Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне қол қойды.
Қол қою рәсімі кезінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы бұл құжаттың бүкіл ел, әрбір Қазақстан азаматы үшін мәнінің зор болуына байланысты заңға қол қою тұңғыш рет жария түрде өткізіліп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев осы рәсімге БАҚ өкілдерінің қатысуы жаңа Кодекстің мәні мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіруге мүмкіндік беретінін айтты және Бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін 59 жаңа заңнамалық акт қабылдау қажеттігін атап көрсетті. «Келесі жылдың 1 қаңтарынан реформаларды бастау үшін ел Парламенті белсене жұмыс жасауда. Қазірдің өзінде 16 заңға қол қойдым, жаңа Кодекс соның 17-шісі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осылай дей келе, Мемлекет басшысы жаңа Азаматтық процестік кодекс құқық саласын түбегейлі жақсартатынын жеткізді. «Жаңа Кодексті қабылдау заң үстемдігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосады. Біз жаңа Кодексті қабылдау арқылы осы міндетке кірісетін боламыз. Заңнама аясында барлық заманауи негізгі құқықтық институттар қамтылған.
Сонымен қатар, біздің құқықтық жұмысымызды әлемдік озық стандарттар деңгейіне жеткізетін елеулі өзгерістер енгізілген», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстан келесі жылдан бастап бес буынды сот жүйесінен үш буынды сот жүйесіне көшетінін, мұның істерді қарау процесін жеңілдетіп, тиімділігін арттыратынын және қарапайым азаматтарға түсінікті ете түсетінін айтты. Екіншіден, еліміздің инвестициялық тартымдылығын жақсартуға бағытталған инвестициялық дауларды қараудың, жекеменшік институтын нығайтудың жаңа тәртібі енгізіледі екен. Бұл алдағы экономикалық өсім үшін маңызды болмақ. Сол арқылы экономикалық дамуға сеп болатын инвестициялық тартымдылық деңгейі арта түспек. Үшіншіден, азаматтық сот жүргізу ісінде ақпараттық технологияларды қолдану мүмкіндігі кеңейеді. Осы бағыт аясында сот отырыстарын тіркеп-көрсету міндетті болады, ал барлық тарап оның жазба көшірмесін ала алады. Бұл жағдай сот жұмысының ашықтығын айтарлықтай арттыратын болады.
Қол қою рәсімі аясында Қазақстан Президенті алдағы уақытта татуластыру және дауды сотқа дейін реттеу шарасын қолдану аясы кеңейетінін де жеткізді. «Татуластырумен медиаторлар ғана емес, бірінші және апелляциялық инстанция судьялары мен адвокаттар да айналысатын болады. Татуластыру шарасын кеңінен қолдану сот жүйесіне жүктемені азайтады, ал, ең бастысы, дауды шешу мерзімін қысқартады. Егер екі тараптың татуласу үдерісі жүзеге асқан болса, онда сәйкесінше, бұл іске соттың қатысуы мен азаматты айыптау мәселесі күн тәртібінен алынып тасталады. Бұл – өте маңызды. Жалпы, медиацияны дамыту азаматтардың қатысу деңгейін арттырады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы маңызды жаңа өзгерістер қатарында азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі сотқа прокурордың қатысуын азайту, іс жүргізудің жеңілдетілген түрін кеңінен қолдану, соттардың қарауындағы істерді оңтайландыру, жаңа жағдаяттарға байланысты істі қайта қарау тәсілін енгізу мәселелері қарастырылғанына да тоқталып өтті. «Бұл жаңа Кодекс нормаларының барлығы соттың қорғауының тиімділігін арттыруға бағытталған. Жалпы алғанда, азаматтық процестік заңнаманы жаңғырту жөнінде ауқымды жұмыс атқарылды. Барлық норманы ортақ бір жүйеге келтіру үшін өзге де заңнамалық актілер бойынша көптеген өзгеріс қабылданатын болады. Бұлардың барлығы азаматтардың соттарға деген сенімін арттыра түседі деп ойлаймыз. Бұл Кодекс соған бағытталған», – деді бұл турасында Қазақстан Президенті.
Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қатысушылардың бәрін жаңа Кодекске қол қойылуымен құттықтап, оның іс жүзіне асуы халыққа пайдасын тигізетініне сенім білдірді.
Дереккөз: Егемен Қазақстан