруіміз керек және алдағы уақытта қайырымды елдердің бірінші жүздігіне, тіпті, елулігіне де ілінерміз деп үміттенемін, – деді.
Қысқасы, лауреаттарды марапаттау салтанаты Turkvision-2014 сайысының жеңімпазы Жанар Доғалованың орындауындағы «Алтын жүрек» әнұранынан бастау алды. Алтын жүректі жандарды қолпаштауға келген өнер саңлақтары – Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, домбырашы Асылбек Еңсепов, скрипкашы Жәмила Серкебаева, MEZZO тобы, Қуат Бағысбек, Толқын Забирова, Әлішер Кәрімов сынды жандар кештің әрін келтірді. Әсіресе, Атырау қаласынан арнайы келген өнерлі бүлдіршін Нұрмұхаммед Жақыптың орындауындағы «Сәби бақыты» әні көрермендер көңілін босатып, жан тебірентті.
Алдымен «Жетім балаларға көрсеткен көмегі үшін» номинациясы бойынша алғашқы лауреат, яғни 2015 жылғы «Алтын жүрек» иегері – Ақмола облысы Кенесары ауылында 11 баланың әкесі атанған Мұрат Қабылбаевтың есімі аталды.
«Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша көпшілік Жезқазған бизнес және көлік колледжінің құрылтайшысы, ұзақ уақыт бойы білімге қолдау көрсетіп келген Бекзат Алтынбековке қол соқты.
Алматы қаласы атынан ерікті Эльмира Әлиева «Денсаулық сақтау саласына көрсеткен қолдауы үшін» номинациясын иеленді. Оның арқасында 90 мың доллардан астам қаражат жиналып, былтырдан бері ауыр сырқатты балалар мен ересек жандар Түркия, Италия, Оңтүстік Корея, Қытайда емделген.
Ал қоғам пікірі бойынша мүгедектерге орасан зор көмек көрсеткен «Атырау. Маленькая страна» оңалту орталығының негізін қалаушы әрі жетекшісі Ерлан Күмісқалиев та «Алтын жүрек» мүсінімен марапатталды.
Қызылордалық филантроп Абзал Ералиев «Спортты қолдап, оны дамытқаны үшін» номинациясының лауреаты атанды. Оның пікірінше, жастар өз болашағын өздері таңдап, алға дұрыс мақсат қоя білуі тиіс. Ал спортты өз жігерін сынаудағы басты мүмкіндіктердің бірі деп санайды.
Ал ардагерлерге тұрақты көмек көрсетіп, оларға қамқор бола білген «Ореол» ЖШС директоры Сергей Коротинға «Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін» номинациясы берілді.
«Жыл меценаты» атағына «Археологиялық экспедиция» ЖШС ие болды. Олар өз есебінен Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын зерттеп, соған орай түсірген деректі фильмдері кеңінен таралуы үшін телеарналарға тегін өткізуге ықпал еткен.
8 жыл бойына ақпараттық қайырымдылықпен айналысып, әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетіп келе жатқан «Айғақ» телерадиокомпаниясы «Ақпараттық қолдаушы» номинациясында аты аталды.
«Жыл ұйымы» номинациясында ең үздік деп Родина ауылы атынан «Родина» агрофирмасы танылды. Иван Сауэр жетекшілік ететін кәсіпорын көп жылдар бойына ауыл тұрғындарына, өз қызметкерлеріне жан-жақты қолдау танытып отырған.
Ал италиялық Россано Томаселли «Алтын жүрек» сыйлығының «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша марапатталды.
Сол сияқты кеш қонақтары соңғы жылдағы мейірімді және қайырымды істермен таныстыратын «100 қайырымды іс» атты фотокөрме ұйымдастырылды.
"Қамшы"сілтейді
Дереккөз: егемен Қазақстан