Кеше Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ), сондай-ақ, еліміздің Ұлттық экономика министрлігі бірлесе отырып, «Назарбаев Университеттің» Жоғары мемлекеттік саясат мектебі және БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен «Мемлекеттік қызметтің дербестігі» тақырыбында семинар өткізді. Іс-шараға еліміздің мемлекеттік органдарының жауапты хатшылары мен облыс әкімдіктерінің аппарат басшылары қатысты.
Семинар бес институттық реформаны іске асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппаратты қалыптастыруды іске асыру, сонымен қатар, Мемлекет басшысының еліміздің барлық саласында ЭЫДҰ қағидалары мен стандарттарын енгізу туралы тапсырмасы аясында өткізілді. Оның мақсаты – автономды мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бойынша ЭЫДҰ елдерінің, атап айтқанда, саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер арасында уәкілеттіліктерді ажырату тәжірибесін зерделеу және автономды әкімшілік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бойынша тәжірибе алмасу үшін ЭЫДҰ-ға мүше елдер мен Қазақстанның осы саладағы жұмысын талқылау.
Семинарды ашқан Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов мемлекеттік қызмет деңгейін арттыру, оны заманға сай дамытып отыру керектігін айтты. «Әрине, мемлекеттік қызметтің дамуы қоғамдағы қалыптасқан дәстүрлерге де, мәдениетке де байланысты. Дегенмен, Абай атамыздың «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегеніндей, біз мемлекеттік қызметті жетілдіргенде, ескі дәстүрлердің кейбірінен арылып, қоғамды алға жылжытатын жаңа тетіктерді енгізе бергеніміз жөн. Себебі, біздің түпкі мақсатымыз – елдің әл-ауқатын көтеру. Алайда, біз бұл саладағы шетелдік озық тәжірибелерді айнытпай көшірмеуіміз керек, тек зерделеп, өзімізге қажетті жақтарын алғанымыз абзал», – деді ол.
Осыдан кейін сөз алған БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел, ЭЫДҰ Мемлекеттік секторды реформалау басқармасының басшысы Эдвин Лау және «Назарбаев Университеттің» президенті Шигое Катсу семинар тақырыбының маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті.
Сонымен қатар, Нидерланд жоғары мемлекеттік қызметінің бұрынғы бас директоры Ян Виллем Век өз еліндегі жоғары мемлекеттік қызметтің жетістіктері туралы өз ойын ортаға салды. Ал Чилидің жоғары әкімшілік мемлекеттік қызметінің техникалық хатшысы, Чили Сенаты заң шығарушы кеңесінің бұрынғы мүшесі Мариана Джоржд-Насименто еліндегі басқарушы мемлекеттік корпусты қалыптастыру үрдісі және мемлекеттік қызмет жүйесіндегі саяси-әкімшілік тепе-теңдікті қамтамасыз ету тәжірибесі туралы тұсаукесер өткізді.
ЭЫДҰ Мемлекеттік секторды реформалау басқармасының басшысы Эдвин Лау, сондай-ақ, ЭЫДҰ жоба менеджері Даниэль Герсон дербес мемлекеттік аппаратты құрудағы ЭЫДҰ елдерінің тәжірибелерімен бөлісті.
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Пікір қалдыру