тәуліктік қуаттылық үш жүз тоннаға дейін жеткізіліп, 200 адамды жұмыспен қамтып отыр
«Молпродукт» ЖШС өндірістік қуаттылығы жағынан Орталық Азия аумағында баламасы жоқ бірегей кәсіпорын саналады. Цехтарды жаңа технологиялармен жабдықтаудың нәтижесінде сүт өнімдері Қазақстаннан тысқары жерлерге де жіберіледі. Серіктестік директоры Роза Сүлейменованың айтуынша, бұған дейін күніне 20 тонна сүт өңделіп келсе, қазіргі көрсеткіш 300 тоннаны құрайды. Жұмысшы-қызметкердің саны төрт есеге дейін көбейіп, 200-ге жеткен. Табыс сыры неде деген сауалымызға ол былай жауап берді.
–Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнес субъектілеріне жасалып жатқан қолдауларға сүйене отырып, бағдарламаларға қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша 3,5 миллиард теңге жеңілдетілген несие алынып, кәсіпорын ғимаратын қалпына келтіруге, заманауи құрал-жабдықтар мен қондырғылар сатып алуға, автопаркті жаңартуға жұмсалды.
–Айналасы үш жыл бедерінде қол жеткен жетістіктеріңіз шынында да атап өтуге тұрарлық екен. Істі уақыт талабына сай жаңаша ұйымдастыру сапалық көрсеткіштерге, өнім түрлерінің көбеюіне қаншалықты ықпал етті?
–Елбасы Жолдауларында елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті қойылғаны мәлім. Біздің түпкі мақсатымыз бәсекелестік қарымын күшейте отырып, сыртқы нарыққа шығу болғандықтан, бұл жағына айрықша мән беріледі. Басқа салалармен салыстырғанда, тамақ өнеркәсібінде атқарылатын жұмыстар өте күрделі. Оның ішінде сүт өңдеумен айналысу оңай шаруа емес. Үзіліссіз еңбек ырғағын тұрақты қамтамасыз ету үшін, біріншіден, шикізат қоры жеткілікті болуы керек. Сүт аудандардан, елді мекендерден жиналатындықтан, басы артық шығындарға баруға тура келеді. Әкелінген өнімнің құнарлылығы талапқа сәйкес келіп жатса бір сәрі. Стандарт бойынша ақуыз мөлшері кемінде 3,0-3,1 болуы тиіс. Оның деңгейі 2,5-2,6 бола тұра қабылдауға мәжбүрміз. Екіншіден, табиғи сүт тез бүлінетіндіктен, жергілікті жерлерде қабылдау қосындарын ашу, алыс ауылдардан жеткізу үшін арнайы тоңазытқыш агрегаттары бар автокөліктер жеткілікті болуы шарт. Машақатының көптігіне қарамастан, озық технологияларды кеңінен енгізудің арқасында бүгінде сүт өнімдерінің 30-ға жуық түрі шығарылады.
Біз кәсіпорынды аралау барысында Франция, Голландия, Швеция елдерінен әкелінген құрал-жабдықтардың түгелдей автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейтініне көз жеткіздік. Өндірістік цехтар осептикалық тәсілге көшірілгелі өнімдердің сапасымен қоса сақталу уақыты да ұзартылған. Жабық ыдыстар мен құтыларға құйылған шикізатты өңдеу кезінде бактериялар мен оттегі сорып алынып, керісінше, адам ағзасына қажетті микроэленменттермен байытылады. Табиғи құнарынан ажырамаған сүт өңделгеннен кейін 40 күннен бір жылға дейін бүлінбейді.
Бүгінгі таңда кәсіпорын еліміздің әр қиырынан 18 сауда нүктесін құрып, өз өнімдерін сатумен айналысады. Сапа көрсеткіші мен сақтау мерзімін ұлғайтудың нәтижесінде экспорттау бағытында да тың қадамдар кең өріс алған. Бұл жөнінде басты әріптес– Ресей. Омбы, Новосібір, Краснодар, Екатеринбург, Иркутск, Дондағы Ростов қалаларынан түскен сұраныстың көптігі ескеріліп, тағы бір озық жоба енгізілмек. Яғни, дайын өнімдерді буып-түюге арналған қондырғыны орнату арқылы технологиялық үдерістер одан әрі жеделдетілмек. Сонда тәуліктік қуаттылық 500 тоннаға дейін өсіп, 300 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Цехтағы оператор мамандар Елбасының 2012 жылы осында арнайы келіп, жаңа ғимараттың тұсауын кескенін мақтанышпен жеткізді. Содан бері индустриялық-инновациялық даму жолына түскен кәсіпорын отандық өнімдерді сериялап шығарудың тәжірибесіне әбден машықтанып алған.
– Болашақта Беларусь, Моңғолия елдерімен сауда-саттықты дамытуды ойластырып отырмыз. Ғимаратта бос орындар бар. Оларға йогурт, қаймақ, балмұздақ қоспасын шығаратын жаңа желілер орнатылатын болады. Ең бастысы, білімді де білікті, кәсіби шыңдалған жастарға үлкен сенім артамыз. Жыл өткен сайын олардың қатары толығып келеді, – дейді «Молпродукт» ЖШС-нің директоры Р. Сүлейменова.
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Пікір қалдыру