Осындай жанайқай бүгін Парламент Сенатының төрінен естілді. Айтқан – Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.
Бүгін Сенатта Қазақстан Республикасы мен Халықаралық даму және қайта құру банкі арасындағы қарыз туралы заң жобасын талқылау қызу пікір-таласқа ұласты. Сенаторлар кәсіпкерлерді оқыту мен іс-сапарға жіберу үшін де 40 миллион доллар қарыз алу керек пе деп, Үкімет әзірлеген заң жобасына қарсы шықты.

Жоғары палата депутаты Қуаныш Айтаханов «Министрліктің болжамынша бұл қаражат оқыту мен тренингтер өткізу үшін жұмсалады екен. Яғни, қаражат жол жүру мен тамақтануға бағытталады. Бізге қазіргі уақытта осындай несиелер керек пе? Бүгінгі жағдайда бұл артық шығын емес пе?»,-деп сұрақты төтесінен қойды.
Депутаттың жүргізген зерттеуінше, үстіміздегі жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша елдің мемлекеттік қарызы 7,6 триллион теңгеге жеткен. Оның 98,8 пайызын үкімет қарызы құрайды.
«Тек 9 айда үкіметтік қарыз валюта бағамындағы айырмашылықты қоса есептегенде 1,9 триллион теңгеге артқан. Мына түрімізбен бұл қарыздарды өскелең ұрпақтың мойнына іліп қоюымыз мүмкін»,- дейді сенатор.
Миллиардтаған қарыздарды сенатор шағын және орта бизнеске арзан несие түрінде беріп, әкімшілік кедергілерді жоюды ұсынды.
«Кәсіпкерлік мәселелерін шешсек, біз шетелден бұлай көп мөлшерде қарыз сұрамайтын боламыз. Бұлай қарыз аларда мемлекет оның тиімділігі туралы да ойлануы керек», - дегенді қоса айтты.
Дәл осы заң жобасы төменгі палата депутаттарының да наразылығын туғызғанын естеріңізге саламыз. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, бұл мемлекеттік бюджет есебінен төленетін жалғыз қарыз емес көрінеді. Соған қарағанда, ел Үкіметі кез-келген қарыздың «күліп келіп, жылап қайтатынын» түсіне қоймаған сыңайлы.
Дархан Мұқан