Хамит Есаман. Ақын қылып жібердік Көктөбені

/uploads/thumbnail/20170708151245924_small.jpg
Хамит Есаман 1986 жылы 16 тамыз күні Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылында дүниеге келген. Өлеңдері республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып келеді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламасы бойынша 2008 жылы «Жалын» баспасынан «Ағаштың бүрі», 2013 жылы «Жазушы» баспасынан «Қараша хаттары» атты өлеңдер жинағы жарық көрген.                                                                                           * * *                               Ойым бүрлеп, сәуле түсіп санаға, Ақын болып кетем ертең қалаға. Қош айтыстым жазығыма жусанды, Ұзақ қарап сағымданған далаға.   Көңіліме тұрғаннан соң дем беріп, Кер даланы қия алмаймын сенделіп. Кетем бірақ, Сосын ақын боламын, Өмірімді бақ пен сорға тең бөліп.   Ши түбінен қол бұлғайды шат күнім, Балауса күн, Таңдай тескен тәтті ұғым. Кетерімде тарап едім кекілін, Көз алдымда мұңайғаны ақ құлын.   Перзентіне иігендей жер төсі, Мейірленді бүкіл ауыл өлкесі. Алатаудай арманымды арқалап, Қала жаққа шығып кеттім ертесі.   Тоқтамаймын таңға асатын торыдай, Таусылмайды ұшығы жоқ жол ұдай. Көзім алды тұманданып барады, Қарашы, Ақын болам деген сорым-ай.   Көңіл шіркін ақ құлындай жетім-ді, Түсіме енді... Мені іздейтін секілді. Қимастықпен елжірейді алыстан... ...Құла тай боп кекілді.     * * * Аллаға болсын құлдығым... Төрт кітапта айтқан он сегіз мың ғалам шындығын. Жеті қат жердің үстінде өмір зырлайды, Періштелер мен ақындар көрмей бір-бірін.

             Күн батып, тағы таң атып, Ән салсын құстар жұртты өзіне қаратып. Жеті қат көктен ақ періштелер түседі, Ақындарға өлең таратып.   Таңсәріде жазып қойған хатым бар, Халайық, соны оқыңдар. Ақ өлең көкке құс болып ұшып кетеді, Кездескен күні періштелер мен ақындар.                                    БЕЙУАҚТАҒЫ САҒЫНЫШ   ...Өлтіріспе сен мені!                                                            Мейірхан Ақдәулетұлы                                   Мен саған бейуақта келдім, Шықпадың... Бәлкім, өле алмайтындығыма сендің. Бәлкім, аңсағанымды сезбедің, Әйтеуір, қылықтарыңа көндім. Ойлайын десем сене де алмаймын, Ойламайын десем өле де алмаймын. Сол кезде бейуақта жылап тұрдым, Жұбатар жан жоқ... Ал сені көре де алмаймын. Тағы да бейуақ... Аулаңда жүрмін, Ғұмырына алаңдап үлбегей гүлдің. Көз жасымды түн келіп сүртеді, Мен тұрмын... Рахымын көріп түннің. Солай... Бейуақта келдім, Шықпадың, Бәлкім өле алмайтындығыма сендің. Бәлкім аңсағанымды сезбедің, Бірақ... Түсінсең... Келмейді өлгім.                                      ҰЛЫ АРМАН   Ғаламның түйсігін қозғаған, Дүниеде еш ақын жазбаған- Ұлы жыр бастағым келеді, Баурына басатын боз далам.   Фәниге алғашқы әм соңғы рет келгесін, Елемей өлеңнен өңгесін, Төрт шумақ ұлы жыр жазсам-ау, Жұбатып жалғанның пендесін.   Ұлы жыр тек тартса жұртымнан, Артылса мыңжылдық ұрқымнан. Барлығын білген күн, тыйылар- Айбатын шеккендер сыртымнан.   Өлеңге қайғымды қосқанда, Аңсарым ауады аспанға. Құс жолын бетке алып кеткенмен, Айналсам мыңжылдық дастанға.   Фәниге ақын боп келгесін, Елемей өлеңнен өңгесін Ұлы жыр жазармын, Тәңірім – Ұмытып кетпесе пендесін.   Қанатын қыранша қомдаған, Қыранша зау көкке самғаған. Тарихта санаулы-ақ ақын бар, Ұрқына ұлы жыр жалғаған.     * * * Бұйра бұлт тау басынан көшкен еді, Қырларда қызыл гүлдер сескенеді. Жер бауырлап ағады ақ бұлақтар, Мен неге түсінбеймін ештеңені.   Мұңын неге білмеймін мына әлемнің, Өкінішін қайтеміз құба белдің. Өмірге жылап келген жан едім ғой, Келмей ме әлдеқандай жылап өлгім.   Өз сорым ба ұлы ақын бола алмаған, Енді өмірге келмейді жоғалған ән. Аққудың күйін неге толғамаймын, Айдынына қайтадан оралмаған.   Оралмады әдемі құс аққанат, Сұлу сазын сорына тұсап, қамап. Сарғайған жапырақты жинап жүрмін, Қарайып кеткен гүлді құшақтап ап.   Мен неге түсінбеймін ештеңені...   * * * Бір иіскеп шашыңнан, Ғазал өріп кетермін. Жазығымды жасырған, Қарызыңды өтермін.   Гүлден өрген тәжіңді, Есіме алсам егілем. Айта жүріп назыңды, Қоштасыпсың менімен.   Аңсап шексіз зеңгірді, Өзімді-өзім алдаппын. Сен сүйетін зер гүлді, Мен құрметтей алмаппын.   Жігін шағып жанымның, Жылап ақты жылғалар. Тәспісіндей Тәңірдің, Тізбектелді тырналар.   Мен де жатам қамығып, Еске түсіп жайраң кез. Күрең күзге зарығып, Күрсінбеші айнамкөз.   Енді бөлек гүлдейсің, Емес бірақ бақта бұл. Арманымды білмейсің, Аққуым-ай ақкөңіл!!!                                МӘЖНҮН ТАЛ   Мендегі жыр, Күзді күнгі нәзік мұң, Мәжнүн тал- Ару сынды бұрымды. Сенің ғазиз жапырағыңа жазыппын, Ең аяулы әрі алғашқы жырымды.   Сол өлеңді мезгіл келіп үзгенше, Мұңайма тек... Жұлдызы сор ақындай. Сағыныштан сарғаясың күз келсе, Менің сүйген сұлуымның хатындай.   Қия алмайсың бірге кешкен дәуренді, Түсіме ендің кей түндері егіліп. Еске салып тұрсың бүгін сәулемді, Қос бұрымың тобығыңа төгіліп.   Мәжнүн тал... Менің көркем ғазалым, Жүрегімнен оқып келген сырымды. Сенің әзіз дидарыңа жазамын, Ең азапты әрі соңғы жырымды.   ҚЫРҒЫЗ ҚЫЗЫНА Айылдан келген нәзік қыз, Ақынның болшы сырласы. Біз де бір өлең жазыппыз, Құлағың салып тыңдашы.   Сөйлесем сөзім жете ма, Ал енді, тыңда өтінем. Қазақтар қалай екен, ә... Ұнайтын шығар шетінен.   Өрімі бөлек жандайсың, Сезімнен көрген сүйініш. Сен қазақ бола алмайсың, Айтары жоқ ол қиын іс.   Кетпегей босқа мұнда кеп, Бекерге қарап тұрмайық. Ақын көп бізде, жыр да көп, Қосылып қане ырлайық.   Мендей қазақты бұл кеште, Тұңғиық ойға батырсаң; Сыйлар ем саған ыр-десте, Ыстықкөл жаққа шақырсаң.   Көкейге сыйла мол үміт, Айылдың арғы жағынан. Сол көлге бірге шомылып, Ырласақ таңға соңынан.   Кенелер едік жұмаққа, Шаттығын сыйлап таңғы арай. Ол күндер келмес бірақ та, Арман-ай, арман, арман-ай.   *  *  * Ертеден бермей жүрген жанға тыным, Араладық көшесін Алматының. Сезім болып төгілді жұлдыздары, Бізге жетер дүние – ай бар ма ақының?!.   Бұл жердегі күй бөлек, Арын басқа, Бұдан артық ғажап сәт табылмас та. Ешқашан он сегізін қия алмайтын, Өлең оқып бергенбіз қарындасқа.   Жоқ ешқандай көңілдің әттегені, Сезіммен жетіп жатты жетпегені. Тымық түнде тебіреніп күй толғадық, Ақын қылып жібердік Көктөбені.   Ақындар, ақ самалдан нәр алғанбыз, Алматымен егіз боп жаралғанбыз. Өмірімді өзгертіп жібергендей, Өлеңіме ғашық боп ақ арман қыз.   Ертеден бермей жүрген жанға тыным, Ғажабын көрдік солай Алматының. Туған жер топырағыңды кешіргейсің, Сол жерде өлең болып қалды ақының.     * * * Бәрін көріп келем мынау жалғаннан, Көресімді көрген сайын таң қалман. Жылап тұрған көңілімді жұбатып, Көзге ілмедім арманымды алданған.   Кеудемде бар Өлең дейтін кітабым, Оқып алып соны қастер тұтамын. Бұлттарға еріп бұйрат жолдың үстінде, Ғазал еттім ару қыздың жұпарын.   Ер деп жүргендердің көріп ездігін, Өз көзіме елестеді өз мінім. Көңіл үшін күнә жасап алдым да, Аман қалдым болмаған соң кездігім.   Тәубасы жоқ тәкаппар да болып ем, Көзге ілмейтін жасағанын қолымен. Шексіз ғалам шер-күнімді үдетіп, Кетіп тындым ақындықтың жолымен.   Болғым келді ақиқаттың елшісі, Жалқы шындық – жүрегімнің емшісі. Бәрін көрдім, Енді қалған тірлікте, Өлең шығар өмірімнің еншісі.       ӨЗІМЕ САУАЛ   Тағдырыммен таласып, Үдей түсті кеселім. Ай аманда адасып, Ақын болған – не сорым?!   Не үшін өлең жазамын, Сөз көремін түсімде. Адамзаттың азабын, Айтып өту үшін бе?!   Айнымайын сертімнен, Антым кетсін ішімде. Рухымды өлтірген, Езді көру үшін бе?!   Тоңбайтұғын ызғарға, Жүрек әлі күшінде. Көзін сүзген қыздарға, Сезім сыйлау үшін бе?!   Арманда өлген ақынның, Мұңын тану үшін бе?! Ауылдағы әкімнің, Қыбын табу үшін бе?!   Талайыммен таластым, Басқасында ісім не?! Арда туған Алаштың, Жоғын жоқтау үшін бе, Не үшін өлең жазамын...   Ешкім маған сенбеді, Сенбей кетсін сенбесе. Танымаса ол мені, Танытайын ендеше.   * * * Жасымнан сүйдім жырды әсем, Көңілім көлдей тасқанда. Сұлтанмахмұттың құрдасы ем, Жалт ойнап өткен аспанда.   Тудырып талай алыпты, Көкейі сөйтіп бусанған – Сүйе алмай келем халықты, Халықтан сол бір тусам да. Өкініш жатыр өлшенбей, Кеудемде мұңды ой ісініп; Қазақты сүйіп өлсем ғой, Алаштың қадірін түсініп.   Дерт екпей біреу жараға, Қалмайын түсіп табаға. Ұлмын ба ұлтын сүйетін, Құлмын ба жүрген жораға.   Өмірмен жалғыз сырластым, Көңілдің кірін кетіріп. Сұлтанмахмұтпен құрдаспын, Мұңдаспын десем өтірік.                                                                 * * * Білші мені – Сүю дейтін ғажайып тылсым еді. Өмірінде өртеніп көрмеген соң, Өлең жазып бір ақын күрсінеді. Сөзінен сүйегіне мұң сіңеді.   Оған тек сеніменен баянды әлем, Жүрегінде өзің деп оянды өлең. Бірауық Мұқағали жайлы ойланып, Шарап ішіп тұрады Хаямменен.   Оның жанын таң сайын тербетті үміт, Көзінде тұр сезімі мелдеп тұнық. Жыр жазады қиыннан қиыстырып, Бүгінгінің Жібегін сен деп біліп.   Сен бөлек мемлекетсің, Жырақтасың, Қайтесің, өмір солай сынатқасын. Көзіңнен көркем әуен төгілгенде, Қалайша бір көргеннен ұнатпасын.   Ақын еді ол арманын алдамаған, Тағдырын өз қолымен таңдамаған; Қос дүние бақытына кенеледі, Ақындардың сауабын алған адам –   Сол үшін де сүй келіп шәйіріңді, Тәуекел, теңізге сал қайығыңды. Көп сезімнің бірі емес оның жыры, Оның сөзі ерекше қайырымды...                                                           * * * Дүниеге оқып тұрамын құлшынып өлең, Көңіл ұғысып тағдырдың тылсымыменен. Ал, мұң ойнаса жанымның пернелерінде, Көзім алдында қалады қырсығып әлем. Тыңдайды әрбір сөзімді қадала қалып, Мен жыр оқимын жалғанды жағадан алып. Шулы аламан шаһардан зеріктім бе екен, Өмірді біліп қайтайын далама барып.   Қараша желі тонады бағымның гүлін, Жапырақтары өртенді жанымның бүгін. Әнім көп еді аяулы ақ таңда түскен, Сұлу қыздарға сыйлайын әнімнің бірін.   Әсем сазымды жалғанның сағымы арбайды, Әз армандарым өзімді тағы да алдайды. Гүл құшақтаған сұлулар болмаса егер, Ғалам да мынау мұңымды қабыл алмайды.   Әнімнің солай бұзылды ырғағы әдемі, Әлдилеп шығар ақ таңға мұң ғана мені. Ақыретке дейін арманы үшін алысқан, Дүние қашан ақынды тыңдаған еді.   Түсініксіздеу тілге еніп тіршілік бара, Ай божырап, қарайды Күн сынықтана. Ақын екенімді дүние білмейтін шығар, Білсе егер тыңдар еді ғой күрсініп қана.                                                      ҚИСЫҚ БҰТА   Дегейсің оқысаң жырдесте мұны, Бұл күні мен ақынның тағдырымын. Өмірімнің өзгеше естелігі, Қисық бұта биыл да жарды бүрін.   Құдай сөйтіп қисық қып жаратқан да, Сол бұтаның өзінен сыр аңсадық. Алланың пейіліндей әр ақ таңда, Отырады бозторғай бір ән салып.   Мен жатамын сыр толғап қара кеште, Сіңіре алмай бойыма мәңгі мұңды. Қисық бұта айнытпай салады еске, О баста қисық біткен тағдырымды.   Құстың әні – сұлудың сәлеміндей, Белгілі еді бір сәтті сағынғаны. Қисық бұта қисайған өлеңімдей, Болмаса мінезімдей қанымдағы, Қисық бұта... Ол – менің тағдырым...                                                                 * * * Қос арманды жетелеп аппақ үміт, Сыр бөлістік екеуміз баққа кіріп. Мен шіркін жыр оқығым келіп еді, Сен болсаң сөйлеп кеттің ақтарылып.   Түсіндім, салдың бәрін жайып тегі, Өлең екен сезімнің айыпкері. Сұлу шырақ көңілде діріл қағып, Жылап қалды жанымның бәйіттері.   Айналайын, мына өмір білсең егес, Көзді арбайды құбылған мың сан елес. Жұлдызынан талай қыз адасқанда, Түсінбеген тағдырды бір сен емес.   Қос арман қос тарапқа бет түзеді, Тағдыр бірін ұшпаққа жеткізеді. ...Сенің көзің мөлдіреп еске түссе, Кеудемдегі сол күнгі кекті үзеді.   Тағдырымды түсінбе сызы басым, Енді оған несіне қызығасың. Кінәлі болса көңілім тек сен үшін, Жырымды да оқыма, бұзыласың.                                                           * * * Мен Ташкентте өлер ем – Алматы бар, Тек мен ғана түсінем ол қаланы. Есенғали Раушанов   Көңілімнің тартқанмен оң қабағы, Жүрегім тоқсан түрлі толғанады. Өлеңім Алматыны айтады ылғи, Мен бірақ, түсінбеймін ол қаланы.   Айтқанмен жиі сәлем құдашаға, Өлең оқып бермеймін сұраса да. Ол да түсінбейді ғой Алматыны, Мен де білмейді екенмін расы, аға!   Жас ақынмын өзімше, ай, қандаймын, Оңашада отырып ой толғаймын. Қайда тұратынымды білмей жатып, Қайда өлетінімді айта алмаймын.   Әуелде жанды құштар қылған сөзге, Керемет бар деп білмен жырдан да өзге. Түсініксіз қалада өліп нем бар, Түсінетін бір ауыл тұрған кезде.   Білмедім, көңілімнің түсі қандай, Келе жатыр әйтеуір ісім оңбай. Түсінбек түгіл мына нән шаһарды, Келемін бір әйелді түсіне алмай.   Өлең оқып бастайтын таңғы аятын, Құрметтеймін ақынның дардай атын. Олар да Алматыны түсінбей ме, Түсінбесе болады қандай ақын?!.   Барсын мені құстардың тізбегі алып, Алматыны білейін сізге барып. Сіз аға, түсінесіз ол қаланы, Ол бүкіл елге мәлім, бізге де анық.                                                  ДҰҒА Келместің кемесіне мініп барам, Қарайды дүние бәрін біліп маған. Бізді жоқтан бар еткен құдіретті, Алланың Хақ екенін ұмытпағам.   Бардан қайта жоқ қылды әмірімен, Қош айтыстым жалғанның жарығымен. Ақыреттің аянын күтіп жатам, Күллі адамзат тұрғанша қабірінен.   Бүгінгі түн - екен ғой түнім соңғы, Жүрегіме төгілген күнім сөнді. Қайыңдардың бұрымы тарқатылмай, Алтынды жаз бәйшешек гүлім солды.   Таулар шөгіп кеткендей асқаралы, Қыраттардың қатулы қас-қабағы. Бұлақ құрғап қалғандай, баулар қаңсып, Жұлдыздардың көзінен жас тамады.   Уа, Алла, құдіретіңе құлдық ұрдым, Шегіне де жеттім-ау бұл ғұмырдың. Өзекке өрт боп түскен өлең бердің, Енді уақыт қылмасыншы жырды құрдым.   Бұл фәниде тұрмайды ешкім мәңгі, Кетіп қалған бақиға көштің алды. Өмір дейтін Ұлы Көш... Ұлы Көште – Я Раббым, жасаған кеш күнәмді!..                                                        * * * Шартарапқа шашылып мұң көздегі, Шайқалып тағдырымның тұр безбені. Бақыттың жұлдызындай айнамкөзге, Ғашық болған ақын ем бір кездері.   Сыйлап едім жанымның жырын бұла, Білмеймін ниетімді ол ұғынды ма?!. Құстардың қанатынан тамған өлең, Арзу болып айтылды бұрымдыға.   Тең көргендей болғанда бақты да біз, Арманымды алдады аққұба қыз... Сол күні жалғыздықтан мұңайдым мен, Ақынбыз, мұңаюға шақ тұрамыз.   Елегем жоқ аспанның күркірін де, Сөйлеп жаттым түндерде жыр тілінде. Содан бері қорқамын жүрегімнен, Тұнатындай қыздардың кірпігінде.   Арудың шәрбатына шөлдегендей, Жатар болды жүрегім емге көнбей. Жүзіне жер бетінің бар тозаңын – Жинап ап, жүрген шығар ол да мендей.    

ЕСКІ СУРЕТ

  Қобызымның бұраймын құлағын көп, Сөкпе Тағдыр өткенді сұрадың деп; Еске түсіп бейуақта балалығым, Жылағым кеп тұрғаны-ай, жылағым кеп.   Пенде болып мойнына күнәні ілген, Қайта сәби бола алмай жыладым мен. Қайран күндер қыздарға хат жазатын, Артынша сөз еститін мұғалімнен.   Кім түсінсін сондағы мұңды біздің, Сезімімді ең алғаш жыр ғып үздім. Сүйгім келіп...амалсыз қайтушы едім, Жанарынан сыр аулап құрбы қыздың.   Қайда кеткен барлығы қызығар күн, Күрең тартып барады жүзім әр күн. Кестеленген ақ көйлек киген қыздың, Бейнесін де көзімнен үзіп алдым.   Болатын үрзада әлем үлесімде, Мен де сәби едім ғой...Білесің бе?! Аяулы азап сыйлаған алғаш рет, Бала ғашық әлі күн жүр есімде.   Құлжадай сорабынан жаңылысқан, Көз ашпадым әйтеуір жабығыстан. Сағынышым – бойдағы басты дертім, Өлер болсам өлермін сағыныштан.                                                     * * * Көңілімнен күрең бұлттар көшті анық, Менің ақын екенімді еске алып. Алқынып жыр оқып бердім дүниеге, Бақытына жеткен жандай кеш қалып.   Жапырағын алдыма әкеп жайған күз, Мезгіл сырын біле алмай біз қайранбыз. Саяжайда сықылықтап күледі, Түнеугүні берген серттен тайған қыз.   Күле берсін...ол бір ессіз көбелек, Мүмкін осы өлең шығар керемет. Енді бәлкім жазбау керек ештеңе, Бірақ, тағы жазып кеттім не керек.   Жыламасын аспаным, Жырдан өзге өмірімді тастадым. Ақындарды өлең ғана сатпайды, Бәрі жалған басқаның.   Өмірімді қосып өрдім ғазалға, Оны құстар көріп тұрған азанда. Өлең сенің түсінбедім жаныңды, Түсіне алсам жазам ба?!.                                    АУЫЛҒА ХАТ   Бүгінде болдық қалалық, Өзгерді солай пешене. Ауылда қалды балалық, Тентектік кетті көшеде.   Қосылдым әйтеу қатарға, Арманым әсте өлмейді. Күн салқын бірақ шаһарда, Жылыту қолдан келмейді.   Әзірге шүкір аманмын, Көндіктім өмір сынына. Күн түгіл мына қоғамның, Үйрендік салқындығына.   Бағынбай тіпті еркіме, Байлады бір ой басымды. Сағынышымның дертіне, Өлеңнің дерті қосылды.   Аңсатып сонау пәк күндер, Қиялым солай баратын. Сырласым болды ақ гүлдер, Мұңдасым болды қара түн.   Білмеймін оның себебін, Тәңірім шуақ шашқан да. Сол менің мөлдір өлеңім, Атымды жазар аспанға.   Қалаймын солай болғанын, Болатын шығар жақында. Айтамын енді қалғанын, Келесі жазған хатымда.                                          МЕНІҢ ЛӘЙЛІМ   Шырын сорып өскендей тәтті гүлден, Қарғадай қыз, баурадың ақтығыңмен. Сәулетті сұлулықтың дүниесі, Сыр тартып жатты сонау пәк күнімнен.   Сені сүйіп шоқ шайнап, жалын кешкем, Көзді арбаған бейнеңді лағыл дескем. Жаршысы ма ең аяулы алтын таңның, Шынар ма едің жұмақтың бағында өскен.   Арман жоқ жаныңда енді жазым өтсе, Жүрегімді ақнәзік назың өпсе. Өмірде махаббаттың зарын тартқан – Адамдар өзіңе кеп тәжім етсе.   Шіркін сезім көрсетпе азабыңды, Жүзіңнен айырмаспын назарымды. Шалқытып сазға қосқан күйші сынды, Саған ғана тыңдатам ғазалымды.   Тозаң өмір жүзіңді жасырмасын, Мен тіріде сен мәңгі қасымдасың. Сен деген сертке берік жүрегіме, Қайғының қара мөрі басылмасын.   Тәңір мәңгі тыныштық таптырғанша, Тәнімді жаннан бөліп лақтырғанаша; Ләйлім сені көзімдей сүйе берем, Махаббат дүниеге сот құрғанша.                                                   * * * Ауыл жаққа барғанмын жаз алдында, Тамырымда тулады ғазал мұнда. Әрідегі өткенім еске түсіп, Сұлу сурет көлбеді көз алдымда.   Аңсап жаттым оралмас көктемімді, Айбозым күн айғақтар өткенімді. Жанып тұрған жібектей жұлдыздар да, Салады еске жұлдызды сәттерімді.   Құрбы қыз да тұратын күліп тәтті, Тағы көрдім түсімде...ол ұмытпапты. Ақ бантикті аяулым кейінгі жыл, Көрші ауылдан кеңпейіл жігіт тапты.   Сол қыздың маған жазған хатын да алдым, Бұл күні мен ең ұлы оқырманмын. Тап сол түні найзағай жалт ойнатты-ау, Мінезіндей біртуар ақындардың.   Құса болып көңілдің кермегінен, Балаң сезім булығып, шерленіп ем. Бұрқыратып мамығын маңайыма, Ұшып кетті ақ қаздар көлдерінен.   Сағыныш қой сол жайлар әрідегі, Сол құрбы қыз сүйеді-ау әлі мені. Өлең жаздым содан соң өртке оранып, Сирегенше жұлдыздар сәрідегі.                

Қатысты Мақалалар