Конфессияаралық келісім

/uploads/thumbnail/20170708203410650_small.jpg

– мемлекеттің дін саласындағы саясатының мақсаты
Өзiн демократиялы, зайырлы, құ­қық­­тық және әлеуметтiк мемлекет ретiн­де орнық­тыратын еліміз үшін дін сала­сындағы саясаттың ең басты мақсаты – конфессияаралық келісім.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымындағы төрағалық мерзі­мінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біздегі ұлтаралық және дін­аралық келісімнің моделі – бүкіл әлемдегі түрлі конфессиялар арасындағы қарым-қатынас ісіне Қазақстанның қосқан қомақты үлесі», – деген болатын. Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан кезінде Қазақстанды «Әлемнің өзге мемлекеттері үшін ұлт­аралық келісімнің тұрлаулы әрі тұрақты дамуының үлгісі» деп бағалаған болатын. Расында да, Қазақстан Республикасының шаңырағының астында 100-ден астам ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің, 18 конфессия сенушілерінің бейбітқатар өмір сүруі әлемнің өзге елдерінде кездесе бермейтін жайт. Бұдан біз қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ететін этнос­тар мен діндер арасында орнықты әрекет үлгісі қалыптасқандығын көреміз.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы­мен 2003 жылдан бері дәстүрлі түр­де Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының съездері өткізіліп келеді. Кезекті V съезд түрлі діни конфессияларды ашық үнқатысуға шақырды. Бұл жолғы жиынға дүниенің төрт бұрышындағы 42 елден 80-нен астам делегация қатысып, ұлтаралық және конфессияаралық бей­бітшілік пен келісімді қамтамасыз ету тетіктерін қарастырып, бүгінгі сын-қатер­лерден сақтану жолдарын іздеді.
Қазақстандық конфессияаралық келі­сімнің символына айналған діни лидерлер съезінің беделі жыл санап артып келеді. Оған дәлел, үстіміздегі жылғы съезге әлемдік аренада өзіндік орны бар БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Финляндия президенті Саули Ниинисте сияқты тұлға­лардың арнайы келіп қатысуы.
«Діни лидерлер мен саяси қайрат­кер­лердің бейбітшілік пен даму жолындағы үнқатысуы» тақырыбында өткізілген V съездің нәтижесінде қабылданған декларацияда қамтылған уағдаластықтардың бүгінгі таңдағы жаһандану үрдісінде орын алып жатқан түйткілі көп мәселені шешуде өзіндік ықпалы мол болатынына сеніміміз кәміл.
Аталған декларацияда діни лидерлердің саяси қайраткерлермен, халықаралық ұйымдармен және азаматтық қоғаммен тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жанжалдарды болдырмау және реттеу мақсатындағы үнқатысуға жәрдем етуі, шындығында, бұл үлкен жанашырлықтың белгісі, адамзат болашағына алаңдаудың көрінісі болып табылады.
Жоғарыда айтылған ұсыныс Елбасының діндер лидерлерінің съезін өткізудегі бас­ты мақсатының орындалғандығының айға­ғы десе болады. Себебі, осыдан 9 жыл бұрын, Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының ІІ съезінде Елба­сы: «Жаратушы – жалғыз, дүние – ортақ, аспан асты – кең, ендеше, біз бір атаның баласы, бір ананың перзенті ретінде бір-бірімізбен береке-бірлік пен ынтымақта өмір сүруіміз керек», – деп әлем халықтарын бейбітшілікке шақырған болатын. Бүгінгі уақытта Елбасының сол кездегі үндеуі съездің басты ұранына айналды. Уақыт – Елбасының Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу туралы бастамасының өміршең екендігін дәлелдеді. Қазақстандағы әртүрлі этностар мен конфессиялар өкілдері арасындағы келісім мен бейбітшілік «Мәңгілік Ел» идеясын құруға деген талпынысты жандандыра түсуде.
Бұл үрдіс Жамбыл облысында да көрініс тауып, 16 конфессиядан құралған 325 діни бірлестік пен филиал мемлекеттік тіркеуден өтіп, 280 мешіт пен 45 шіркеу халықтың рухани сұраныстарын қанағаттандыру бағытында қызмет көрсетуде.
Облыс әкімдігі дін істері басқармасы жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен, қоғамдық институттармен бірлесе отырып, мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асыру барысында облыс аумағында конфессияаралық келісімді нығайту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, тұрғындардың діни сауаттылығын көтеру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізуде.
Үстіміздегі жылы елімізде аталып өтіп жат­қан атаулы шаралардың бірі – Қа­зақ хан­дығының 550 жылдығына орай, сәуір айында облыс әкімдігі дін істері бас­қармасының ұйымдастыруымен «Қазақстан тарихындағы ислам дінінің рөлі» тақырыбында аймақтық конференция өткізілді. Конференцияға Астана және Алматы қалалары мен Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарынан арнайы қонақтар мен зиялы қауым өкілдері, елімізге танымал дінтанушы, тарихшы ғалымдар шақырылып, Қазақ елінің тарихындағы ислам дінінің алар орны мен ұлт болып қалыптасудағы ықпалы туралы жан-жақты ғылыми баяндамалар жасалып, талқылау алаңдары ұйымдастырылды.
Конференцияның басты мақсаты қазақ ұлтының тарихында ислам дінінен басқа діннің болмағандығын, сан ғасырлар бойы осы дінді ұстанып келген ата-бабаларымыз әртүрлі діндер мен діни ағымдарға бөлінбей, өзге дін өкілдерімен өзара түсіністікте өмір сүре білгендігін бүгінгі өскелең ұрпақтың санасына сіңіру болып табылды.
Сонымен қатар, облыстағы христиандық бағыттағы діни бірлестіктердің жетек­шілері мен шетелдік миссионерлерге Қазақстан тарихы мен мәдениетін таныстыру мақсатында Тараз қаласында орналасқан тарихи орындар мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайына экскурсия ұйымдастырылып, ежелгі Тараз қаласының қазба орындары мен «Қарахан», «Тектұрмас» кесенелеріне барды.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қо­рық-­мұражайының жолнұсқаушылары Қа­зақстан және Тараз қаласының тарихы туралы толық ақпарат берді.
Облыста мемлекеттің дін саласындағы саясатын іске асыруда атқарылатын шаралар негізгі үш бағытта жүргізілуде: бірін­шіден, тұрғындардың діни сауат­тылығын көтеру, әсіресе, жастар арасын­да дін туралы дұрыс таным-түсінік қалып­тастыру. Бұл бағытта басқарма облыс әкімдігінің мүдделі басқармаларымен, атап айтқанда, білім және жастар саясаты мәселелері бас­қармаларымен, сонымен қатар, жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орната отырып, түрлі кешенді іс-шараларды өткізуде;
екіншіден, діни экстремизм мен тер­роризмнің алдын алу бағытында құқық қорғау органдарымен жоспарлы шаралар қабылданып, радикалды көзқарастағы діни ағымдардың ықпалына ұшыраған азаматтармен ақпараттық-насихаттық және түсіндіру жұмыстары қолға алынған;
үшіншіден, конфессияаралық келісімді нығайту бойынша облыстағы 280 мешітпен және 45 шіркеумен өзара ықпалдасу тетіктері қалыптасқан. Бұл бағыттағы жұмыстарда облыстағы Қазақстан хал­қы Ассамблеясы хатшылығының да алар орны ерекше. Өйткені, облыстағы конфес­сиялардың өкілдері облыстық Ассамблея жанындағы 25 этномәдени бірлестіктің белді мүшелерінен болып табылатындықтан, қоғамдағы саяси-мәдени оқиғалар мен шаралардан қалыс қалмай, мұсылманы бар, православы, католигі және протестанты бар, «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай», белсене атсалысуда.
Еліміздегі конфессияаралық келі­сімнің жағдайы туралы көп дүние жазуға болады. Бұл бағытта көптеген шаралар жасалған және жасалуда. Осы ретте, ойымды Елбасының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзімен аяқтағанды жөн санадым: «Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын. Олар біздің мәңгілік құндылықтарымыз. Осынау бұлжымас ақиқатты сақтай отырып қана біз мәңгілік халық, мәңгілік елорда және мәңгілік мемлекет туралы айта аламыз».
Жангелді ОМАРОВ,
Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының басшысы.
ТАРАЗ.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар