Рулық жүйе - қазақтың жүрегіне қадалар қанжар

/uploads/thumbnail/20170708151242241_small.jpg

    Ғасырлар бойы қазақты біріктірудің ең басты құралы, оның мемлекеттілігін сақтаудың іргесі, ұлттың гендік (тектік) қорының сақшысы болған рулық жүйе қазақ ұлтының алдындағы тарихи миссиясын аяқтаған секілді. Бұл – өте өкінішті жағдай.

 Шынында да, ел азаматтарының қазіргідей ру-руға бөлініп тартысқан рушылдығы әрмен қарай жалғаса берсе − ол қазақтың тұтастығына қауіп төндіретін,  ұлтты іштен ыдырататын кеселге айналуға бет алады. Күннен күнге өршіп бара рушылдық ұлтымыздың бірлігі мен тұтастығына ғана емес, оның болашағына қарсы жұмыс жасауға көшті. Бұған мүдделі топтар пайда болды да, жұрт олардың айтағына құлақ түре бастаған сыңайлы. Сөйтіп, қазақ халқы ғасырлар бойы көзінің қарашығындай сақтаған рулар қауымдастығы, бүгінде байлық пен билікті мақсат еткен азғана топтың тоғышарлық тәбетін қанағаттандырудың, тойымсыз ойын жүзеге асырудың ең оңтайлы әрі тиімді құралына айналып үлгерді...

 Бұрынғы рулық жүйе қазақ халқының қалқаны еді, ендігісі – жүрегіне қадалар қанжары болғалы тұрған сыңайлы...

Дегенмен, қазақтың рулық жүйесінің тарихына көз салсақ − бұл жүйе қазаққа ұшан-теңіз көмек көрсеткенін, тіптен, бүгінде «қазақ» атымен танылған ұлтты (халықты) тарихи аренаға алып шыққанын көреміз. Өз заманында осы жолда ол мынадай міндеттерді атқарып шықты:

Бірінші,  руын сұрастыра келе жеті және одан да арғы аталарын тарату арқылы  қазақтың тарихи жадын, гендік (тектік) қасиетін сақтады.

Екінші, руын сұрастыра келе – «қарға тамырлы қазақ» деген біртұтастық символды жасап шықты. Кейде, тіптен, «құдай қосқан қосағың да қарын бөле» дегендей туыстық қатынасқа негіз болды.»Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді», «Жігіттің үш жұрты бар, бірінші –өз жұртың,  екінші – нағашы жұртың, үшінші – қайын жұртың» дегендей туыстық қатынасқа негіз болды.

Үшінші, байтақ жеріміз рулық иеліктерге бөлініп, одан әрі, оның негізінде жүздік бөліктерге бөлініп, жерді қорғау жауапкершілігі сол аймақты тұрақты мекендеген руларға жүктелді. Қазақтың  атамекенге  деген ыстық ықыласы осындай салмағы ауыр жауапкершілікті сезіну арқылы қалыптасты.  Сондықтан да қазақтың Ел мен Жерді сүюі жалаң сезім емес, салмақты сезім! Міне, сондықтан да, әр қазақ атамекенін, өрісін, қоныстанған жерін қорғауда жанкештілік пен көзсіз ерлікке баруға даяр болды.  Сонымен қатар, жоғарыда айтылған «қарға тамырлы қазақ» дейтін ортақ туыстық сезімнің арқасында көршілес рудың, одан қалды – жүздің, одан қалды – тұтас қазақ елінің жерін қорғау міндетінің ортақтығын  айқын ұғып отырды.

Төртінші, рулар өздеріне тиесілі жерді бөліп алу арқылы оңтайлы шаруашылық үрдісін қалыптастырды. Шаруашылық тәсілінде аса көп айырмашылық болмауы себепті (көшпенді мал шаруашылығы), рулар арасында тепе-теңдік әріптестік қатынас орнады.  Әр рудың өзін-өзі қаматамасыз ете алуына көңіл бөлінді. Рулық жүйеге негізделген шаруашылық қазіргі жете алмай жүрген  нарықтық бәсекелестікке табиғи түрде қол жеткізді. Ал, рулар қауымдастығы ел арасында кездесетін бақталастықтың шектен шыққан түрі – барымтаны (қазір оны рейдерлік деп атайды) билер соты арқылы бірге жазалап, әділетті жолмен бітімгершілікті қалпына келтіріп отырды.

Бесінші, өз руынан (7 - 12 атаға дейін созылады) қыз алмай, қыздарын өзге руларға атастыру, ұзату арқылы халықтың біртұтастығының рухани бастауын - тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін біртекті етті. Сол арқылы барлық  қазақтың бір-біріне деген туыстық ықыласын қамтамасыз етті.  Бірлігінің рухани бастауы мығым ел, сол себепті де бастан өткерген небір зұлматтан түбегейлі жойылып кетпей, өміршеңдігін сақтады, ұзаққа созылған соғыстарда біртектілігін сақтай отырып жеңіп шыға алды.

Алтыншы, жүздердің өзі де, жүздер ішіндегі ірі рулар мен шағын рулардың ара салмағын ажырату арқылы «аға-іні» (ұлы-орта-кіші), «үлкенді (аға руды) силау, жол беру, «үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без», шағын руларға қомқор болу, «ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» секілді асыл қасиеттердің қайнар бастауын ашты. Бұл қасиеттер халықтық істерді ақылдаса − ортақ келісімге келе отырып шешуге қабілетті демократиялық  үрдістің нағыз қайнар бастауы болды. Тіптен, көп жағдайда, заңдық тұрғыда қабылданған өмір сүру принциптеріне айналды.

Жетінші, рулар конфедерациясы болып табылатын жүздердің арасындағы ынтымаққа  баса назар  аударылды.  Олардың  әрқайсысына арнап лайықты теңеулер қалыптастырды. Мәселен,  «Ұлы жүз - байлық кенішім, Орта жүз - ақыл кенішім, Кіші жүз - жүзі қайтпас қылышым» деген мағынадағы ұстаным әлі де қазіргі қазақ ұлтының санасында өшкен жоқ.

Сегізінші, қазақ ұлты аясында біріккен рулардың бәріне ортақ ЕР, БАТЫР, ЖІГІТ, АҚСАҚАЛ, АНА, БАУЫР, ҚАРЫНДАС және сол сияқты көптеген ұғымдарды қалыптастырды. Бұл ұғымдар мен ортақ дәстүрлер рулық деңгейден жоғары тұрды, бар қазаққа тиесілі болды. Өз кезегінде бұл біртектілік  бүкіл қазаққа ортақ  қазақы болмысты – қазақ ұлтының ділін өмірге келтірді.

Тоғызыншы, сонымен қатар, қазақтар жетімін жылатпауға, жесірін жат қолына бермеуге қатты көңіл бөлді.  Рулық тұтастықты сақтау – ұлттық намыс діңгегіне айналды: жетімі мен жесірін қорғай алмау, бұзақысына тиым сала алмау – бүкіл рудың бетіне түскен шіркей ретінде қабылданды. Мұндай – тентегін тезге сала алатын еркін және тұтас жүйеде түрменің қажеті болмады. Түрме, шын мәнісінде, мәдениеті артта қалған елдің белгісі саналды.

Осының бәрі де Рулық жүйе аясында жүзеге асты. Басқадай жүйе болғанда қазіргі қазақты «қазақпын» дегізіп отырған қатынастардың, ерекшеліктердің бірі де болмас па еді, − деп, кейде ойланасың...  Мүмкін аталас бауырына қызын беретін көршілес түркілік жұртың үлгісін алар ма едік, әлде, келін-енесімен ашына болуды сорақы санамайтын орекеңдерге ұқсар ма едік − кім білген оны! Сондықтан, қазіргі қандастарымды «рушылдық құрысын!» дегенмен бірге «рулар да құрысын!» деп айтардан бұрын көп ойланса деймін...

Бүгінгі қазаққа рулар тұтастығынан құралған ел емес, билік пен байлық маңызды бола түсуде. Бәрі оған жанталаса ұмтылуда. Соның арқасында және мансап көздегендердің тікелей араласуымен ұлт мүддесі жолдан сырғып қалды: «рушылдық» жеке мүддені көздеудің құралына айналып, қоғамдық кесел ретінде өршіп бара жатыр. Жалпы, осындай келеңсіз көрініске әркім де қарсы, бірақ соған қарамастан «рушылдық» бәсеңдер емес. Әйтсе де, әр қазақ өз ұлтының тарих қойнауынан туындайтын рулық жүйесіне қара күйе жақпауы тиіс. Себебі, қазір  «Ру жойылсын!» деген ұранның өзі де қазақты ыдыратушы ұранға айнала ала алады. Қазақ ұлты онысыз да бұрынғы жүйеден қалалық және далалық, қазақ және орыс тілді, ал қазір бай мен кедей болып, ал қазір, тіптен, діни тұрғыда  бөлініп жатқанда − ендігі жетпегені осы еді ме?! Себебі, «ру жойылсын!» деген күннің ертесіне-ақ «ата бабамның аруағын қорлатпаймын!» деп әр ру өкілінің өре түрегелері хақ. Міне, сөйтіп, нағыз рулық жіктелу мен текетірес сонда басталады! Ендеше, жоғарыда айтылғандарға осындай қолдан ұйымдастырылған рулық мәселелерді  қосып алсақ – ұлт ретінде тамтығымыз қалмасы анық. Сондықтан аталғандай ыдырау қаупінің төбесі көрінгенсе − қазақ өзін текті ұстауға ұмтылғаны дұрыс. Мәселен, анда-санда арамыздағы бір арсыздау не алаңғасарлау қазақтың «найман – шайтан» деп айтуынан бұрын − тілін аямай тістеуі шарт! Ал тағы біреулерге «ҚТ», «ДТ» деп арсыз күлерден бұрын – екі езуін тігіп тастағаны дұрыс шығар.  Сондықтан, қазақ, бүгінде ­рулық туыстыққа қатысы бар жерлерде өзіңді бейпіл сөзден тый! Өзіңмен бірге бір ғана ҚАЗАҚ деген ұлтты құрап отырған руларыңды қорлағаның − өзіңді қорлағаның! Бұл − қазіргі замана талабы, әрі, қазақтың елдік тұтастығының жалғыз шарты! Әсіресе өркениеттің атын жамылып, еліміздің мол қазба байлығына бүкіл жер жүзі алпауыттары лап қойған заманда қазақ бірін бірі бауыр тұтып, бір арнадан табылмаса – кім көрінгенге жем болары анық. Егер әр қазақ өз тұтастығын осылай ұғып, оны міндет санаса ғана − біз ел боламыз, еңсені көтереміз, өзгенің шылауында кетпейміз.

Өз руластарын маңайына топтастырып, «бір бармағы бүгілген» астыртын саясат жүргізуші олигархия немесе соларды қолпаштап отырған «рушыл» билік − бұл мәселеде ТӨРЕШІ бола алмайды. Байлық пен билік – өтпелі дүние, ал халық − егер өзіміз жігер мен ақылды қатар ұстасақ – мәңгілік!

Әбдірәшит  Бәкірұлы

Қатысты Мақалалар