ТАРАЗ. 3 қараша. Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы «Ағали» шаруа қожалығы жаңа сүт өңдеу цехын іске қосты. Жергілікті шаруалардан сүт сатып алып, оны қайта өңдеп, айраннан бастап, қаймақ, сүзбе мен өзге де сүт өнімдерін шығарумен айналысатын цех Қостөбе ауылдық округіндегі Талас ауылынан ашылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жалпы құны 40 млн. теңгеге бағаланған цех қаржысының 30 млн. теңгесі екінші деңгейлі «Евразиялық банктен» алынса, 10 млн. теңгесі өз қаражаты есебінен. Жаңа өндіріспен шұғылдануды ниет еткен шаруа қожалық жетекшісі ауданды ғана емес, облыс өңірін де сапалы сүт өнімдерімен қамтуды көздеп отыр.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиевтың айтуына қарағанда бүгінгі күні өңірде ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін 200 кәсіпорын жұмыс істейді, онда 2700 адам жұмыспен қамтылған.
«Сүт өңдеу цехының ашылуынан өңіріміз үшін тек игілік күтеміз. Себебі, сүттің өзін ғана сатқаннан, оны өңдеп сату қай тарапқа да тиімді. Біріншіден, өнім түрі молаяды, екіншіден, халық сұранысын қамтамасыз етеміз, ең бастысы, жаңа жұмыс орындары ашылады, аудан бюджетіне түсетін салық та бар», – дейді А.Нұралиев.
Алдағы уақытта цехтың қуаттылығын арттырумен бірге, жұмыс орындарын да көптеп ашу жоспарланған. Бұл екі қолға бір күрек таба алмай, жұмыс іздеп жүрген ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы жоба болды. Жобаның артықшылығы – серіктестіктің өз мал базасының болуында, сүтті сиырлар ұстап, сүтін өңдеудің толық циклінде және дайын сүт өнімдерін шығаруында. Бұл дегеніміз – әрине, өнімнің өзіндік құнының төмен болуы. Өзі шығарған сүтті өзі өңдеп сату өнім бағасының ретсіз көтерілмеуіне септігін тигізеді.
«Сүт өзімізден шығады. Қазірдің өзінде шаруа қожалықтағы 400 бас мүйізді ірі қараның 227-і аналық бас сиыр. Қажетті мал азығы базасын салдық. Мал азығы ретінде биыл қосымша жүгері өсіріп жатырмыз. Алдағы уақытта сауылатын сиырдың санын көбейтуді жоспарлап қойдық. Әзірге өзімізде өндірілетін сүтке қосымша жергілікті тұрғындардан сүт сатып алуды көздеп отырмыз», – деді «Ағали» шаруа қожалығының басшысы.
Дереккөз: Егемен Қазақстан