Кеттім ақыр қош енді өскен қала, Саған қарай жүгірмен өкпемді ала. Ештеңе де алмаймын енді сенен, Қалғаны есте ұмтылмас сәттер ғана... Керуен- базар жүк артқан түйесіне, Сатушының жығылмай жүйесіне. Жүрек сенің табам деп қалауыңды, Қанша затты қайтардым иесіне... Болмас тағдыр жазбаса жаныңа құт, Бұйырмас жан келмейді сарыла күт. Мен қайтарған заттарды басқа жандар, Кезекпенен әкетті қағып алып.... Қалағаным қолыма ілінбеді, Басқа жанның қасында күлімдеді. Күн батысты бетке алып жүріп кеттім, Керуенге ілесіп іңірдегі.... Шиелердің гүлдері есімді алып, Бақ ішіне тоқтады көшім барып. Жүрегім жоқ кеудемде дейсің маған, Әлеміме алаңсыз тосын барып. "Мәні болмай өмірдің сен кеткелі, Бір сағыныш жанымды шеңбектеді. Жүрегімді кеткенсің ұрлап алып, Өз қолыңмен бер дейсің емдеп мені" Болмап едім мен қарсы талғамыңа, Жетті ғой деп жүруші ем арманына. Сен дегенде бұлқынад мынау жүрек, Менде кетіп шынымен қалғаны ма? Түсе бердің несіне жиі есіме, Сол сезімнің бас ұрғам киесіне. Көкірегімнен айланып шықпай қойды, Қайтарайын деп едім иесіне... Енді қайт дейсің маған?!!
ҚАЙ ЖЕРДЕ ТҰРАСЫЗ ДЕЙСІҢКөшесі алыппен аталатұғын, Бақтары гүлмен жасанатұғын. Қыраны көкке көтерілерде, Алатау қарттан бата алатұғын. Жүзімді желге сүйдірмейін деп, Тәнімді күнге күйдірмейін деп. Әйнектерімді жапырақ жапқан, Қабаттап лыпа кидірмейін деп. Қыздары сұлу көзі жайнаған, Ғашық болмасқа сені қоймаған. Біреудің жанып бақыт жұлдызы, Біреудің қаңғып соры қайнаған. Қарбалас тірлік санада күман, Біресе жаңбыр біресе тұман. Жағасы жайлау етегі шаһар, Алматы дейтін қалада тұрам. Жыр жазып таусам сияның бәрін, Қағазға ойдың жиямын нәрін. Бір азаматтың алақанындамын, Біраз жігіттің қиялындамын....
КЕШІР УАҚЫТКешір уақыт өткенің қарамай, Қайырылмай кеткеніңе қарамай. Мен оны әлі балайды екем өзіме, Дәстүрлердің шектеуіне қарамай. Екеумізде болған емес келісім, Құр сүлдерім кезіп келед ел ішін. Сол бір жанды жолықтырған мезетте, Тоқтап қалған сияқтысың мен үшін. Жүрегімде сезім салған із қалды, Сағыныш боп сарайымда күз қалды. Ай күзеткен тереземді түн қалды, Бір ақ күнде мұңға оранған қыз қалды. Сонан бері елесі оның биледі, Көз жанары жүрегімді түйреді. Уақыттың тоқтауына ілесіп, Бұрымым да өспей қалды сиреді... Неге ғана сол елеске еремін, Қайырылмасын сезсем дағы кеменің. Сол бір жан кеп тартқанынша өолымнан, Кешір уақыт сенің де жоқ керегің.....
ҚЫРСЫҒАДЫ ЕКЕММазасыз ойлар сен келсең сап тынады екен, Қасыма менің кідіріп бақ тұрады екен. Әуре болып несіне келдің дегенмен, Көңілім сені көргенді жақтырады екен. Қарбаласпын деп сылтауды маңайлайды екем, Бір жүрген күнді еске алып сан ойлайды екем. Келмейтініңді ішімнен сезіп тұрсам да, Сен жақтан келген көлікке қарайлайды екем... Сен үшін қиын белестен аса алады екем, Сонда да бәрін жасырып қасарады екем. Оңаша қалғың келгенін біліп тұрсам да, Топтасқан жанның ішіне апарады екем. ...Көрмесе күнді гүл мұңға тұншығады екен, Тұншығады екен, тұншыққан гүл сынады екен. Шыдамым бітті қырсыға қоймаспын деуші ем, Қырсығады екем бәрі бір, қырсығады екем... .ЖАҢБЫР КЕШТІМ Сол бір оттың сен де көрдің аптабын, Жанған отты жан сарайға сақтадың, Неге маған кінәні үйіп төкпедің, Неге сеннен тарыдай мін таппадым? Жаңбыр кештім. Шыға алмадың шатыр ап, Сені күттім жан секілді ем ақымақ. Күзгі бақтың жұрт жинады жемісін, Екеумізге бұйырғаны жапырақ. Селт еткізбей ішіп- жеген көздер түк, (Оларға да айтылды сан сөздер тік) Назарыңды сен бұрғанда басқаға, Әуенімді мен де айттым өзгертіп. Басқа таудың ұнатқанда баласын, Басқа жаққа қағылғанда қанатым. Сезіп тұрып, сезбгендей тіл қатып, Естіп тұрып естімеген боласың. Қоштасып ем. Білсем дедің себебін, Менде қалып қояд дедім неге мұң. Онсыз дағы жырақта едің неге олай, Айтқанымды түсіне алмай келемін. Өзің жаққа бастамайды жол кілең, Амалсыздан көкжиекке телмірем. Сол сезімді суытар сөз естуге, Не істесем болар екен енді мен!!
ЕРКЕ ӨЛЕҢНесіне жанбас кезде өртенемін, Бейнетпен ақ қағазға тер төгемін. Сен үшін ғұмыр кештім қақ бөлініп, Басыма шығып кеткен ерке өлеңім. Арбалып магниттей жыр күшіне, Сыр ашпай сеннен басқа бір кісіге. Мен қызықтым ұйқастың өрнегіне, Қыз қызықса киімнің үлгісіне. Қалмай қойған қасымнан жанасалап, Ала алмадың жел сөзден арашалап. Өзің билеп еркімді алған кезде, Жүрді өзгелер сыртымнан тамашалап. Қосылмай әуеніне сауық, тойдың, Қасында мұңы бардың қалып қойдым. Сен маған бір сезімді жырлаттырып, Жалғастыра бергенде.... Жауып қойдың. Басқаға, сірә сендей қанықпаспын, Сенімен бірге есейдім, қалыптастым. Сен мені бір арманға талпындырып, Жетемін дей бергенде..... Алып қаштың! Деген ем бақытымнан кешікпеспін, Сағыныш жайлауына көшіп кеттің. Жандардың мені күткен арасында, Қалсам деп ем... Тағы да өтіп кеттің. Жолыққанда өзіңмен мөлдір едім, Одан бетер жыр жазып мөлдіредім. Сезімі тым секемшіл адам түгіл, Ағашқа да, құсқа да.... Елжіредім. Көрдім бірге сенімен жел өкпегін, Түсіп алып алдыңа дедектедім. Мойныма алғаш еркелеп асылғанда, Қайтарып жіберуім керек пе еді? Ерке өлең!! ............................................ Кейде өмірді шекерден де тәтті еттің, Кейде мұңды жастандырдың, жас төктім. Кейде ойдың шүңетіне батырып, Кейде аппақ бұлт үстіне ап кеттің. Кінә сынды түймедей сыр жасырсам, Саған айттым қуансам да аһ ұрсам. Сөз патшасы қадіріңе жете алмай, Кешіре гөр оңды- солды сапырсам!!
ӨЗІҢЕ ТӘН ГҮЛ ЕДІМӨзіңе тән гүл едім қырда күлген, Тұлпар мініп жан болсаң мырза жүрген. Қос дауыспен шырқайық аспандатып, Мен бір әннің сөзі едім, ырғағым ең. Қуаныштан бөркіңді аспанға атып, Қайырмасын шырқай түс аспандатып. Өзің жоқта сол әнді жалғыз айтып, Сағыныштан отырам жас парлатып. Күйді кеудем қойғандай жалын жұтып, Түсіне алмас өзгелер қалімді түк, Осы әнді екеуміз шырқағандай, Айта алмайды басқа ешкім тамылжытып. Сол баяғы өз сертім, өз реңім, Таусылмайтын сен үшін төзім едім. Сыңғырлаған сұп-сұлу сезім едің, Не боларын білмеймін кезігер күн......
ҚАЛСАМ БОЛҒАНЫЕртеме кеш бір айтар арман әнімсің, Үмітімді үзілген жалғағанымсың. Көктем сыйлар көңілге шаттық күлкімсің, Жиі тартқан сен менің оң қабағымсың, Жаным! Көңіліңді қатты айтып қайтармағанмын, Соқса дағы сан дауыл шайқалмағанмын. Бүлдіргенше ағатын елжіреп тұрып, Қандай жақсы ойымның айта алмағаным, Бәрін.... Жапырақтар жаныма діріл қосады, Есіміңді еске алсам мұңым қашады. Күреңітіп сені ойлап күнім батады, Жақсы түске елітіп күліп атады, Таңым. Кескініңе қараймын ойланып қалған, Менің қымбат мүлкіме айланып болған. Кетем десем қолымды жібере салма, Бір сезімге жүрегім байланып қалған, Барым. Осы екен жүректің арқандалғаны, Бір елестің жаныма қалқан болғаны. Кездеспесең кездеспе қиын сәт қой ол, Сезімімнің ішінде қалсам болғаны. Жалын!! ................................................. Қала бердің жан сарайын мекендеп, Әурелендім босқа ұмытып кетем деп, Көргенде алғаш күйіп кетті жүрегім, Ерте неге жолықпадың екен деп! Саған қарай бұрылдым да, қайран қап, Қайта мені тапқандай ед тайған бақ. Аз кідірмей қалып қойдың несіне, Кете бермей бағытыңмен сайрандап. Көктен емес жерден сәуле шашылды, Кеудемде бір толқын тубасылды. Қатарласып бірге несін жүрдің сен, Бір қамшылап өтіп кетпей атыңды? Өтіп кетші! Тұлпарыңды қамшылап. Өр тұлғаңды тобырлардан аршып ап, Көзіңдегі көрмей қалсам мұңды мен, Қала берсем моншақтарым тамшылап.....
ТҮН- ШЫМЫЛДЫҚТүн- шымылдықтың ішінде біздер тілдестік Жұлдыздар анау түскигіздегі моншақтар. Жақын ғып бітті жанымыздағы үндестік Тұмар ғып айды айтатын сырың болса ақтар. Ғарыштан келген шарпыды жылу денемді, Зымырап өтер шақтарым мынау кеңескен. Сенесің түнге, жолдайсың ыстық сәлемді, Жартысы жолда шашылып қалар деместен. Шулаған сөздер. сұқтанған көздер, жоқ бәрі, Дем ала тұрсын біздер үшін де сол тыныш. Алыстағы тау жылжып келгендей қасыңа. Тек сен болған соң билемес мені қорқыныш. Жалтарғым келіп жалт беріп көрдім қанша рет, Кеш болса дағы сезімнің сырын ұғындық. Күтеді бізді сырласып тағы қалса деп, Үкілі үміт тағынған алып шымылдық....