ЕУРОПАҒА АШЫЛҒАН ЕСІК ЕҢСЕМІЗДІ ТІКТЕЙДІ

/uploads/thumbnail/20170708203450495_small.jpg

Желтоқсан айында Қазақ елі мен Еуропа одағы арасында ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі келісімге қол қойылады. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің айтуынша ресми Астана Еуропа Одағымен (ЕО) қарым-қатынасын тереңдеткісі келеді. Негізі Қазақ елінің Еуразия экономикалық одағы емес, Еуропа одағымен әріптестік орнатуы құптарлық дүние. Себебі, Еуропа одағы өркениетті ел болғандықтан мейлінше терезесі тең саясат жүргізуге тырсады. Сондықтан да бізге ЕАЭО-дан гөрі Еуропамен әріптестік орнату тиімді.

«Азаттық» радиосының жазуынша, Еуропа одағы Украина, Грузия мен Молдова сияқты шығыстағы көршілеріне ұсынған ассоциация құру және еркін сауда-саттық орнату жайлы саяси келісімдермен салыстырғанда, аталған келісім-шарттың мазмұны әлсіздеу көрінеді. Алайда, ЕО-ның Орталық Азияның өзге елдері немесе Ресеймен бұдан ертеректе бекіткен келісімдеріне қарағанда Қазақиямен келісімі қомақты. Себебі, жаңа келісім-шартта экономика, сауда және инвестиция, сот төрелігі және қауіпсіздік, заң үстемдігі, адам құқығы мен дербес деректерді қорғау сияқты мәселелер қамтылған. Сондай-ақ, құжатта сыртқы саясат саласында аймақтық қауіпсіздік, терроризммен күрес, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздермен қатар адам құқықтары мен демократиялық институттарды дамыту мәселелеріне басымдық берілген.

Жоғарыда айтқандай Қазақ елінің Еуропамен әріптестік орнатуға ұмтылғаны құптарлық дүние. Себебі, Ресейдің «өзім білем» деген саясаты біздің ұлттық мүддемізге қарама-қайшы болып отыр. Мәселен, наурыз айында Ресей президенті Владимир Путин «ЕАЭО елдері арасында ортақ валюта енгізуді талқылайтын кез жетті» деп мәлімдеген болатын. Ал, Қазақ елі ЕАЭО аясында ортақ валютаның болғанына қарсы екенін ресми түрде бірнеше рет айтты. Нақтырақ айтсақ, ұлттық экономика министрінің орынбасары Тимур Жақсылықов «Қазақстан ЕАЭО аясында ортақ валюта енгізу мүмкіндігін қарастырмайтыны жайлы айқын, әрі дәйекті позиция ұстанып келеді» деп мәлімдеген. Сондай-ақ күні кеше Ресей мемлекеттік думасының ТМД істері жөніндегі комитеті төрағасы Леонид Слуцкий ортақ валюта жасау туралы жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Леонид Слуцкийдың мәлімдемесіне, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы, Дәурен Абаев нақты жауап берді. Оның айтуынша ЕАЭО аясында ортақ валюта құру туралы мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ.

Міне, осындай «Аққу, шортан, һәм шаян» жағдайында Ресеймен тең дәрежеде жұмыс жасау мүмкін емес. Оның үстіне, белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев бұл мәлімдемені интеграциялық жобаға күмәнданушылар қарасы көбейіп, олардың қатарына бизнес өкілдерінің қосыла бастауымен байланыстырады.

– Әсіресе былтыр Ресей экономикасындағы жағдай қиындап, рубль құлдырап, Қазақстан нарығын Ресейдің арзан импорты басып қалуына байланысты кәсіпкерлер үкіметтен бизнесті қорғауды талап еткен кезде күмәнданушылар қатары көбейді. Қоғамда скептицизм өсіп келеді. Әсіресе, Ресей бұл жобаны геосаяси міндеттерін шешуге және постсоветтік кеңістіктегі ықпалын күшейту үшін пайдалана бастағаннан кейін сынаушылар қарасы көбейді. Ресей саясаткерлерінің ортақ валюта, бірыңғай ақпараттық алаң, қорғаныс кеңістігін құру сияқты ұсыныс-мәлімдемелерінің бәрі Қазақстан қоғамындағы алаңдаушылықты күшейтіп жіберді. Сондықтан жұртты тыныштандыру үшін шенеуніктердің «мұнда ешқандай саясат жоқ, тек экономикалық мүдде ғана» деген сөзді жиі айтуына тура келеді, ал мен керісінше деп санаймын. Одақ әу бастан құрылған кезде бизнестің проблемалары екінші орында болған, – дейді Досым Сәтпаев.

Ұзын сөздің қысқасы, 5 ел мүше болып отырған Еуразия экономикалық одағына Ресей үстемдік етіп отыр. Бұл арада тең дәрежедегі саясаттың исі мүлде сезілмейді. Сондықтан да, аталған одақ Қазақ елі үшін ғана емес өзге елдер үшін де қауіпті. Ал Еуропа одағы Ресей сияқты «айттым бітті» деген саясат жүргізбесі анық. Өйткені белгілі деңгейде демокртиялық құндылықтарды сақтауы мүмкін. Алайда, солай екен деп Еуропа одағына 100 пайыз сенім білдіруге де болмайды. Себебі әр мемлекеттің өзінің мүддесі бар. Ал қазір біз ЕАЭО балама ретінде Еуропа одағымен әріптестік орнатуға мүдделіміз.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Астана

 

Қатысты Мақалалар