Қазақстандағы, қытайдағы, моңғолдағы айтылып жүрген бүркіт сыны туралы мәліметтерді өзара салыстырғанда ортақ тұстар мол болғанымен кейбір жергілікті ерекшеліктер де бар екені анықталып отыр. Қазақстандағы бүркіт сыны туралы деректерді Ә.Марғұланның «Саят құстары» деген еңбегінен, сонымен бірге зерттеуші С.Қасимановтың (Шығыс Қазақстандық бүркітші М.Бибалинов, М.Сқақұлының мәліметтері енген) зерттеулерінен байқауға болады. Бұл сала туралы академик Ә.Марғұланның алғы сөзімен жарық көрген Ж.Бабалықов пен А.Тұрдыбаевтың “Қырандар” зерттеуінің маңызы аса зор екенін айта кеткен орынды. Осы еңбекке негізінен қытайдағы қандастардың бүркіт сыны дерекқоры болғанымен ішінара қазақстандық құсбегілердің де мәліметтері енген. Ал Моңғолиядағы саятшылық өнері туралы құсбегі, сыбызғышы Т.Сауыржанұлының «Құсбегілік», тарих ғылымдарының докторы, этнограф Б.Камалашұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері» деген зерттеуінен байқауға болады. Қытайда өмір сүрген құсбегі, халық мәдениетінің білгірі Шаяхмет (Шайқасын) Жәңгірұлының “Алымыр құстар жөнінде” (Ғылым және өнер, 1986, №4 ) және “Бүркіт және оның ерекшеліктері” (Алқап, Пекин, 1989, №8) деген зерттеу мақалаларының ел біліміне қосатын үлесі зор. Осы зерттеудегі бүркіт сынының біршама белгілері ұлы Абайдың атынан ел арасына таралған «Бүркіт сыны» деген халық өлеңімен үндес келеді. Сонымен бірге Ш.Жәңгірұлының жазған жайттарына ұқсас сындарды биыл экспедиция кезінде (М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдары 2013 А.Тойшанұлы, Н.Набиолла жылы 14 мамырдан 5 маусымға дейін ҚХР ШҰАР Іле қазақ автономиялы облысының Алтай аймағы, Тарбағатай аймағында,Үрімжі, Күйтің қаласы, Санжы облысы Мори аудандарына ғылыми экспедиция сапарында болды) ҚХР ШҰАР Алтай аймағы Шіңгіл ауданы Шағанқол ауылы тұрғыны 1961 жылы туған құсбегі Қ.Тоқтаубайұлының аузынан жазып алдық. Бұл жайттарды байыптай келе бүркіт сыны туралы пайым мен таным, ұғым мен түсінік есте жоқ ескі заманнан ел аузында айтылып, елек-сүзгіден әбден өтіп, барша қазаққа ортақ болып сұрыпталып, қалыптасқан деп қорытынды жасауға болатын секілді. Құрманбек Тоқтаубайұлының айтуынша бүркітті алғаш қолға үйреткен Жалайыр шор, ол Көкшенің қаусырмасы деген құсты ұстаған. Бүркіттің жасы 30-ға толады, яғни 30 рет түлейді деген сөз бар болғанымен құсбегілер негізінен бір бүркітті 9-10 жыл баптап ұстаған. Оның айтуынша бүркіттің жасы төмендегідей: 1. балапан 2. қантүлек 3. тірнек 4.тастүлек,5.жана 6.қана 7.ана.
Құрманбек Тоқтаубайұлы кейбір құсбегілер бүркіттің жасының томар, бармақ, баршын, молатүлек, шолақтүлек (Қартайған сайын құйрығы қысқарып кететін себепті) т.б атауларын қосып 20-ға таман жеткізетініне де назар аударды.
Жалпы құсбегілер жергілікті ерекшелікке сай құстың жасын әр түрлі айтатыны белгілі. Мысалы, осы Шіңгіл ауданының қарт құсбегісі Дәукей ақсақал бүркіт жасын басқашалау таратып берді. Оның пікірі жерлесі Құрманбек Тоқтаубайұлынан өзгеше шықты. Олар мынадай:
1.балапан. 2.тірнек.3. тастүлек. 4.ана ( 4 жасында құс бірінші рет жұмыртқалап ана болады). 5.құмтүлек. 6.қутүлек (5-6 жасқа келгенде құс туғандықтан түлемей қалады, сол себептен құмтүлек, қу түлек дейді). 7. мұзтүлек. (7 жасында құс тумай ту қалады, сол себептен мұзтүлек дейді). 8. қана. 9. балабаршын. 10. Тұлымыр. (Бұл жаста да ту қалатындықтан тұлымыр дейді). 11. сана.(Бұл сана деген сөз осыдан кейін жас жоқ, оны өзің сана, тап дегені).
Шіңгіл ауданында құсбегілер қоғамы өз жұмысын 2010 жылы бастаған, 2012 жылдан құсбегілер мерекесін өткізген, ал осы ауданда асыл тұқымды қазақ төбетін өсіретін арнайы шаруашылық бар екендігіне де сапар кезінде куә болдық. Қазір Шіңгіл ауданында барлығы 43 бүркіт бар көрінеді. Құрманбек Тоқтаубайұлы экспедиция кезінде аудандық қарт құсбегі Дәукей ақсақалдың «Жонның саршегірі (саралақұсы)» деген құсын қолына қонғызып, дәстүрлі бүркіт сынын айтып берді. Құрманбек Тоқтаубайұлының айтуынша бүркіттің дене мүшесін қарт құсбегілер Жалайыр Шора заманынан бері үш-үштен жіктеп сынаған.
Бүркіттің басы:
1 Кешкіл бас. Басы онша үлкен емес ықшам, кішкене, сопақтау шықшыты қабақты келеді, тұмсығы жұқа, желке жүні жонына төгіліп түспеген, қысқа. Жалпы кешкіл деген кішірек деген сөз, мысалы жыланбас деген қырандықтың белгісі болғандай бұл кешкіл деген ықшамдықты білдіреді. Тұмсығы жұқалтаң ұзындау, ал бас қаңқасының ені ықшам болады.
2. Жыланбас. Басы сұңсиыңқы, сұңғақ, көзі қабақты, екі шықшыты шығыңқы, төбесі сопақ. Аңға аса жарамды, алғыр қыранның белгісі.
3.Бақабас. Төбесі жалпақ, тұмсығы негізі қысқалтаң, тұштиғандау болады. Аңға баруы сараң, мұндай құстар көбінде еркек саршадан шығады, мұндайды «сарша, бұқатана» деп көңіл жұбатып та атайды, яғни онша қыран емес. Нағыз қыран қолға түспегенде осы бұқатананың өзін де баулып аңға түсіре алады мініскер құсбегі.
Бүркіт көзінің сыны:
Жадағай көз. Адамға мейірі аз, жалтақойлау, аңға да сараң барады.
Жылан көз. Көз ұясы кіші, көзінің арты қиықты,көреген, бұл – қыран.
Су көз. Сәнге болмаса аңға бармайды, көзінің алды мөлтілдеп суға толып тұрады.
Саят құсының көз жанарының өң-түсі, бүркіттің туған жерінің реңіне, яғни жағырапиялық ортасының ерекшелігіне байланысты қалыптасатындықтан солайша аталады. Мысалы: саршегір, көкшегір, құмшегір т.б.
Бүркіттің тілі:
1.Қылтылдаған қызыл тіл. Бұл күйшіл, күйден жаңылғыш болады, бап талғайды.
2.Қанға тоймас қара тіл. Бұл қырандықтың белгісі.
3.Болбыраңқы боз тіл. Бұл да қырандық белгі.
Сонымен бірге құстың езу шыбығын да (езуін) бірнеше түрге бөледі. Мәселен, осы Саршегір бүркіт езулі емес, ал қарымды құстардікі езу шыбығы қайырылып жатады. Ал бұл саршегір орта сүйекті құс болғандықтан езу шыбығы да сәл ықшам деуге болады.
Бүркіт аяғының сыны:
1. Жарғақ аяқ. Қыран емес, «жарғақ аяқ жарытпас» деген сөз бар.
2.Бұжыр аяқ.Бұжыр аяқ немесе қожыр аяқ қырандықтың белгісі.
3.Арық аяқ. Бұл құс та алымды болады.
Бұлар туралы «Арық аяқ алымды, салалы аяқ салымды, бұжыр аяқ қарымды» дейтін сөз бар.
Бүркіт қанатының сыны:
Қанат үш құрылымнан тұрады:1.Тоқ қанат. Иығына жақын біткен қанат.2. Ірге қанат 3.Шалғы. Шалғысы ұзын, қанатының ұшы деуге болады.
Ұзын шалғы 6 тал болады. Ал қысқа шалғы бұл да 6 тал болады, олар, яғни тоқ қанат пен ірге қанат қосылып 12 тал болады. Ірге қанатты кейде қыран қанат деп те атайды, желжарғыш деп те атайды. Бір сөзбен айтқанда тоқ қанат топшыға жақын, одан кейін іргеқанат, ал ұшы шалғы боп бөлінеді.
1.Құмай қанат. Қанатының тұрқы ұзын, ұшы имектеу, орақ секілді, бұл ұшқанда шабан ұшады да аңға сараң барады. Яғни аңға жай барады, ұшуы қопақтау,жүрмейтін ат секілді шабандау.
2.Қылыш қанат. Қанат шалғысы қылышқа ұқсас, ұшы сәл иіндеу, түзу. Алыс-жақын демей шапшаң ұшады, көргенін құтқармайды.Аңға шапшаң барады, мерген түседі.
3.Шыл қанат. Құйрығы ұзын болады да, қанаты қысқа, екі қанатының шалғысының ұшы сәл ғана айқасқан, ұшар кезіндегі балапанның қанатындай ғана көлемді. Аңға екі түспейді, өте мерген түседі, нағыз қырандықтың белгісі
Бүркіттің қаптал қауырсынының сыны:
1.Терек жапырақ. Алма жапыраққа қарағанда күйшіл, қалыпты орта етімен ұстағанда, баппен қайырғанда аңға бара береді.
2. Алма жапырақ .Жүні дөңгелек, теңбіл. Күй тартпайды, нағыз қыранның белгісі, өзі табиғи бабында тұратындықтан аңкөс.
3.Тал жапырақ. Бұл өте күйшіл, аң алуы сирек. Қаптал қанаты тал жапырағы секілді ұсақ бедерлі болғандықтан солай аталады. Бұл құсты аса баптағанда ғана аң алады, өте бап талғайды.
Бүркіттің балақ жүнінің сыны: Балақ жүні қысқа болса аңға салымы аз дейді, бұл саршегірдің балақ жүні төгіліп тұрғандықтан оны қандыбалақ деуге болады.
Бүркіт санының сыны:
Саны толық тұтамнан асып тұрса, шоқпар сан құс деп атайды. Саны бір тұтам, бір елі болса ол түлкілік дейді. Ал бір тұтамнан кем болса, сарша болады. Бұл балуандықтың белгісі. Санының мөлшері алып құстарда бір тұтам, төрт еліге дейін жетеді.
Бүркіттің саусақ сыны:
Бүркіттің төрт саусағы болады.
1.Тегеурін. Бұл артқа қарап тұрады. «Тегеуріні тегіс тисе шегедей» дейді.
2.Жембасар. Тегеурін мен жембасар екеуі аңға түскенде нағыз көмек болады. Кейбір құстардың жембасар тұяғының екі жағында қылыштай қыры бар, оны болат дейді. Бұл қырандықтың белгісі.
3.Шеңгел. «Тегеуріні темір үскідей, шеңгелі шегедей» дейді.
4.Сығым немесе аңқағар.
Бүркіттің тұяқ сыны.
1. Шеге тұяқ. Аңға шеге тұяқ тез кіреді, қарымды.
2. Сырға тұяқ, немесе үкітұяқ. Күші әлсіз, жіңішке сарша құс, яғни қыран емес құстың белгісі.
3.Аю тұяқ. Өте қарымды балуандықтың белгісі. Бұл – нағыз қыранның белгісі.
Бүркіттің табан астындағы бүршігінің (томарының) сыны.
Бүркіттің табан астындағы бүршікті томар деп те тайды.
