Басты көрсеткіш – бәсекеге қабілеттілік

/uploads/thumbnail/20170708203425666_small.jpg

Бүгінде еліміз бейне-бір алып құрылыс алаңына айналғандай күй кешеміз. Республикамыздың қай қиырына барсаңыз да жаңадан бой көтерген нысандар мен ғимараттардың маңайындағы қарбалас қимылдарға көзіңіз түседі. Осыған қарап енді келген нағыз дағдарыстың өзі де өңірлердегі құрылыс қарқынын тежей алмағанын көреміз. Сөз жоқ, мұндай іркіліссіз ырғақ құрылыс индустриясының да көштен қалып қоймауын талап етеді. Өйткені, бүгінгі заманғы құрылысқа қажетті материалдар жетіспесе немесе оның өндірісі баяуласа – бұл тұтастай саланың шідерлі аттай бөгеліп қалуына әкеліп соқтырады.
Осы орайда Орал қаласындағы металл және темір-бетон құрылғыларын шығаратын «Гидромаш-Орион» ЖШС ұжымының өнімдеріне сұраныс қашанда жоғары екенін айтқан жөн. Өз атауынан көрініп тұрғандай, аталған отандық кәсіпорын республиканың батыстағы өңірлерін темір-бетон бұйымдармен қамтып келеді. Бұл өнімдер бүгінде жол мен өнеркәсіп ошақтарында және азаматтық құрылыстың барлық жүйелерінде қолданылады. Мұндағы өнім түрлері мейлінше сан-алуан. Сұраныстарға қарай шығарылатын көлемдері әртүрлі тауарлы бетондар, нысандардың іргетасы мен қабырғасына қажетті блоктар, плиталар мен ұстатқыш-қосқыш құрылғылар және арнайы жолдар мен аэродром плиталары зауыттың басты бренді десе де артық емес. Бүгінгі заманғы құрылыс индустриясы компанияларына қойылатын талап та, сұраныс та жоғары. Ең бастысы, қазіргідей күрделі кезеңде бір де бір кәсіпорын томаға-тұйық, өзімен өзі оқшау түрде өндірістен кейін көтере алмайды.
Бұл бағытта «Гидромаш-Орион» білікті отандық және шетелдік компаниялармен қоян-қолтық қызмет жасап келе жатқаны тек қолдауға ғана лайықты. Әрі олардың арасында Аджип КПО, КПО б,в, «Интергаз-Орталық Азия» АҚ «Синорис Инжиниринг» қазақстандық филиалы, құрылыс материалдары Ченду ғылыми-зерттеу жобалау институты және «Теңізшевройл» ЖШС секілді ірі фирмалардың болуы зауыт өнімдерінің өтімділігін көтере түседі. Бұл аталғандардың дені республика аумағында мұнай-газ шикізатын игеріп жатқан шетелдік компаниялар екенін ескерсек, аталған кәсіпорынның қызметі қазақстандық үлес пен мазмұнға толы екенін бірден байқаймыз. Әрі бұған ел ішіндегі құрылыс индустриясымен айналысатын құрылымдардың бәрі бірдей қол жеткізіп жүрген жоқ. «Гидромаштың» олардан басты артықшылығы да осында.
Өздеріне қажетті құрал-жаб­дықтардың бәрін өз елдерінен әкеліп, қазақстандық өнімдерді сатып алуға келгенде тартыншақтап тұратын, кінәмшіл де сыншыл шет­елдік компаниялардың «Гид­ро­маштың» өнімдерін пайдалануға ықыласты болуының басты сыры да құпия емес. Өйткені, 2003 жыл­дан бастап зауытқа сапа менедж­менті жүйесі енгізілген. Әрі мұндай жаңашылдық пен өмір­шеңдік бүкіләлемдік сапа менеджменті стандарттарына то­лық сәйкес келеді. Сонымен бірге, 2009 жылдан мұнда сапа менеджментінің интеграцияланған жүйесі іске қосылған. Менеджмент дегеніміз жай ұғым емес, ауқымы мейлінше кең, өндіріске тигізетін пайдалы әсер коэффициенті мейлінше жоғары күрделі ұғым. Оның экологиялық, еңбекті қорғау және кәсіби қауіпсіздік делі­нетін түрлері де бар екен. Отан­дық өндіріс орны мұндай менедж­менттерді де әлемдік талап­тарға сәйкестендіре біліпті. «Гид­ромаш-Орионның» осындай жетістіктеріне тағы бір қосарымыз бұдан 5-6 жыл бұрын ұжымда аудит жұмыстары табысты түрде сертификациядан өткізілген. Соған сәйкес оларға сәйкестік сертификаты алынған. Арада 3-4 жыл өткен кезде олар келесі кезеңде де ойдағыдай қорғап шығыпты.
Отандық кәсіпорынның аккредиттелген және күрделі сынақтар мен тәжірибелерден өткізілген өз лабораториясы бар. Зауыт жа­нындағы бұл аса қажетті құры­лым арнайы құралдармен жабдық­талған. Осындай құрылғылардың кө­мегімен мамандар өнім өндіру үдерісінің барлық кезеңінде сапа­лық көр­сеткіштердің төмен­де­меуін ұдайы бақылап отырады. Бұл рет­­те олар бірінші кезекте нор­­ма­­тивтік талаптарға арқа сүйейді.
Зауытта өнім шығаруға қол­да­нылып жүрген озық технологиялар мен өзге де басты қажетті материалдар темір-бетон құрылғылары мен бетон бұйымдарының әртүрлі көлемдегі 500-ден астам түрлерін шығаруға мүмкіндік беріп отыр. Техникалық сипаттамалары тұрғысынан бұл өнімдер біріне бірі ұқсамайды. Әрі мұның бәрі еліміздің табиғи климаттық ерекшеліктеріне толық сәйкестендірілген. Бұлар қандай ауа райына да төзімді келеді. Қатты аяздарға да шыдамды. Су мен ылғал өткен жағдайларда бұрынғы беріктігі мен сапасын жоғалтпайды. Бұлай болуының тағы бір мәнісі – кәсіпорында техникалық бақылау бөлімінің қызметі оң жолға қойылған.
– Зауыт ұжымын құрайтын қызметкерлердің дені біліктілігі жоғары мамандар, кәсіби сауаты мол инженерлер және техниктер. Олардың арасында тәжірибелері жеткілікті тәлімгерлер де бар. Біздің кәсіпорын республиканың батыс өңірінің темір-бетон бұйымдарына деген қажеттілігін өтеуге лайықталған. Зауыттың жағрафиялық тұрғыдан ұтымды түрде орналасуы өнімдерімізді тұты­нушыларға жеткізіп беруге жұмсалатын шығынды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Соны­мен бірге, жабдықтау ісіндегі же­делдікті қалыптастыруға қолайлы ахуал туғызады, – дейді МТБК «Гидромаш-Орион» ЖШС бас директоры Әлібек Әжма­ғамбет.
Жоғары технологиялық өн­­діріске бет бұрған отандық кәсіп­орын ұжымы өзінің ертеңіне үлкен сеніммен қарайды. Олар­дың бүгінгі басты мақсаты бәсе­ке­ге қабілетті сапалы өнімдер шыға­руды одан әрі жалғастыра беру болып отыр.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар