Нақты мәселелер талқыланды

/uploads/thumbnail/20170708203416697_small.jpg

Кеше Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Астанаға жұмыс сапарымен келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джон Керримен кездесті. Тараптар екіжақты келісімдерді іске асыру бойынша тәжірибелік қадамдарды кеңінен талқылады.
Басқосу барысында Қазақстан мен АҚШ Президенттерінің кездесулерінде, оның ішінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обаманың қатысуы шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, олар екіжақты, өңірлік және көпжақты ынтымақтастық бо­йынша кең ауқымды мәселелерді талқылай келіп, бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Ерлан Ыдырысов пен Джон Керри басым бағыттар бойынша екіжақты қатынастарды ны­ғай­тудың маңызды және табыс­ты тетігіне айналған Стра­тегиялық әріптестік жөніндегі комис­­сия­сы­ның қызметін жоғары бағалады.
Бұған қоса, Қазақ­стан­ның Дү­ние­жүзілік сауда ұйымына кіруі аясында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық ауқымын ұлғайту, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруда жәрдемдесу, дәстүрлі және бала­ма энергетика саласындағы әріп­тестіктің келешегі жөніндегі мәсе­лелер жан-жақты сөз болды. Со­нымен бірге, сыртқы саясат ве­домстволарының басшы­лары ғылыми-техникалық сала мен білім берудегі ынты­мақ­тастықты нығайту және келісімдік-құқықтық база мен ви­залық режімді жеңілдетуге байланысты жұмысты жандандыру бойынша келісімге келді.
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы жаһандық климаттық өз­ге­рістер мәселесіне өз мүдде­лілігін ескере отырып, Қазақ­стан­ның алдағы болатын мамандан­дырылған ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу туралы АҚШ-қа жіберген шақыртуын құптайтындығын атап өтті. Осы орайда, ол ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуды америкалық тарап алдағы уақытта ресми түрде растайтынын мәлімдеді. Бұдан бөлек, Джон Керри көрме аумағында БҰҰ-ның жанындағы Жасыл технологияларды дамыту орталығын құру туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын жоғары бағалайтынын жеткізді.
Кездесу сәтінде халықаралық және өңірлік мәселелерге баса көңіл аударылды. Джон Керри, әсіресе, ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы Қа­зақ­станның рөлін ерекше атап көр­сетті. АҚШ өкілінің айтуын­ша, биылғы тамыз айында МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін іске қосу, сондай-ақ, Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің екі кезеңі үшін алаңша ұсыну Қазақстан­ның нақты үлесі.
Кездесуде өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықтың бірқатар өзекті мәселелері бойынша да сенімді пікір алмасу болды. Атап айтқанда, тараптар терроризм мен зорлықшыл экстремизмге қарсы күрес шеңберіндегі өзара әрекет жөнінде, Орталық Азия елдерінің өңірлік ықпалдастығы туралы және Ауғанстан мен өңірдегі өзге де елдерде қалыптасқан жағдайлар тұрғысында өз ойларын ашық білдірді.
Тағы бір айта кетер жайт, кездесу барысында жуыр­да АҚШ-та өткен ауыл шаруа­шы­лы­ғы көрмесінде Джон Керридің қазақ­стандық алма туралы сөз қоз­ғауына байланысты екі ел ара­сындағы жемісті ынтымақ­тас­тықтың және оны одан әрі дамыту әлеуетінің символы ретінде атақты апорт алмасының таныс­тырылымы өткізілді.
Қорыта айтқанда, Е.Ыдырысов пен Дж.Керридің кездесуі барысында тараптар Қазақстан-АҚШ ынтымақтастығының өзекті мәселелерін неғұрлым тиянақты талдап, екі ел Президенттерінің келісімдерін іске асыру аясында екіжақты және көпжақты пішімдегі стратегиялық әріптестік ауқымын келешекте кеңейту бағытындағы нақты қадамдарды пысықтады.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар