Елбасының үндеуі

/uploads/thumbnail/20170708203415916_small.jpg

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына үндеу жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы өз үн­деуінде Қ.Келімбетовті Ұлт­тық Банк төрағасы лауазымынан босату туралы шешім қабыл­данғанын мә­лім­деді. Қазақ­стан Республикасы Консти­туциясының 44-бабының 4-тармағына, 55-бабының 2-тар­мақшасына сәйкес, Нұрсұл­тан Назарбаев Ұлттық Банк төр­ағасы лауазымына Президенттің көмек­шісі қызметін уақытша атқарушы – Президент Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі Данияр Ақышевты тағайындауға келісім беру жөнінде Парламент Сенатына өтініш жолдады.
Нұрсұлтан Назарбаев Д.Ақы­шевтің біліктілігін және мол тәжірибесі бар екенін атап өтті.
– Ол Қазақ мемлекеттік бас­қа­ру академиясын үздік бітірген. 18 жылдан астам уақыт Ұлттық Банк­­те еңбек етті, соның жеті жы­лында төрағаның орынбасары болды. Қазіргі уақытта Пре­зи­дент Әкімшілігінде қызмет істей­ді, еліміздегі ахуал мен эко­но­ми­ка­лық мәселелерді жан-жақ­ты зер­де­лей біледі, – деді Мем­лекет бас­шысы.
Қазақстан Президенті Ұлттық Банк басқару жүйесінің, әсіресе, мемлекеттік қаржыны басқарудың маңызды элементі болып табылатынын айтты.
– Қазір банкке және ұлттық валюта – теңгеге деген сенім азайды, бұған жол беруге болмайды. Елде теңге өтімділігінің тапшылығы сезіледі, экономиканы несиелеу көлемі төмендеуде. Бұлар – төмен көр­сеткіштер, оларды түзету үшін жұмыс істеу керек. Д.Ақышевтің білі­мі мен тәжірибесі оған осы мін­детті атқаруға септігін тигізетініне сенімдімін. Парламент Сенатынан елдің қаржы жүйесінің игілігі үшін менің осы шешімімді қолдауды сұраймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы отандық экономиканың жағдайына бірқатар факторлар ықпал ететінін айтты. Олардың қатарында негізгі экс­порттық тауарлар бағасының төмендеуін, әлемдегі геосаяси жағ­дайды, сондай-ақ, Қытайдағы эко­номикалық ахуалды атауға бо­лады.
– Біз бұл қатердің бәрін ең­се­реміз, ол үшін қажетті мүм­кін­дік­тер бар, жоспарлар әзірленген. Қазақстанның мемлекеттік қарызы төмен деңгейде. ІЖӨ-нің 40 пайызы көлемінде резервтеріміз бар, егер соны тиімді пайдаланатын болсақ, экономиканың дамуын жалғастыра аламыз және халық­тың әлеуметтік көңіл-күйінің нашар­лау­ына жол бермейміз. Біз жүр­гізіп жатқан индустриялан­дыру және «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық бағдарламасы сыртқы теріс ық­пал­дардың әсерін азайтуға бағыт­тал­ған. Барлық өнеркәсіптік ірі кәсіп­­орындарға тағы да сөз арнай отырып, жұмыс орындарын сақ­тауды қамтамасыз етуге шақы­ра­мын, – деді Қазақстан Президенті.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар