Басты мақсат бәсекеге қабілетті аграрлық секторды дамыту үшін жоғары білікті инженер мамандар даярлау

/uploads/thumbnail/20170708203636980_small.jpg

Биыл отандық аграрлық білім мен ғылымның көшбасшысы – Қазақ ұлттық аграрлық университетіне 85 жыл толды. Университет ректоры, академик Тілектес Есполовтың бастамасымен бұл білім шаңырағында мемлекет берген тапсырмаларға орай, заман талабымен сәйкес инновациялық бағытта ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Біздің алған асуымыз осынау оқу ордасы тарихындағы ұрпақтар сабақтастығының, оқытушы-ғалымдарының нәтижелі еңбегінің, білімгерлері мен түлектерінің шынайы талпыныстарының нәтижесі деп білеміз.

Инженерлік факультеттің тарихы со­нау 1934 жылдан басталады. Біздің фа­культет елімізде жоғары білікті ин­женер мамандарды даярлауды осы бағыттағы білім мен ғылымды дамыта отырып, іске асыруда. Бүгінгі күн деңгейінде саралап қарасақ, оның қалыптасып өркендеуі университет өмірі­мен тығыз байланысты екендігі ай­қын көрінеді. Факультеттің бірінші деканы ауыл ша­руа­шылығында өзінің ғылыми мектебін құрған ірі ғалым, профессор Иван Васильевич Сахаров болды. Осынау биік тұлғамен қатар факультетіміздің қалыптасуына, бүгінгі деңгейге жетуіне зор еңбек сіңірген ұстаз-ғалымдарымыз, профессорлар М.Р.Алшынбаев, Л.Е.Тәжібаев, И.Қ.Қыпшақпаев, М.И. Рыбаков өшпес із қалдырды.

Бүгінде факультет негізін алты: жаратылыстану пәндері және ақпа­раттық технологиялар, механика және ауыл­шаруашылық техникасын құрылым­дау, аграрлық техника және технология, энергия үнемдеу және автоматика, кәсіптік оқыту және машина пайдалану кафедралары қалайды. Осы кафедралардың жауапкершілігі негі­зінде төмендегі мамандықтар бойынша аграрлық техника және технология, өмір-тіршілік қауіпсіздігі, кәсіптік оқыту мамандықтары бойынша, жоғары білікті мамандар даярланады. Жоғары білікті мамандар даярлау үш сатылы түрде: бакалавриат, магистратура және PhD докторантуралық деңгейде жүргізіледі. Факультетте білімгерлердің жалпы контингенті бүгінде 965 адам. Оның ішінде 738 бакалавр, 217 магис­трант, 10 докторант білім алуда.

Әлемдік деңгейде агроинженерия саласында халықаралық ғылым және білім қоғамдастығына мүше болу арқылы бүгінде факультет алдына бәсекеге қабілетті аграрлық секторды дамыту үшін жоғары білікті инженер мамандарды даярлауды басты мақсат етіп қойып отыр. Басты мақсатқа сай бүгінгі факультеттің миссиясы факультеттің ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметтерін мемлекеттің ғылыми-техно­ло­гия­лық және әлеуметтік-экономи­ка­лық даму басымдылықтарына сай көтерілу болып табылады.

Алға қойған басты мақсатты орындау үшін факультетте түрлі мазмұнда әр деңгейдегі шаралар іске асырылуда. Факультетте арнайы жұмыс тобы құрылып, 2025 жылға дейінгі инже­нерлік факультетінің нарыққа қабілет­тілігін арттыру бойынша стратегиялық даму жоспарын құрудың принциптері анықталуда. Ондағы басты мақсат әлемдік білім беру нарығында университеттің басқа да құрылымдарымен бірлесе оты­рып, факультет қызметін таныта білу, ұжым қызметінің жоғары бағаға иелігін қалыптастыру болып белгіленіп отыр. Мұнда факультет ұжымының әр мүшесінің жоғары рейтингілік баға­ға ие болуы шарт. Сондықтан да фа­куль­тетте университет бойынша рей­тин­гілік бағалау саясатын түсіндіру жұмыстарын жүргізу, оның талаптарының орындалуын қамтамасыз ету және рейтингтік жүйені жетілдіру бойынша ұсыныстар беру істеріне ерекше көңіл бөлінеді. Факультетімізде өздерінің қызметінде жоғары жетістіктерге жете білген ішкі университеттік рейтингілік бағалаудың нәтижесінде 2014-2015 оқу жылы бойынша ТОР 50-ге енген оқы­тушылар қатарында профессорлары­мыз: «Энергияны үнемдеу және автоматика» кафедрасынан Д.М. Алиханов, «Кәсіптік оқыту» кафедрасынан Д.Әдіз­баева, «Жаратылыстану пәндері және ақпа­раттық технологиялар» кафедрасынан К.А. Ахметов болды. Осын­дай оң қызметті бағалау шараларын іске асыру арқылы тәуелсіз білім беру­дегі сапаны қамтамасыздандыру бойын­ша қазақстандық агенттігінің анық­таған 2014 жылғы рейтингісінің қоры­тындысы бойынша «Қазақстанның үздік тех­никалық ЖОО-ның ұлттық рейтин­гі­сі» номинациясы бойынша Қазақ ұлт­тық аграрлық университеті 3 орынды иеленуіне факультет оқытушы-ғалымдарының зор еңбегі жатқандығын ерекше атаймын.

Факультет қызметін жақсартуда кадр­лық фактордың орны ерекше. Сон­дықтан да факультетте әр кафедраны оқытушы-ғалымдармен, басқа да қыз­мет­керлермен қамту ісі жоспарлы не­гіз­ге көшіріліп отыр. Кафедра дең­гейінде шетелден шақырылатын оқыту­шы мамандар әлемнің 100 озық универ­ситет­те­рі­нен болуы ерекше қадағалануда. Соны­мен қатар, кафедра оқытушы-ға­лым­дарының жоспарлы түрде әлемнің озық бі­лім, ғылым орталықтарында білік­­тілі­гін же­тіл­діруі жолға қойылған. Мәсе­лен, 2014-2015 оқу жылында жалпы са­ны 27-ге жететін факультет ғалым-ұстаз­дары біліктіліктерін арттырды. Нәти­­­же­сінде оқу ісінде жаңа мазмұнды әдіс­темелер, зертханалық жұмыстар пай­да­­ла­ны­ла бастады.

Кафедра оқытушы-ғалымдарының шетел тілдерін меңгеру бағытында шаралар қарқынды түрде іске асырылуда. Егер 2012-2013 оқу жылында арнайы тіл үйрену курстарына қатысқандар саны 18 болса, 2014-2015 оқу жылында 32 адамға жетіп отыр.

Білімгерлердің білім сапасын арттыру мақсатында академиялық ұтқырлық оқу бағдарламасымен оқып жүрген білім­герлердің саны арттырылуда. Егер өткен оқу жылында олардың саны 14 болса, осы оқу жылында 25 білімгерді 7 озық оқу орындарына жіберу жос­парланып отыр. Факультетте даярланатын мамандықтар бойынша Ұлы Иштван университетімен (Венгрия), Бела­русь ұлттық университімен, Ангел Кънчев атындағы Русе университетімен (Болгария), Путра университетімен (Малай­зия) және Политехникалық университетпен (Германия) қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру жолдары қарастырылуда.

Факультетте жалпы сандық тұрғыдан шетел тілінде берілетін пәндер үлесін 30 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бүгінде ғылыми ізденістердің нәтижелілігін және олардың мазмұндылығын арттыруда «Агроинженерлік мәселелер және технологиялар» ҒЗИ директоры Ж.С. Садықовпен бірлесе отырып факультет ғалымдары айтулы жетістіктерге жетті. Олардың негізгілері: профессор Ж.С.Са­дықовтың жетекшілігімен орындалып жатқан «Қазақстан Респуб­ликасында ауылшаруашылық машинасын жасауды дамытуды негіздеу» тақырыбындағы ғылыми жоба, сондай-ақ, «Техникалық көру жүйесі негізінде жұмыртқаларды автоматты сұрыптау машинасын жобалау» (Жоба жеткшісі: профессор Д.М.Әлиханов), «Ресурс үнемдеуіш технология үшін машиналар кешенін жобалау арқылы көкөніс өнімін өндіруді интенсивтендіру» (жоба жетекшісі: профессор М.Ж. Хазимов) тақырыптарындағы ғылыми жобалар болып табылады. Факультеттегі ғылыми жобаларды қаржыландырудың қосынды сомасы 48,0 млн. теңгені құрайды.

Инженерлік факультет жағдайында әріптес шетелдік озық білім, ғы­лым орта­лықтарымен өзара ынтымақтастықты арттыру, оларды оқу үрдісіне қатыстыру қолға алынып отыр. Осы бағытта бү­гін­де Солтүстік Дакота штатының универ­ситетімен, Словакия мемлекеттік аграр­лық университетімен, Синьцзянь аграр­лық университетімен, Ресей мемлекеттік аграрлық университетімен, Санкт-Петербург аграрлық университетімен, Беларусь мемлекеттік аграрлық техни­калық университетімен білім беру және ғылыми ізденістерді бірігіп ұйым­дас­тыру бағытында нақты шаралар іске асуда.

Бүгінде факультетте білімгерлердің нақты ғылымен шұғылдануына және өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдай жасау мақсатында нақты шаралар іске асырылуда. Мәселен, ҚазАШМЭҒЗИ базасында кафедралардың оқу-ғылыми филиалдары ашылған. «Байсерке – АГРО» «Амиран – АГРО» «АзияАвто» және басқа да ірі кәсіпорындармен біріге отырып, оқу, ғылыми-өндірістік орталықтар құрылған. Осындай игі шаралардың нәтижесінде білім сапасы, жалпы мамандарды даярлау деңгейі артуда. Біздің үздік білімгерлеріміз республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми конференцияларда жүлделі орындарды иеленуде. Факультет жағдайында иженерлік мамандарды даярлау бойынша Қазақстан-Беларусь және John Deere компаниясымен бірлескен инженерлік мамандар әзірлеу орталықтарын құру міндеті тұр.

Еліміздің ауыл шаруашылығы үшін инженерлік мамандарды даярлауда өзіндік тәжірибесі қалыптасқан жоғары кадрлық, материалдық-техникалық әлеуеті мол бүгінгі инженерлік факультет ұжымының заман талабына сай қызмет ететіндігіне, сол арқылы ел экономикасының дамуына өз үлесін қоса беретініне сенім мол.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар