Мәңгілік Елдің мақсаты айқын

/uploads/thumbnail/20170708203414400_small.jpg

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің ұйымдастыруымен «Мәңгілік Елдің мәңгілік тілі» атты дөңгелек үстел өтті.
Тілді қорғау, тілдің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, жастардың бойында патриоттық сезімді ояту мақсатында өткен басқосуға ана тіліміздің бірден-бір жанашыры, ұлттық рух жаршысы болып табылатын «Ана тілі» газетінің ұжымы қатысты. Дөңгелек үстелді қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы Алтынай Тымболова жүргізіп отырды.
Жиын барысында «Ана тілі» газеті редакциясынан келген өкілдер мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қазақ тіл білімі кафедрасының ғалымдары мен студенттері қоғамдағы тіл мәселесіне қатысты өзекті проблемалар жайында, ұлттық болмысымыз, ұлттық сана-сезім туралы, «Ана тілі» газетінің бетінде жарық көрген тіл мен ділге қоса – мәдениет, әдебиет, руханият мәселелері жайында ой өрбітіп, пікірлерін ортаға салды.
– Кешегі А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов сынды Алаштың ардақтылары тіл туралы: «Тіл – ұлттың жаны, тіл болмаса ұлт та, халық та болмайды» дегенді кезінде айтты, – деп сөз бастаған «Ана тілі» газеті редакторының бірінші орынбасары Нұрперзент Домбай, – бұл сөздің астарында үлкен ой жатыр. Қазіргі таңдағы тілдің жағдайы баршаға жақсы белгілі. Кеңестік дәуірге қарағанда, қазіргі кезде тілімізді дамытуда ілгерілеу бар. Оған жыл сайын қазақ мектептері мен қазақ балабақшалар санының көбеюі дәлел бола алады. Қазақ тіліндегі газет-журналдардың, БАҚ-тың да тәуелсіздік алғаннан кейін қалай өскенін білесіздер. Негізі, тілдің мәңгілік болуына деген ұмтылыс, тілге деген құштарлық балабақшадан, мектептен басталады. Сондай-ақ, тілді дамытуда БАҚ-тың орны да ерекше. 1990 жылы жарық көрген «Ана тілі» газеті биыл 25 жылдығын атап өтті. Газет халықтың қалауымен, мемлекетіміздің қолдауымен ашылған болатын. Онда әр жылдары танымал тұлғалар қызмет етті. Бүгінде басылым қоғамдық үнді жеткізетін, тіл мәселесіне ерекше мән беретін, мемлекеттік тіл ғана емес, ұлтқа қатысты кез келген күрмеулі мәселелерді көтеріп келе жатқан газет болып отыр, – деді.
Одан кейін сөз алған қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Қаламқас Қалыбаева еліміз тәуелсіздік алған сонау қиын-қыстау заманнан бері «Ана тілі» газетінің тек мемлекеттік тіл ғана емес, ұлтқа қатысты кез келген күрмеулі мәселелерді көтеріп келе жатқандығын, қазақтың тілі, қазақтың ауылы, қазақ мектебі, балабақшасы, қазақ жастары, қазақ ғылымы, т.б. көптеген тақырыптарда жазылған мақалалардың оқырман ойынан шығып жүргенін атап өтті.
Жиынға студенттер де белсене қатысып, тілге байланысты өз ой-пікірлерін білдірді. Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 2-3 курс студенттері Ағымжан Еркінбекова, Мәдина Бегарысова, Раушан Байжарыққызы, Ақерке Бауыржан, Ақтоты Сапаралы, Айдана Ибрайымова, Алтынай Қаныбек газет бетіндегі мақалалар топтамаларына талдаулар жасап, өзіндік пікірлерін айтып, мемлекеттік тілдің дамуын тежеп тұрған кедергілер, үш тұғырлы тіл жөнінде сұрақтар қойып, тілді қорғау, тілдің қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға байланысты ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар