Қоңыр кештер... Қоңыр күй... Қоңыр дала...
Қоңыр әуен әлдилер көңілді ана.
Қоңыр ұлтқа бір түрлі мүсіркеген
Қоңырайып қарай ма, өмір-дана?..
Сияқты ма заңдылық өмірде бұл,
Қоңыр тартып тұрғандай өңім де бұл.
Қазағым-ау, шынымен осы сен бе,
Қоңыр дала... Қоңыр үй... Қоңыр көңіл...
Қоңыр мінез... Қоңыр ой... Шөп те қоңыр,
Жер де қоңыр, кешкілік көк те қоңыр,
Қоңыр... Қоңыр... Барлығы тегіс қоңыр,
Аз да қоңыр, қаптаған көп те қоңыр...
Қоңыр түстің ішінде жаман бар ма?
Қоңыр ма өзі алмасқан замандар да?
Бұл қазақта бар өзі қанша қоңыр,
Қоңыр... Қоңыр... Санаған адам бар ма?
Қоңыр мінез... Қоңыр ой... Қоңыр қабақ,
Қоңыр үйге қонатын қоңыр ма Бақ?
Өкініштен қоп-қоңыр шаршап, арып,
Кеткендердің отырмыз жолын қарап...
Тауыса алмай қызығын бір күнінің,
Бір көре алмай пайдасын бірлігінің,
Бұл қазағым шынымен Қоңыр Ұлт па,
Бәрі қоңыр өйткені тірлігінің.
Тек қоңырдан таңдайсың барқыт түрін,
Тәртіптінің, сен бе өзі тәртіптінің
Қазағым-ау, бұл сенің басқалардан
Шыныменен болар ма, артықтығығың?
Кезің қайда, жарқ етіп, от та болар,
Кезің қайда, қыздырар шоқ та болар?
Қазағым-ау, дәл осы қоңырлығың
Деп ойлаймын еш ұлтта жоқ та болар.
Қоңыр кештей қоп-қоңыр көңілің де,
Қоңыр салтақ қоп-қоңыр өңіріңде.
Қоңылтақсып тұратын қоңыр тірлік,
Ашық та емес, қоп-қоңыр өмірің де.
Бәсекеге мінезің жанаса ма,
Жаңаша ойлар, бар ма өзі жаңа сана?
Соры қалың қазағым, ойлап көрші,
Қоңырлығың өзіңе жараса ма?
Тұрса дағы бар байлық, қолыңда алтын,
Бөгде ұлттар көруде-ау оның нарқын...
Қоңыр тірлік кешуден шаршамайсың,
Қойдан жуас, қозыдан қоңыр халқым...
Тілің менен дініңе ем қонбады,
Жатқа кетті қоп-қоңыр жер қолдағы.
25 жыл, кешесің қоңыр тірлік,
25 жыл, Тәуелсіз ел болғалы...
Әл-дәрменің кеткен бе, рас, бойдан?
Өлетінің қазағым, рас па, ойлан...
25 жыл, ұрылар елі болдың
Қазағым-ай, қоп-қоңыр жуас қойдан.
Серігің жоқ, бүгінде қол ұстарға,
Құл болдың-ау, жасанды «болыстарға».
Жем болдың-ау, Қазағым, 25 жыл
Шүршіт, жоңғар және де орыстарға...
Қазақтарға – сананың жарығы мұң,
Біле, білсең, қазақтың тамұғы бұл.
Мен оларды басқаша айтар болсам,
Шалақазақ – қазақтың жауы бүгін.
Қоңыр кеште қоңыр ұлт еңіреуде,
Қырын қарап кеткен бе өмір елге?
Ұрпақтары кешегі қызылдардың
Қызыл қырғын жасауда қоңыр елге.
Түк көрмеген құл-құтан асап жатыр,
Бір-біріне... Қойнына тас ап жатыр.
Дінсіз, тілсіз, тексіздер, билікті алып,
Ойларына келгенін жасап жатыр.
Көрінгенге жем болып дала жатыр,
Жөргегінде шырылдап бала жатыр.
Қоңыр ұлтым, намыстан қап-қара боп,
Бірте, бірте, қарайып бара жатыр.
Алла білер, не жоқсың, бар боларсың,
Кілең құлға – құл болған жан боларсың.
Сол кешегі қоп-қоңыр тірлігіңе,
Бүйте берсең, қазағым зар боларсың.
Сырт айналған өзіңнен таза құдай,
Қоңыр түсті тағдырдың мазағын-ай...
Қоп-қоңыр боп барасың қоңырайып,
Қойдан жуас қоп-қоңыр қазағым-ай...
Жұмаш КЕНЕБАЙ