1.Аютұяқ құлтабан. Бұл жұмыскер құл секілді табаны қап-қара құжыр-құжыр, жарылған божыр, жалаңаяқ жүрген құлдың табаны секілді қайтпас қарулы деген сөз.
2. Шеге тұяқ ұлтабан. Бұл да қыранның белгісі, томары сиырдың тіліндегідей ұсақ-ұсақ бүршікті, қышырлы болып келеді.
3.Сырғатұяқ майтабан. Ол саршаның белгісі, онда бүршіктер аз болады, қыран емес.
Сонымен бірге ел аузында айтылып жүрген «Қарақасқа қыран» деген болады. Әдетте бүркіттің құйрығы 12 тал болады, ал қарақасқа деген ерекше қыранның құйрық саны 14 болады да, ең шеткі қысқалтаң екі құйрығы шымқай ақ, ал құйрығының дәл ортасындағы екі құйрығы тарлан болмай меңсіз қара болады да, оны сол себептен «қарақасқа қыран» дейді қарт сыншылар. Мұндай құс зады аса сирек болады. «Қара қасқа қасқыр алады» дейді ел сондықтан. Сонымен бірге «қыжалы қыран» деген ұғым бар. Оның қанатының астыңғы сербегінен, яғни қанатының астынан жеке шыққан бір сүйем, немесе бір қарыс иіріліп байланып шыққан қысқа бір тал қауырсыны болады. Ол аңға оқталып сұпталып, біздің тілмен айтқанда шоқпардай болып денесін жиып шүйілгенде қанатының астынан ызылдаған, уілдеген ерекше бір дауыс шығарып, түлкінің зәре-құтын ұшырады.
Бүркіт аңға 3 түрлі порымда түседі.
1.Сыпырып түседі. Таңнан іліп бір қарыстан бір қарыс сыпырып әкетеді. Бұл күшті құс болғандықтан жер жастап барып, қармаулы, қуаты мығым болғандықтан сыпырып әкетеді.
2.Іліп түседі. Таңнан іліп әкетеді де, қайтадан қайырылғанда тұмсықтан ұстап әуеде бүктеп өлтіреді. Бұл да салмағы ауыр, өзіне сенімді қарымды қыран. Ақырын білдірмей жер жастанып келеді де түлкіні жанасалап кеп іледі. Бұл шылқанат құс. Түлкіні жанынан іліп әкетеді. Түлкі аспаннан келеді деп сақтанып тұрғанда білдірмей келіп бауырынан іліп әкетіп өлтіреді.
3. Шаншылып түседі. Тасқа, бұта бүргенге, сидаға түскіш, тасқа соғылғыш болады. Бұл құстың салмағы жеңіл болғандықтан әуелеп келіп, екпіндеп, соғып барып түлкіні алатын қыранның белгісі. Алайда бүркіттің өз өміріне қауіпті болады. Яғни салмағы жеңіл болғандықтан аспаннан қатты екпіндеп түседі де түлкіні жазым етеді. Бірақ мұндай құс көбінде тасқа, бұтаға түсіп қапыда қаза болады.
Экспедиция кезінде Шіңгіл ауданы құсбегісі Дәукей ақсақал құстың тұқым-жұрағатын да, бағасын да ажыратып айтып берді. Ол мынадай:
Қазақтың билік құн жүйесінде қыран құс, түзу мылтық, жүйрік ат үшеуінің бағасы бір, бұларды үш жақсы деп тең дәрежеде құн кескен. Алтай бүркітін сынағанда «қылыш тұмсық, қысық көз, ақиық», мұны «қызға берместің өзі» деп бағалайды. «Ойдың ор құсы» деген де бар, оның иығы ор болады, оған арнап «Тапсаң құстың орын сал, таппасаң зорын сал» дейді халық.
Ақсақалдың айтуына қарағанда құстың ру-жұрағаты төмендегідей: Ақиық Алтайда, Саршолақ Қобдада, Қарагер Боғдада, Ақшегір Нарында, Сабалақсары Сауырда, жасыл құс Анамбар тауында, ақ бүркіт Африкада мекендейтін көрінеді.
Ақеділ Тойшанұлы,
филология ғылымдарының кандидаты